Орталық директоры Эльмира Мырза-Ғалидің айтуынша, байқаудың негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың нығаюына үлес қосу арқылы қазақ әдебиетіндегі шығармаларды насихаттау болып отыр. Байқаудың шарты бойынша Тараз қаласында тұратын 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер анасымен бірге қазылар алқасы бекіткен 9 әдеби кітапты оқып, өз ойларын бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялауға тиіс. Ал екінші кезеңге өткен қатысушылар үш ай бойы оқыған әдеби шығармаларын қорытып, ана мен бала бұл кітаптардан алған әсерін қағаз бетіне түсіріп, бір-біріне сырласу хатын жазуы керек. Байқауға қатысушылар хат жазу арқылы өздері оқыған әдеби шығармаларды талдап, оқырман назарына ұсынды.
Кездесуде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Елен Әлімжан ана мен бала, жалпы болашақ ұрпақ үшін бұл байқаудың маңыздылығын атап өтіп, балаларға өзінің «Анажар» кітабын сыйға тартты. Ал қазылар алқасының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова әрбір бейнежазба мен хаттардан өзгеше әсер алғанын, қазақ әдебиетін, қазақтың сөз өнерін құрметтейтін буынның өсіп келе жатқанын жеткізді. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды оқушы Бекасыл Есіркеп пен анасы Эльмира Есіркепова жеңіп алды. Сондай-ақ екінші орынды Аружан Байрақы мен анасы Сәуле Мұхамедрахымқызы және Кәусар Қайыр мен анасы Гүлмира Ахмағанбетова иеленді. Жүлделі үшінші орын Мерей Тұрсынбек пен анасы Айзат Көшкінбаева және Дина Маербек пен анасы Жанар Түменоваға бұйырды. Сонымен қатар 5 оқушы «Зерделі» номинациясымен марапатталса, қазылар алқасының шешіміне сәйкес Айханым Қайрат пен анасы Үміт Анарбаеваға да арнайы жүлде тапсырылды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйлық берілді.
Жиын соңында келушілер «Анаға тағзым» орталығының фойесінде орналасқан Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Кітаптар қалашығына саяхат» көрме-инсталляциясын аралап көрді. Сонымен қатар көпшілік «Мирас» ата дәстүр залында ұлттық киім үлгілерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Киелі кимешек» көрмесін де тамашалады.
Жамбыл облысы