2015-2022 жылдар аралығында Абай аймағын дамытуға 200 млрд теңге жұмсалған. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов облыстық мәслихаттың XVI кезектен тыс сессиясында айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 8 маусымда Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандары, Семей және Курчатов қалалары бөлінеді. Осылайша, әкімшілік орталығы Семей қаласы болатын Абай облысы құрылады. Өңірде алдағы өзгерістерге белсенді дайындық жүріп жатыр», деді аймақ басшысы.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының сессиясында депутаттық корпусты бөлу жөніндегі шешімнің жобасы мақұлданды. Жаңа облыс мәслихатының депутаттық құрамына 16 адам бекітілді. 8 маусымда Семей қаласында Абай облысы мәслихатының отырысы жоспарланған.
«Соңғы 7 жылда Абай облысының қалалары мен аудандарына 2,1 триллион теңге инвестицияланды. Бірқатар ірі жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 2017 жылы салынған бірегей Ақтоғай тау-кен байыту комбинаты мен қуаттылығы 300 мың тоннадан асатын май өңдейтін ірі зауыт құрылысы», деді Даниал Ахметов.