Аймақтар • 02 Маусым, 2022

Қаңтарылған құрылыс қашан қозғалады?

4459 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атырауда қадасы қағылып, қабырғасы қаланғанымен, «қаңтарылып» қалған нысандар аз емес. Кейбірінің құрылысы басталғанына 10 жылдан асты. Алайда «сақалды» құрылысқа айналған нысандар қашан қатарға қосылады? Бұл сауал әзірге жауапсыз қалып отыр.

Қаңтарылған құрылыс қашан қозғалады?

Мұнайлы шаһарда 12 жыл бұрын концерт залының құрылысы жедел жүргізіліп еді. Оның құны – 3 млрд 681 млн теңге. Әрине, аз қаржы емес. Бірақ қабырғасы әйнекпен көмкерілген концерт залының құрылысы 2012 жылы күрт тоқтады. Сол жылдан бері аталған нысанның айналасында қыбыр еткен жан көрінбейді. Басқаша бейнелегенде, он жыл бойы төрт аяғы шідерленген аттай «қаңтарылып» тұр. Құрылыстың тоқтауына не себеп болғаны да ашып айтылмайды.

Он жылдан бері облысты басқарған әкімдер бұл нысанның құрылысын қайта жандандыруға асық болғаны жасырын емес. Сол үшін бюджеттен тағы қаржы шығаруға дәті бармады ма, әйтеуір бұл нысанға инвестор іздеумен келеді. Қаржы салуға ниет білдірген инвесторлар табылғанымен, олардың тарапынан нақты әрекет байқалмады. Құрылыс саласына жауапты шенеуніктер концерт залын бастапқыда сауда-ойын-сауық орталығына айналдыруды көздеді. Кейін кәсіпкерлер тарапынан оны мектеп, не балабақша ретінде қайта жобалауға ұсы­ныс айтылған болатын. Алайда мұның бәрі тек ұсыныс түрінде айтылып, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалды.

Концерт залымен «құрдас» тағы бір нысан бар. Бұл – монша-сауықтыру кешені. Екеуі де бір көшенің бойында орналасқан. Монша-сауықтыру кешенінің жобалық құны – 840 млн теңге. Аталған нысанның да құрылысы 2012 жылдан бері қайтадан қолға алынбады. Бұған байланысты бастапқы мақсатында пайдалануға беру, не жеке емханаға бейімдеу туралы екі нұсқа айтылғанымен, «бәлду, бәлду – бәрі өтіріктің» кебін киіп тұр.

– Қазір тоқтап қал­ған құрылыс нысандарының саны анықталып жатыр. Сондай нысан­дар­дың қатарында мәдениет ошақ­тары, тұрғын үйлер бар. Қазір нысандар құрылысының не себепті тоқ­татылғанын зерделеп жатырмыз, – дейді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрберген Құсайыновтың мәліметін­ше, қазір бюджет қаражаты есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан 28 әлеу­меттік нысан бар. Оның ішінде 10 нысанға байланысты проблема туындады. Сондай нысандардың қа­тарында 1 мектеп, 4 мектептің жап­­саржайы, 2 мәдениет үйі, 2 дә­рі­­­­-
герлік амбулатория, 1 спорт залы бар. Бұл нысандардың төртеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Мә­селен, Қызылқоға ауданының Мұ­қыр ауылында мәдениет үйінің құ­рылысы тоқтағалы жылдар жылжып барады. Құны 301 млн теңгеге бағаланған нысанның құрылысы 2017 жылы басталды. Сол кезде ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. Өйткені жаңа мәдениет үйі 2018 жылдың күзінде пайдалануға берілетіні жоспарланған еді. Алайда енді оның пайдалануға берілетінінен бұрын қашан қайта жанданатыны нақтыланбай отыр. Ауылдың келбетін бұзған сұрықсыз нысанға айналған мәдениет үйінің шатыры жабылмаса да жиырмаға жуық терезе орнатылыпты. Сонда шатыры жоқ нысанға терезе неге керек? Тіпті бір бөлмесінде терезе жобаланбаған. Іргетасы жарылып жатыр. Осындай кемшілігі де көп, құрылысы да тоқтаған нысанның зарын ауылдағы мәдениет саласының қызметкерлері тартып келеді. Мұқыр ауылдық клубының директоры Асқар Есенғалидың айтуынша, 15 жылдан бері мектептің акт залын жалға ал­ған. Музыкалық аспаптары қуықтай бөл­меде тұр. Өздері де сонда отырады.

– Мектептің акт залын ауылдық клубтың жалға алғаны бізге оңай бол­­май тұр. Өйткені мектептің де өт­­кі­зетін тәрбиелік іс-шаралары бар. Клуб пен мектеп бір мезгілде іс-шара өткізуді жоспарласа, бір-бі­рі­мізге кедергі келтіретінімізді жа­сы­ра алмаймын, – дейді Мұқыр ор­та мектебінің директоры Венера Мырзағали.

Дәл осындай жағдай Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылында да қайталанып отыр. Қазақпен бірге бірнеше этностың өкілі тұратын ауылдағы жаңа мәдениет үйінің құрылысына 260 млн теңгеге жуық қаржы қаралған. Алайда бөлінген қаржы аздық етті ме, әлде өзге себебі бар ма, мәдениет ошағының құрылысы тоқтағалы бес жылға жуықтады. Қазір жаңа ғимараттың «қаңқасынан» басқа ештеңе жоқ. Нысан құрылысына екі рет мердігер тартылғанымен, жұмыс ырғағы байқалар емес. Ал ауылдағы 70 жылдай бұрын салынған мәдениет ошағына жөндеу жүргізілгенімен, ес­кінің ескі екені әбден сезіліп тұр. Сол ескі ғимаратта 80 өнерпазды бі­рік­тірген бес өнер ұжымы жұмыс істейді.

Ал Исатай ауданында 2019 жылы құрылысы басталған 60 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысы әлі аяқталар емес. Үш үйдің құрылысына 1 млрд 765 млн теңге бөлініпті. Осы салаға жауапты шенеуніктер тұрғын үй «жы­рының» созылуына екі себепті алға тартып отыр. Біріншісі – коро­на­­вирус инфекциясының өршуі, екін­шісі – Ақтөбе облысынан қажетті кірпіштің уақтылы жеткізілмеуі.

Дәл осындай 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы Мақат ауданында да мерзімінде аяқталмай қалғаны анықталып отыр. Басқасы басқа, тұр­ғын үй құрылысына немқұрайды қа­рауға бола ма?

– Егер мердігер кестеге сай жұ­мыс істей алмаса, келісімшартты тоқ­татып, басқа мердігерді іздеуі керек. Осылай жұмыс істейтін болсақ, кә­сіп­керлер де осы тәртіпке үйренеді. Құ­рылыс жүргізу ісі қолынан кел­мейтін болса, келесі жолы мұндай жұ­­мыстарға араласпайды. Қазір кей­бір елді мекендерде клуб та, мек­теп те, спорт залы да, асхана да жоқ. Ауыл­­дардың тұрғындары осын­дай әлеу­меттік нысандардың пайда­ла­нуға тез беріл­генін күтіп жүр. Мер­дігерлер тарапынан құрылысты сапа­сыз аяқтау мәселесіне көңіл бөлі­­неді. Сондықтан осындай келең­сіздік­терге жол бермес үшін нақты алгоритм дайындап, соған сәйкес, жұмыс іс­тейміз, – деп талап қойды облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Әрине, әкім орынды талап қойып отыр. Алайда мердігерлер бұл та­лаптың үдесінен шыға ала ма? Бұған төреші – уақыт. Ал өңір жұрт­шылығы әсіресе, әлеуметтік нысандардың құрылысы сапалы әрі мерзімінде пай­далануға берілгенін күткелі қашан?

 

Атырау облысы