Президент • 05 Маусым, 2022

Қазақстандықтарды үлкен өзгерістер күтіп тұр – Президент

3717 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс бергеннен кейін қазақстандықтарды үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Қазақстандықтарды үлкен өзгерістер күтіп тұр – Президент

«Алда үлкен жұмыс бар. Бүгін өзгерістер енгізуге дауыс беріп жатқан Конституцияны іске асыру керек. Атап айтсақ, партияларға, Парламентке қатысы бар заңнамаларға өзгеріс енгізілмек. Парламентіміз бұл міндетті абыроймен атқарады деп ойлаймын», деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан халқы дауыс беріп жатқан түзетулер елдің қоғамдық өміріне үлкен өзгерістер енгізуді көздейтінін атап өтті.

«Түптеп келгенде мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың парадигмасы өзгереді, адам құқықтары бірінші орынға шығады. Бұл - аса маңызды. Конституцияда Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен жаңа мәртебеге ие болады. Омбудсмен Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Ол орган да біз үшін жаңа институт», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан №59 дауыс беру учаскесіне келіп, республикалық референдумда өз таңдауын жасағанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Кейін Қ.Тоқаев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.