19 Сәуір, 2014

Ауыл мектептеріне де көңіл бөлетін кез жетті

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылғы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев­­тың Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық білім берудің сапасын жақсартуда ауқымды жұмыстар жүргізу қажеттілігі айтылып, білім саласын дамытуға байланыс­ты нақты міндеттер қойылды. Елбасы қойған міндеттерді орындау, әсіресе, ауылдық жер­лер­дегі білім беру сапасына ерек­ше көңіл бөлуді керек етеді. Өйт­кені, еліміздегі 7402 жалпы білім беретін мектептің 5 776-сы немесе 78 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл мектептерде республика оқушыларының 1 237 мыңы немесе 51 пайызы білім алуда. Бүгінгі таңда, ауыл мектептерінде шешімін тап­паған мәселелер жеткілікті. Бірін­шіден, олардың материалдық-тех­никалық базасы нашар. Арнайы жабдықталған пәндік кабинеттер, зертханалар жоқ. Көрнекі құралдар ескірген. Кітап қоры аз. Шет тіл­дерін оқыту деңгейі төмен. Ауыл мектептерінің 70 пайыздан астамы – шағын жинақталған мектептер. Мұғалімдердің жалақыларының аздығынан, әлеуметтік қорғау, мораль­дық және материалдық ынта­ландыру шараларының толық шешілмеуінен ауылдық жер­лерде жоғары-кәсіби, білікті мұға­лімдер тапшы. Бұл жағдай, ұс­таз кадрларының қартаюына, бір пәннің мұғалімі бірнеше пәннен сабақ беруіне әкеліп соқтыруда. Ауыл мектептері оқушы­­ла­­­­­ры­­ның физикалық, интел­­лек­туал­­дық және шығарма­шы­лық да­муы­­­­­на тиісті жағдайлар жасал­ма­ған. Елі­міздегі спорт залдары жоқ мек­­тептердің 82%-ы (1620 мектеп)­ ауыл­дарда орналасқан. Мектептен тыс ұйымдармен ауыл оқушылары­ның 6,8%-ы ғана қам­­тылған. Ауыл мектептерін ақпа­раттық техноло­гиялармен қамту да өз деңгейін­де емес. Бүгінде кең жолақты ин­тернетпен қала мек­тептерінің 67,2 пайызы, ал e-learning бағдарламасымен 32,4 пайы­зы қамтылған болса, ауыл мек­тептерінде бұл үрдіс әлі басталмаған. Ауыл мектептерін бітірушілер жоғары оқу орындарына түсу кезінде, яғни мемлекеттік грантты жеңіп алуда да бәсекеге қабілетсіз болып отыр. Мысалы, 2012 және 2013 жылдардағы Ұлттық бірың­ғай тестілеудің қоры­­тын­­ды­ла­ры бойынша ауылдық мектеп­ түлек­терінің 21,5 пайызы ең төменгі шекті балды жинай алмады. Жалпы, ҰБТ-ның жоғары балын (70-125 балл аралығы) жина­ған­дардың ішінде ауылдық мектеп түлектерінің үлесі небәрі 29 пайызды құрайды. ҰБТ-ның орташа балы да қалалық мектеп түлек­терінен 8,7 балға төмен. Осы­ның салдарынан ауылдық мектеп түлек­тері жоғары оқу орындары­на мемлекеттік грант есебінен түсе алмай, ақылы оқу орнына бару­ға мәжбүр болуда. Ал, ақылы оқу­ды кез келген ауыл баласының қал­тасы көтере бермейді. Бұл орта білім­ді ғана қанағат еткен, яғни білі­мі таяз жұмыссыз жастардың көбеюі­не, халқымыздың сапалық көр­сет­кішінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ауылдық жерлерде балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі де шешімін таппай келеді. Бүгінде ауылдық жерлер­­де балабақша жасындағы (3-6 жас) бүл­діршіндер саны 350 мыңға жуық­та­­ды. Ал оларды бала­­­бақ­­шамен ­қам­ту 64%-ды құрай­ды. Бала­бақшалар­ға деген қажет­тілік 122 мыңдай орын болып отыр. Бұл – 300 орындық 404 бала­­бақ­ша са­лу­ керек деген сөз. Елба­­сы­мыз­ Н.Ә.Назарбаев­тың биыл­­ғы Жол­дауында қойылып отыр­ған міндеттерді тиянақты орын­дау және елімізде білімді, білік­ті, бә­секеге қабілетті маман­дар даяр­лау мақсатында ауыл­дық жер­лерде мектептер мен бала­бақшалар салуға қажетті көлем­де қаржы бөлу, олардың материал­дық-техникалық базасын ны­ғайту, ауыл ұстаздарының білі­мі мен жалақысын көтеру, аудан орталықтарынан «Дарын» мек­тептерін ашу және басқа да ауыл мектептерінің білім сапасын арттыру бағытындағы қордаланып қалған мәселелер Үкімет, Білім және ғылым министрлігі тараптарынан арнайы қаралып, оң шешуді талап етеді. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты.
Соңғы жаңалықтар