21 Сәуір, 2014

Қазақстан –Түркия бағыты бойынша тағы 16 рейс ашылады

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

21-14-kazakhstan-Tyrkia

АСТАНА. 21 сәуір.Көлік және коммуникация министрлігі алдағы уақытта «Анталия-Алматы», «Анталия-Астана» және «Анталия-Қарағанды» бағыттары бойынша екі жақтан да ұшатын 16 рейс ашылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Today.kz  хабарлады. Аталған рейстер туралы  Қазақстан мен Түркия тараптарының авиация ұйымдары келіскен. Жалпы, алғашқыда Түркия жағынан түскен бұл ұсынысты министрліктің азаматтық авиация комитеті мұқият зерттеген. Нақтылай айтқанда, аталған комитет Қазақстан-Түркия бағытындағы туристік тасымалдау нарығының мониторингі нәтижесі бойынша осындай шешім қабылдады. Бұл мониторингті  жүргізу барысында қазақстандық туроператорлар, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы, Қазақстан туристік қауымдастығы және Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің туризм индустриясы комитеті қатыстырылды. Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов: «Біз түркиялық әріптестерімізбен екі ел арасындағы ұшулар мүмкіндігін әлденеше рет талқылаған болатынбыз. Біздің азаматтарымыздың арасында аталған бағыттардың жоғары сұранысқа ие екендігін ескере отырып, 2014 жылдың жазғы кезеңіне толықтай аптасына қосымша 16 рейс ашу туралы шешім қабылданды. Басты шарт –рейстердің тұрақты болуы. Бұл аталған рейстер бекітілген кесте бойынша жүзеге асады», – деп атап өтті. Жолдыбай Базар. Дереккөз: Today.kz. Фото: Inform.kz.