Бейжің Олимпиадасының алдында көркем гимнастиканың білгірі, тәлімін көрген шәкірттері Олимпиададан әлем чемпионатына дейінгі аралықтардағы жарыстардың бар жүлделі орындарын бөлісіп жүретін даңқты Ирина Виннер былай деген.
“Бейжіңде топ жаруға лайық төрт-бес көркем гимнасшы бар. Солардың бірі – Әлия Жүсіпова”.
Виннер әрине, Әлияның төлқұжатқа жазылып кеткен тегімен Алия Юсупова дейді. Өзіміз Алияны Әлия деп қазақшалай қоямыз да, фамилиясына келгенде қазақшамыз таусылып қалады. Юсупова деген соң спорттағы жұртты қойып, өзімізде де Әлияны көрмегендер татар қызы шығар деп шатасып жатады.
Шындығында ешқандай қоспасы жоқ қазақ қызы ғой. Әкесі Мақсұт бокстан Оңтүстікте алғашқылардың бірі болып спорт шебері болған. Әлия Жүсіпова Сәуле Барлыбаева, Алтын Батырбекова әпкелерінің жолын қуып, ұзақ жылдар бойы әлемдегі үздік бестіктің ішінде болды.
Сол Әлиямыз үлкен спортпен қоштасты. Туған халқына, сүйікті Отанына көркем гимнастиканың алтынын сыйлау үшін барын салғаны анық. “Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады” дегендей, қайсында да Әлияның кері тартқан жері жоқ. Жеңіл атлеттердің бақыты мәреге қалай келгені секөнттердің шашылып қалған қиқымына дейін жаңылмай есептейтін құралдары арқылы анықталатындығы. Ал, қазылар алқасы анықтайтын спорт түрлерінде пенделік деген болып жатады.
Қазылар алқасына сөзі өтер ықпалды ағайының болмаған жағдайда қанша жерден талантты болсаң да шекесі қырыстанып, ұйқысы шала болған біреуі көкейіндегі спортшының алдына шығып кетпеуі үшін ұпайыңды төмен бере салса бітті.
Әлия осы қиянатты көп көрді.
Афина Олимпиадасында кемінде күміс медаль алуы керек еді, көрермендердің жер тепкілегеніне қарамай олжасын көпе-көрнеу техникалық қате жіберген Ресей қызына алып берді.
Бейжің Олимпиадасында да украиналық Бессонова мен қазақ қызы Әлияның өнері қайта қаралып, ұпайлары жоғарылатылғанын көзіміз көрді.
Бәзбір ағайындар арасында Әлияның үлкен спортпен салтанатты қоштасатындығы сөз болғанда “ол алтын медаль алған емес, ондай құрмет не керек” дегендері де болған. Мұнымыз да пендешілік. Көркем гимнастикадағы көркем қызымыз алтын ала алмай жатса, сондай аламанға ықпалды әділқазы дайындай алмай жүрген өзіміз кінәліміз.
Елбасыға рахмет. Шымкентке келіп, спорт сарайында спортшылармен кездескенде “Әлия, мен сенің жеңетініңе сендім” деді. Облыс басшысына Әлияға жеке гимнастика мектебін салу керектігін айтты. Әлия тұрмысқа шыққанда Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов тойға арнайы келіп, Елбасының атынан автокөліктің кілтін ұсынды. Әлияның бағасын білу деген осы.
2006 жыл. Катар. Дохада Азия ойындарының байрақты бәсекесі қызып жатыр. Ақ көйлегі қызыл тобығын жауып жүретін, аузынан алласы түспейтін арабтар етегіне сүрініп жүретіндей халде емес. Спорт сарайлары бірінен-бірі өтердей сәнді, алып түндігі бәске түскендердің буынан желп-желп етеді.
Қазақтың бота тірсек, бота көз аруы Әлия Жүсіпова көркем гимнастиканың төрт түрінен өткен сынында бар алтынды бір өзі сыпырып алды. Командалық есепте де Қазақстанды алға шығарарлықтай ерлік жасады.
Екі өкпемізді қолымызға алып арасын жұқа шатыр бөлген күрес залына асықтық. Роман Мелешин ақтық сында айқасып жатқан еді. Бір кезде айқай-шуды тұншықтырып Қазақстаның әнұраны ойналды. Әлияның құрметіне. Әлияның үзеңгілес серіктерінің құрметіне.
Осы кезде Роман төрттағандап жатқан қарсыласын жерден қап көтергендей салақтатып жұлып алды. Шеке тамырлары білеуленіп сәл тұрды да оң жақ қапталға бір-ақ ұрды.
Роман Мелешин де Азия ойындарының жеңімпазы. Алып сарайды қуанғаннан мойынымызға іліп кетердей халде жүрміз. Соңынан Роман айтты ғой. Қазақстанның Әнұранын естігенде кеудеме алапат күш бітті деп. Солай. Әлия өзі ғана алтын алып қоймай серіктеріне және Шығыстың балуанына да алтын ұстатқан.
Сол Әлия, Азияның екі дүркін абсолюттік чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Қазақстанның он дүркін чемпионы, Афина Олимпиадасында төртінші, Бейжіңде бесінші орын алған, талай халықаралық турнирлерде мәреге маңдайы жарқырап дара келген Әлия Жүсіпова үлкен спортпен қоштасты.
Шымкенттегі Қажымұқан атындағы стадионға халық көп жиналды. Даңқты қызын атына сай шығарып салу үшін. Облыстық мәслихаттың хатшысы Әбілқасым Досболов ағасы құттықтап, облыс әкімдігі атынан автокөлік кілтін ұсынды.
Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов ҰОК-тің “Алтын” орденін табыс етті. Әлия оқыған М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, академик Уәлихан Бишімбаев Әлия Жүсіповаға арнайы ашылған көркем гимнастика мектебінің кілтін ұсынды.
Тұңғыш рет көркем гимнастикадан өткізіліп отырған халықаралық турнирге Әлияның үлкен спортта бәсекелесі, былайғы өмірде досы болған әлем чемпионы Ольга Капранова өнерін көрсетті. Әлияның құрметі үшін. Облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасының бастығы Болат Қырықбаев халықаралық турнир өз мәнінде өту үшін көп жұмыс жасады. Ойдағыдай өткізді.
Әлия Жүсіпованың гимнастика залында 11 команда арасында өткен турнир тартысты болды. 2000-2001 жылы дүниеге келгендер арасында Мәдина Нұрғали (Қарағанды қаласы) бірінші орын алса, екінші орынды Диера Хакимова (Өзбекстан), үшінші орынды Аружан Әнуарова (Тараз) жеңіп алды. 1998-1999 жылғылар арасында бас жүлде ресейлік Юлия Бравиковаға бұйырды. 1996-1997 жылғылар арасындағы жарыста тағы да Ресей қыздары дараланды. Юлия Никольская – алтын, Дарья Колобова қола медаль алды. Астаналық Әлия Асылова күміс медальді еншіледі.
Әлия Жүсіпова бүгінде Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы. Әділ қазылардан қысастықты көп көрген қызымыз халықаралық төреші сертификатын алды. Құдай қос көрсе, көркем гимнастикадағы спортшыларымызға бас-көз болады.
– Азды-көпті еңбегімді ескеріп, салтанатпен шығарып салып отырған ағаларымызға, халқымызға рахмет, – деді ол. – Бірақ, мен спорттан түбегейлі кеткен жоқпын. Аға жаттықтырушы ретінде шәкірттеріміздің Отанымызға жеңіс сыйлауына үлес қосамыз.
Бос сөзге, құр мақтанға табиғаты келмейтін көркем гимнастикамыздың примасы осылай деді. Мүмкін, ұстазы Ирина Виннер сияқты Олимп биігіне шәкіртін өзі жетелеп шығар күндерге де жетерміз. Ондай ерлік алдында Әлия мен Мәншүктей Батыр апалары бар Әлияның қолынан келеді.
Бақтияр ТАЙЖАН, ШЫМКЕНТ.