ТМД елдері ғана емес, Таяу Шығыс елдеріне танымал болған холдинг «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағына салынып жатқан осы зауытты өзінің құрылғанына 25 жыл толу мерейтойының қарсаңында іске қосты. Үш жылға таяу уақытта холдинг 10 млрд теңге инвестиция құйған екен. Құрамында 5 мыңға жуық адам қызмет атқаратын холдинг өзінің Кентау, Шымкент, Алматы, Қызылорда, Орал, Ақтау, Нұр-Сұлтан қалаларындағы кәсіпорындары қатарына енді Петропавлды да қосып отыр. Бұл зауыт Солтүстік Қазақстан өңіріндегі ірі кәсіпорындардың бірі болмақ. Ол жылына 13 мың дана трансформатор шығарып, оның 90 пайызын шетелдерге экспорттайды. Толық қуатында жұмыс істегенде кәсіпорын 400-ге жуық адамды жұмыспен қамтиды.
Ағылшыншасы Alageum Electric деп жазылатын осы компанияны алғашқы болып қолға алып, негізін салған кәсіпкер Сайдолла Қожабаев. Ол өзінің жұмысын алдымен Кентау трансформатор зауытын ашудан бастаған. Түркістан қаласында өмірге келген ол қазір еліміздегі ірі кәсіпкерлердің қатарында құрамына «Кентау трансформатор зауытынан» басқа Орал, Ақтау трансформатор зауыттары, «Алматы электрмеханикалық зауыты», Шымкенттегі «Электромонтаж» АҚ және тағы басқалары енетін Alageum Group корпорациясы бақылаушылар кеңесінің төрағасы.
«Біз өнімдерімізді Армения, Әзербайжан, Ресей елдеріне үздіксіз шығарудамыз. Олардың тарапынан өнімдерімізге еш шағым болған жоқ. Енді осы өнімдер Петропавл қаласындағы жаңа зауытта да шығарылатын болады. Мәскеудің «Мосизолятор» атты компаниясымен 20 жылға өндірістік ынтымақтастық орнатқанбыз. Олар бізге трансформаторға қажетті жоғары вольтті тетіктер жіберіп тұратын. Соның ішінде эмальды изоляцияланған тетіктер де бар еді. Ондайды Ресей алыс шетелден алатын, енді аталған құрал оларға келмейтін болды. Сондықтан эмальдау желісін өзімізде ашуға мәжбүр болып отырмыз», деді «Петропавл электртехникалық зауытының» ашылу салтанатына қатысқан ол.
Осы салтанатқа Мәскеудің «Мосизолятор» АҚ сату жөніндегі директоры Максим Осипов та қатысты. Ол жаңа зауыттың өнімдеріне өз бағасын берді. «Зауыттың станоктары жоғары технологияға барынша сай. Мұндай жерде өнімде ақау болуы мүмкін емес деп ойлаймын. Сенімді жабдықтар болса әрқашан да сапалы өнімдер шығаруға болады», деді.
Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек корпорацияға салықтық жеңілдіктер берілгенін айтты. «Бұл преференциялар оларға 2044 жылға дейін беріледі. Біз «Қызылжар» АЭА» өндіріс орнын ашуға енген барлық кәсіпорынға осындай жеңілдіктер қарастырғанбыз», дей келіп, Alageum Electric өз жұмысшыларына қамқорлық жасап, оларға жеңілдетілген бағаға тұрғын үй салып беретіндерін айтты. «Әзірге олар 40 пәтерлі үйді пайдалануға берді. Одан басқа 104 пәтерлі үйдің құрылысына кірісті. Сондықтан бұл кәсіпорын Қызылжарда түпкілікті тамыр жаюға бет алып отыр деп санауға болады», деді.
Зауыттың ашылу салтанатына Қазақстан кәсіпкерлерінің мүддесін қорғайтын «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев те қатысқан еді. Ол өзінің сөзінде Жаңа Қазақстанды құруда осындай кәсіпорындардың маңызды екенін атап өтті. «Жоғары технологиямен жұмыс істейтін осындай зауыттар көптеп ашылса, еліміздің экономикасының өркендей түсуіне өзінің оң ықпалын тигізеді. Басқа компаниялар да осындай озық кәсіпорындардан үлгі алуы керек», деді ол.
Әзірге жаңа кәсіпорын 1 млрд теңгенің тапсырысын алған. Биыл шығаратын трансформаторлар санын жылдың аяғына дейін 4 мыңға жеткізбек. Әзірге онда 80 адам жұмыс істеуде. Айтуларына қарағанда, орта есеппен 250 мың теңгеден еңбекақы алады. Әрине, өнімдері сұранысқа ие болатын осындай кәсіпорындар ашыла берсе нұр үстіне нұр болар еді.
ПЕТРОПАВЛ