Маңызды саяси оқиғаға санаулы күн қалғанда облыс әкімдігінде референдум өткізуге дайындық барысын талқылаған кеңейтілген отырыс өтті. Оған облыстық референдум комиссиясының мүшелері, департаменттер мен басқармалардың басшылары, бейнеселектор режімінде – қалалар мен аудандардың әкімдері және аумақтық референдум комиссияларының төрағалары қатысты.
Қарағанды облыстық референдум комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов референдумға дайындықтың шешуші кезеңге жеткенін атап өтті.
– Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қыруар жұмыс атқарылды. Бүгінде барлық учаске 100 пайызға дайын деп айтуға болады. Материалдық-техникалық база толық қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлінді. Сайлаушылар тізімін нақтылау жалғасуда, – деді Е.Аймағамбетов.
Отырыс барысында сөз алған құқық қорғау органдары мен бірқатар басқарманың басшылары да референдумға әзірліктің ойдағыдай жүріп жатқанын баяндады.
Еске сала кетсек, облыс орталығы Қарағандыда 179 учаске бар. Онда дауыс беретін сайлаушылар саны 330 872 адам болады. Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жауапты саяси іс-шараға дайындықтың жоғары деңгейде екенін айтты.
Сондай-ақ референдум қарсаңында Теміртау қаласындағы Қарағанды индустриалдық университетінде «Жаңа Қазақстан: жаңа көзқарас» деген атаумен қалалық мәслихаттың депутаттарымен кездесу өтті.
Іс-шара барысында Теміртау қалалық мәслихатының хатшысы Алексей Ломакин «Конституциялық реформалар туралы» тақырыбында баяндама жасап, Ата Заңға енгізілгелі жатқан өзгерістердің өміршеңдігін, өзектілігін айтып, референдумға тұрғындардың оң көзқараспен қарауының өте маңызды фактор екенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ «Референдум – халықтың өз еркін білдірудің бір нысаны» тақырыбында баяндама жасаған Қазақстан тарихы, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Мағира Солтан бұл саяси іс-шараның Жаңа Қазақстан тарихында өте жауапты рөл ойнайтынына баса мән берді.
Қалалық мәслихаттың депутаты Сәуле Дүйсебаева, ҚИУ-дің студенттер парламентінің президенті Арайлым Тілеубектің сөздері де осы арнада тоғысты. Бар мақсат – алдағы болатын маңызды оқиға – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өтетін референдумның ойдағыдай өтуіне бір кісідей атсалысу.
Қарағанды облысы