Аймақтар • 01 Маусым, 2022

Мектеп лигасы мәреге жетті

417 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайда Балалар жылы аясында мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған баскетбол лигасы аяқталды. Биыл қаңтар айының соңына таман басталған ауқымды спорт шарасына Қостанай және Рудный қалаларынан 60 мектеп командасының құрамындағы 500-ден астам жас спортшы қатысты.

Мектеп лигасы мәреге жетті

Турнирді ұйымдастырушылардың бірі Марат Дәуітовтің айтуынша, балалар арасында үш айға дейін созылған мұндай ірі жарыстар өңірде 2005 жылдан кейін өтпеген көрінеді. Сондықтан биыл бірінші рет жалауын көтерген мектеп баскетбол лигасы облыстағы айтулы оқиғалардың бірі екені сөзсіз.

Спорт жанашырлары келешекте аталған бас­кетбол лигасының ауқымы бұдан да кеңейе түсіп, бүкіл облыс мектептерін қамтитынын айтады. Жарысқа биыл баскетбол спорты жақсы дамып келе жатқан Қостанай мен Рудный мектептерінің оқушылары ғана қатысып отыр. Жас баскетболшылар алдымен ішкі қалалық жарыстарда іріктеу жарыстарында бақ сынасты. Одан сүрінбей өткен үздік командалар суперфиналда кездесті.

– Турнирді екі кезеңге бөліп өткізуге тура келді. Алдымен Рудныйда, одан кейін облыс орта­лығында ойындар өтті. Биыл тұңғыш рет ұйым­дастырылып отырған мектеп баскетбол лига­сының қанатқақты жоба екенін айта кету керек. Бұл жоба аясындағы жарыстарды келесі оқу жылы ертерек қолға аламыз. Қазан айының екінші жартысынан бастап, 2023 жылғы сәуірдің ортасына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Мектеп баскетбол лигасының басты мақсаты – балалар арасындағы жарыстардың жүйелі өтіп тұруын қамтамасыз ете отырып, енді ғана өсіп келе жат­қан талапкер баскетболшылар арасындағы ішкі бәсекені арттыру. Өйткені спортшының шеберлігі жоғары бәсеке жағдайында ғана шың­далады, – дейді Марат Дәуітов.

Облыстық спорт басқармасындағылардың сөзінше, жарыс өте бастаған үш айдың ішінде оқу­шылардың шеберлік деңгейінің едәуір өскені бай­қалады, командалардың ойын өрнегі де айшық­тала түскен. Бұл орайда мамандар денешынық­тыру мұғалімдерінің еңбегі орасан зор дейді. Ал турнирді бастан-аяқ бақылап шыққан сарапшылар жарыс барысында балалардың жақсы ойын техникасын, кейбір командалардың кездесуде әбжіл қимылдап, шапшаң шабуылдап, тактикалық ойынның озық үлгісін көрсете білгенін атап өтті.

– Алдымен мектеп баскетбол лигасын тиісті деңгейде ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Қоста­най және Рудный қалаларындағы білім бөлім­деріне шынайы ризашылық білдіргім келеді. Тур­нирге қатысушыларға естелік сыйлықтар, диплом­дар мен кубоктар сатып алып, қаржылай көмек көрсеткен демеушілерімізге де рахмет. Ол кісілердің орны қашанда бөлек. Биыл жарысқа қатыса алмаған көптеген білім мекемесі енді бұл турнирге үлкен қызығушылық танытып отыр. Сондықтан алдағы жылы жарысқа қатысатын командалардың саны едәуір көп болады, – деді Марат Дәуітов.

Мектеп баскетбол лигасының суперфиналында 4-6 сыныптар бойынша қыздар арасында Қос­танай қаласындағы №4 орта мектептің коман­дасы, ал ұлдар арасында Қостанайдағы №1 мектеп-лицейдің оқушылары жеңімпаз атанды. 7-8 сыныптар арасында Рудныйдың №5 гимна­зиясы бірінші орынды жеңіп алды. Ал 9-11 сынып­тар арасында ешбір командаға дес бермеген №5 Қоста­най қалалық орта мектебінің ұлдары мен №29 орта мектептің қыздары жеңіс тұғырынан көрінді.

 

Қостанай облысы