19 Сәуір, 2014

Табыс кілті – өз қолымызда

317 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық Одақ құру туралы идеясына биыл жиырма жыл толды. Осы кезең ішінде Елбасының бастамасы экономикалық тұрғыдан өміршең ақиқаттығын дәлелдеп, халықаралық жаңа құрылымның жемістері мен игіліктері еліміздің барлық өңірлеріне таралып отыр. Біріккен, салалас кәсіпорындардың құрылуы, қазақстандық мазмұндағы импорттық үлестің артуы соның бір дәлелі болса керек. Бұл жөнінде Солтүстік Қазақстан облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Ысқақов әңгімелейді. – Әңгіменің кіріспесін Н. Ә.Назарбаевтың мына сөздерімен бастағанды жөн көрдім. «Ендігі жерде Одақ үшін шикізат базасы болып қала берер жайымыз жоқ. Қазақстан – шетелдермен жемісті байланыс жасай алатын, сөйтіп, халықаралық абырой-беделге ие бола алатын зор республика. Тек соның кілтін табу керек. Сол кілтті іздемесең, өзінен өзі қолға түсе бермейді. Не болғанда да біздің бұл жүріс туған халқымызға қайтсек жақсылық жасай аламыз деген қам-қарекеттен туып жатыр». Осындай батыл байлам қай жылы айтылды дейсіз ғой? 1990 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда! Кеңес Одағының әлі ыдырай қоймаған кезінде! «Алдымен – экономика, сосын – саясат» реформасына батыл кіріскен Мемлекет басшысы аз ғана уақыттың ішінде елімізді қиындық құрсауынан шығара білді. Қазақстанда 1996 жылы экономикалық құлдырау алғаш рет тоқтатылды! Мәселе, үздіксіз тоқыраудың тоқтатылуында! Мұнай өндіру –16,1, түсті металдар өндірісі 2,7 пайызға көтерілді. Теңге енгізілу қарсаңында инфляция 30,6 пайызға дейін шарықтаса, 1996 жылы 28,7 пайызға дейін төмендеді. Осы жылы Қазақстанға 92,5 миллиард теңге мөлшерінде инвестиция келген. Қаржылық дағдарыс жылдарында да жүргізілген сындарлы да ілкімді саясаттың арқасында тұрақтылық жолынан ауытқыған жоқпыз. Бүгінде елімізді жер жүзінің бәрі таниды. Күннен күнге Қазақстанның абырой-беделі артып, нығайып келеді. Мемлекет басшысы дәстүрлі Жолдауында Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақ мерзімді басымдықтарын және екі кезеңде жүзеге асыру жолдарын ұсынды. Жеті басым бағыт ішінде инновациялық индустрияландыру трендін қалыптастыруға және интеграциялық бағытты өрістетуге ерекше маңыз берілді. Алда экономикада ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімін 4 пайыздан кем қылмау, инвес­тиция көлемін қазіргі 18 пайыздан бүкіл ішкі жалпы өнімінің 30 пайызына дейін ұлғайту, экономиканың ғылыми қамтымды моделін енгізу арқылы экспорттық әлеуетіндегі шикізаттық емес өнімнің үлесін 70 пайызға, еңбек өнімділігін 5 есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру секілді ұлан-ғайыр талаптар тұр. Стратегиядағы осындай басты мақсаттар нақты қағидаттарға негізделіп, одан әрі қарқынды дамуымыздың жаңа әлеуетін ашатын тың мүмкіндіктер болып табылады. Барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыртулар мен қуатты серпілістер елімізді ең дамыған мемлекеттер қатарына қосары даусыз. Бүгінгі күні еліміздің дүниежүзілік экономикаға кірігуі, бәсекелестікке қарым­­­­дылығы үлкен маңызға ие. Елбасы әлемдік интеграция еркін сауда, Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік және Батыс Еуропаны қамтитын Экономикалық одақтан құралатынын атап көрсетіп, өнімді тұтынушылардың орасан зор саны болатын жерге орналастырудың, бұл орайда, бизнес басқа рыноктарда да өзін жақсы сезінуі үшін шыңдалатынын, жұмыс күшінің, капиталдың еркін қозғалысына жол ашылатынын үнемі айтып келеді. 16 миллиондық қазақстандық рынок пен 170 миллион адамы бар кеңістікті салыстырып көрсек, айырмашылығы жер мен көктей емес пе! Экономика дамыған сайын рынок көзінің кеңеюі – табиғи заңдылық. Көп тарапты халықаралық экономикалық жобаларға қатысу арқылы Қазақстанның әлемдік рынокта сенімді өнім беруші рөлі күшейгенін байқауға болады. Нарық жағдайындағы бәсекеге қабілетті экономика мемлекеттің бет-әлпеті, айнасы іспеттес. Халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген өнімдер мен тауарлар шығару тәжірибесі, заман талабына бейімделу үрдістері Қызылжар өңірінде де қалыптасқан. Солтүстік Қазақстан облысы өнеркәсіп кешені дамыған өңірлердің қатарына жатады. 20 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс істейтін өндіріс ұйымдарына жалпы өңірлік өнімнің оннан бірі тиесілі. ІЖӨ-дегі өнеркәсіп үлесі 10,6 пайызға өсті. Өңірдегі сала дамуының негізгі бағыттары ауыл шаруашылығы өнімдері мен машина жасау тауар-бұйымдарын шығару, электр қуатын өндіру және таратумен ішкі рынокпен қатар шетелдік сұраныстарды де өтеуге бағдарланған. Сонымен бірге, құрылыс материалдары, дайын металл, резеңке, пластмасса бұйымдары, химия, металлургия өнеркәсібі өнімдері, киімдер, былғары өнімдері, жиһаз сияқты өнеркәсіп өнімдері де сыртқа шығарылады. Машина жасау облыстың бренді саналады. Бірінші бесжылдық шеңберінде “ЗИКСТО”, “Мұнаймаш”, С.М.Киров атындағы зауыттар экономика өсімін молайтып, сыртқы рынокқа жұмыс істеп келеді. Петропавл ауыр машина жасау зауыты жаңаша серпінге ие. Мұнда еліміздің жетекші кешендері үшін бәсекеге қабілетті жаңа өнім түрлерін шығару игеріліп, инновациялар белсенді түрде енгізіле бастады. Оның бұрғылау кешендері, жүк вагондары, мұнай сорғылары және басқа өнімдер ең жоғары әлемдік сапа үлгісіне сәйкес келеді. Президент әрбір бесжылдықтың нақты нәтижесі экономиканың жаңа салаларын қалыптастыру үлгісіне айналу тиістілігін ерекше атап көрсетті. Бұл тұрғыда қалыптасқан іс-тәжірибелерді өндіріс орындарына кеңінен енгізу ойластырылған. Мәселен, “ЗИКСТО” АҚ елімізде алғашқылардың қатарында жүк вагондары өндірісін игерді, “Мұнаймаш” АҚ “Өнімділік-2020” бағдарламасы аясында өз өндірісін жаңғыртты. “ПАМЖЗ” АҚ, С.М.Киров атындағы зауыт және басқалары даму институттарының қолдауына сүйенді. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы барысында өңірлік Индустрияландыру картасы аясында инвестиция көлемі 41 миллиард теңге болатын және 1800 жұмыс орнын құратын 30 жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытқа дейін сомасы 25,8 миллиард теңгенің 26 жобасы іске қосылды, 1 мыңдай жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасындағы басқа жобалар іске қосылу мерзімі бойынша индустрияландырудың екінші бесжылдығына өтеді. Олардың арасынан 2018 жылы пайдалануға берілетін құрамында қалайы бар 1 миллион тонна кенді өңдеуге арналған Сырымбет тау-кен металлургия комбинатының құрылысы ресейлік кәсіпкерлерді ерекше қызықтырып отыр. 70 миллион доллар инвестиция салынған кәсіпорында 500-ден астам жұмыс орнын құру көзделген. Индустрияландыру картасымен бірге өңір экономикасы үшін бірнеше маңызды жобалар қолға алынған. Биыл Петропавл ауыр машина жасау зауыты энергетикалық қазандық жабдықтарын сериялап шығару жөніндегі жобаны аяқтайды. Мұның өзі кәсіпорынның бірегей өніммен энергетикалық жабдықтар нарығына шығуына және республиканың барлық ГЭС-терін тапсырыспен қамтуына мүмкіндік береді. Индустрияландырудың екінші бесжылдығында кәсіпорындарда инновацияларды енгізу одан әрі жалғасады. “ПАМЖЗ” АҚ “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында Қазгеология Ұлттық геологиялық-барлау компаниясы үшін бұрғылау қондырғыларын бірлесе игеру өндірісіне қатысатын болады. “ЗИКСТО” АҚ жартылай вагондар мен жүк арбашаларын шығаруды, жүк вагондарының қалыпты дәнекерлеу арбашалары үлгісін әзірлеуді жоспарлап отыр. “Мұнаймаш” АҚ ақпараттық терминалдар көмегімен өндірісті қолдау мен бақылаудың заманауи жүйесін игеруде. Киров атындағы зауыт теміржол, мұнай-газ кешендері мен Қорғаныс министрлігі мұқтаждығы үшін радиоэлектронды аспаптар өндірумен, сандық теледидар ұйымдастыруға арналған техникалық құралдарды көршілес елдерге жеткізумен шұғылданады. Мемлекет басшысы алдымызға Қазақстан гео­логия барлау саласы бойынша әлемдік рынокқа шығу міндетін қойды. Осыған орай минералдық-шикізаттық әлеуетін игеру мақсатында бірнеше жоба қолға алынатын болады. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданға қарасты “Бақсы” кен орны мыс пен алтынға бай. Оларды игеру кен байыту комбинаттары құрылысын салуға және шикізатты тереңдете өңдеуге арналған жаңа өндіріс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 1 миллиард теңгенің барлау жұмыстарын жүргізуді қарастыратын келісімшарт жасалды. Айыртау мен Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың қиылысқан жеріндегі “Володарское” кен орнынан полиметалдарды барлау және өндіру қолға алынбақ. Венгриялық компания барлау жұмыстарына 5 миллиард теңге бағыттамақ. Өңірде құрылыс материал­дары өндірісін дамытудың болашағы да зор. Алдағы уақытта құм, қиыршық тас, бетон өнімдері, есік-терезе, сэндвич панельдер, құбырлар және басқа бұйымдар сияқты құрылыста қолданылатын өнімдердің түр-түрі шығарылып, Ресейдің шекаралас облыстарына сатылатын болады. Инновациялық инфрақұрылыммен 3 ғылыми ұйым айналысады. Онда 325 маман ғылыми-зерттеу жүргізіп, оларды өндіріске енгізуге дайындайды. Бұдан басқа, мұнай-газ жабдықтарын жобалауға арналған конструкторлық бюро жұмыс істейді. Бұларда 325 миллион теңгенің ғылыми-техникалық жұмыстары орындалды. Нәтижесінде кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі 10,4 пайызға өсіп, 6019,2 милллион теңгенің инновациялық өнімдері шығарылды. Өңірдің индустриялық-инновациялық дамуы таяу жылдары Петропавл қаласында индустриялық аймақ құруға және оны дамытуға жағдай жасайтын болады. Бүгінгі күні индустриялық аймақ құру тұжырымдамасы әзірленіп, оны орналастыруға арналған 148 гектар жер учаскесі белгіленді. Президент халыққа арнаған Жолдауында 10-15 жыл ішінде ғылыми қамтымды эконо­ми­калық базис жасау арқылы қуатты елдер санатына кіру талабын қойды. Облыс кәсіп­орындары интеграция жағдайында жұмыс істей отырып, әріптес елдер рыногында өзіндік бәсе­келестікті қамтамасыз ете беретін болады. Жазып алған Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.