Ақмола облысындағы Калачи ауылы тұрғындарын бір жылдан бері айналдырып келе жатқан екі тәулікке дейін ұйқы құшағынан шыға алмайтын аурудың құпия сыры ашылды.
Бұған дейін аталмыш елді мекенде зерттеу жүргізіп келген түрлі саланың мамандары мұның себебіне жете алмаған еді. Ал Қазақстан кәсіпкерлер форумы Астанадағы өкілдігінің директоры Гүлнар Қуанғанова бұл құпияның жайы белгілі болғанын айтып отыр.
«Бұл ауылда жылдан астам уақыт бойы ондаған адам түсініксіз бір науқастың синдромына ұшырады. Денсаулық сақтау министрлігі оның вирустық та, бактериялық та сипаты жоқ екенін жеткізді. Ал сараптама нәтижелері оның сәулелік ауру екенін де теріске шығарып берді. Біз зерттемелерді сараптай келіп, Калачи тұрғындарының радоннан уланғанын айтар едік. Мұны Томск ғалымдары алған сараптамалар да дәлелдеді», – деді ол.
Гүлнар Қуанғанованың айтуынша, радонның құрамындағы неон, аргон, криптон, ксенондар секілді газдардың есірткілік қасиеттері бар. Мәселен, криптон мен ксенон қалыпты атмосфералық қысымда терең ұйқыға әкеледі.
Ксенон 15 жылдан бері медицинада ота жасау кезінде наркоз ретінде қолданылуда. Ал радонның одан да есірткілік әсері күшті. Бұл газ түссіз, иіссіз, ауадан салмағы ауыр келеді. Суда 50 пайызға дейін ериді. Ауа температурасы төмендеген сайын суда көп ери түседі. Сондықтан да, радон күн жылына топырақтан бөлініп шығады. Ол жертөлелер мен жабық жайларға жиналады. Әсіресе, көктем айларында қар еріп, радон бөліне бастағанда «ұйқы ауруы» күрт белең ала бастайды.
Маман сонымен қатар Калачи ауылы тұрғындарының «ұйқы ауруына» үнемі шалдыға бермейтінін айтып отыр. Оны жеңудің жолы бар.Бөлмені жиі желдету, суды сүзгіден өткізіп ішіп, қарды елді мекеннен алыс жаққа апарып тастаса, аурудан аман қалуға болады.
«Радонды бақылауда ұстауға болады. Радонды емдік шарада қолданып жатқан жерлер көп. Сондықтан, даурығатын ештеңе жоқ. Ол үшін жертөле, жабық мекемелерді желдету, құдық суын тұндырып алу, суды арнайы сүзгіден өткізу, қарды алыс жерге апарып тастау секілді белгілі бір ережелерді сақтаса болғаны», – дейді Қазақстан кәсіпкерлер форумының Астанадағы өкілдігінің директоры.
Еске сала кетейік, «ұйқы ауруы» алғаш рет өткен жылы наурыз, сәуір айларында білінген. Сол күндері 14 пен 70 жас аралығындағы ондаған жергілікті тұрғын әлсіздік, ұйқышылдық, бас айналу, ұмытшақтық секілді белгілері бойынша дәрігерлер көмегіне жүгінген. Ал кейбір тұрғындар екі тәулік бойы тұяқ серіппей ұйықтайтын болған.
Мұрат АЙТҚОЖА.