22 Сәуір, 2014

Юлия ДЕНИСЕНКО: Абайлаңыз: дін атын жамылған зиянкестер!

786 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Шоқынды Қашқынбаевқа қарсы қылмыстық іс қозғалды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кешегі болған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясындағы сөзінде дінге байланысты: «Біз сондай-ақ діни ұрандар ұстанған экстремизмді, діни ілімдерді сырттан саясиландыруға деген талпыныстарды, біздің халқымызға біз үшін бөгде діни көзқарастар мен идеяларды күштеп таңуды барынша теріске шығарамыз» деп атап көрсетті.   Төмендегі сұхбатта сондай бүлдіргіш секталар туралы айтылады және оларға қарсы әрекет ететін ерікті адамдар тобы туралы деректер берілген. Сондай еріктілердің бірі, Дін істері жөніндегі агенттікпен тікелей байланысып, қызмет ететін «Эксперт – 2050» қоғамының президенті, адамдарды жат пиғылды секталардан қорғау бойынша кеңесші Юлия ДЕНИСЕНКО. Біз оның әрекеттері мен көзқарастарын білу үшін әңгімеге тарттық. PAKISTAN-ASIA-QUAKE-MUSLIMS-PRAYER – Құрметті Юлия Олеговна, сіздің бүл­­дір­­гіш секталармен айналысқаныңыз­ға көп болды ма? Олардың қоғамға зиян­­­ды­­­­­­лы­­ғы туралы оқырмандарға не айтар еді­­­ңіз? – Менің негізгі мамандығым журналист. Дін істеріне байланысты сарапшылық қызметім де журналистикадан басталды. 2005 жылдан аймақтық ірі газеттердің бірі «Костанайские новостиде» өзімнің мамандығым бойынша қызметімді бастадым. Сол кезде дін істеріне үлкен көңіл бөліп, менің осы тақырыпқа мамандануыма ықпал еткен бас редакторымыз Сергей Харченкоға ризашылығымды білдіремін. Мен алғаш рет осы газетте дін істері тақырыбын қаузап жүрген шағымнан бастап бүлдіргіш секталарды әшкерелеуге қатты көңіл бөле бастадым. Соның ішінде Қостанай өңірінде православие шіркеуінің атын жамылып белсенді әрекет еткен «Иоанн Богославтың шіркеуі» атты секта жұмысының зияндылығын әшкере қылуды қолға алдым. Оның басшысы өзінің сектасына адамдарды Интернет арқылы тартқан. Шын мәнінде оның уағыздарының православиеге еш қатысы жоқ, тек атын жамылған. Осы сектаның зиянды қызметін әшкерелеп жазған мақалам бойынша еліміздің Бас прокуратурасы сектаның экстремистік зияндылығы бар деп тауып, оның қызметі мен сайтының Қазақстан аумағында жұмыс істеуіне тыйым салды. Зиянкес секталардың әрекеттеріне жан-дүнием қарсы болды, өйткені олардың ықпалына түсіп кеткен жақындарын жоқтаған жандардың жанайқайы мені бейжай қалдыра алмады. Тіпті, олардың трагедиясын газетте жазудың өзі аздық ететініне көзім жетті. Сондықтан олармен іс жүзінде күресу керек деп шештім. Осы себепті, 2007 жылы Қазақстанда тұңғыш рет зиянкес секталардан жапа шеккендерге көмек беру қорын аштым. Қазір ондай қорлардың саны көбейіп, отыз шақты болды. Бүгінгі күні бізге келген ондай адамдардың саны мыңдап саналады. Сіздің сұрағыңызға орай олардың қанша­лықты зиянды екендігіне де тоқтала­йын. Біз оларды «бүлдіргіш» секталар деп тегін атамаймыз, өйткені олардың әрекеттері шын мәнінде бүлдіргі қылықтарға бастайды. Адамның жеке басын еріктілігінен, ата-анасы, жақындары, туыстарымен байланыс­тарынан үзуге шақыратын олар өздеріне тартқан жанның санасына жаңа мазмұндағы тұрпат қалыптастыруға тырысады. Олардың негізгі міндеті сектаның мүддесіне ғана сай қызмет ететін осындай адамдарды жарақтау. Мұндай әрекеттерді жасау үшін неше түрлі амалдар мен айлаларды ойлап тапқан. Соның ішінде психикалық тұрғыдан әсер ету жолдарын біледі. Тіпті, бір-бірінен де үйреніп, жетпегенін толықтырып, әйтеуір адамды қалыптасқан санасынан адастырып, адамгершілік нормаларын керек қылмайтын теріс жолға түсіреді. Мәселен, олар ата-ананы мойындамауға, олардың айтқан жанашырлық ақылдарын қабылдамауға, отбасын керек қылмауға үндейді. Тіпті, өзінен туған балаларды да өзімен бірге теріс жолға түспесе қатыгездікпен қинау, жазалау жолдарын үйретеді. Кейбір адамдарды күйзелістен психикалық ауруларға ұшыратып, зардап шегуге немесе өзіне өзі қол салуға дейін жеткізеді. Міне, сондықтан бұл секталардың әрекеті өте қауіпті. Ең қиыны осындай жолға түскен адамдар арасынан өзара отбасын құрып алғандар да көп. Өздерінің адасқанымен қоймай олар енді балаларын сектаға тартуда. Оларға дұрыс жолға түсу туралы басқалардың, соның ішінде ата-аналарының айтқанының бәрі «жынның сөзі» болып саналады. Дұрыс мәслихат беріп, ақыл айтқанның бәрін олар «теріс жолдағылар» деп есептейді және оларға деген өшпенділігін ашық көрсетеді. Сайып келгенде, мұндай секталардың мақсаты қоғамның тұрақтылығын бұзу арқылы өздеріне мол табыс табуға бағытталған. Тіпті, билікті де күшпен өзгертіп, өздерінің тілегіне сай мемлекеттік құрылыс жасауды армандайтындары да бар. Мұндайлар әсіресе, экстремистік топтар арасынан табылады. Міне, қысқаша айтқанда, бүлдіргіш секталардың осындай зиянкес әрекеттері белгілі болып отыр. – Қандай діндердің атын жамылған секталар әсіресе қауіпті? – Олардың қайсысының болсын зиянды­лығы үлкен. Дегенмен, христиандық дін тармақтарын жамылғандар адамдарға көбіне көп психологиялық жолмен шабуылдайтын болса, исламдық секталардың радикалды әрекеттері көп. Мәселен, «Аллаху акбар» деп айғайлап алып бейбіт тұрғындарға қарсы лаңкестік әрекет жасағандарды дін жолындағылар деп айтуға бола ма? Қаншама адамның ажалына қалып, балаларын жетім, әйелдерін жесір еткен адам қандай мұсылман? Мұндайлар ешқандай мұсылман емес, керісінше қанішерлер, жаналғыш қаныпезерлер. Сол сияқты ата-анаңнан без, біз саған ең жақын туыс боламыз, тапқан табысыңның кем дегенде 10 пайызын бізге беріп тұрасың, бізден басқаның бәрі жалған, бәрі алдамшы, ештеңені керек қылма деп адамның бастарын айналдырып, ақшасын алып жатқандарды да христиан дінінің өкілдері деп айтуға аузың бармайды. Сондықтан, барлық сектаның көздеген мақсаты тек ақша мен билік деп айтуға негіз бар. Мен ең қауіпті секта – қайсысының ықпалына түсіп кетсең сол болады деп айтар едім. Олардың бәріне «ұлт», «төзімділік», «зайырлы мемлекет» дегендер жат ұғымдар. – Бүлдіргі секталардан жапа шеккен­дердің саны артып келе ме, әлде олардың саны азаюда ма? Жапа шеккендер көбі­не­се қандай зиянкестіктерге душар болады? – Өкінішке қарай, ондай жандардың саны жыл санап көбейе түсуде. Біздің орталықтарымызға күн сайын жапа шеккен жүздеген адамдардың келетіні соның айғағы. Әрине, бұлардың арасында жеке өз басы жапа шеккендер емес, ата-аналары, ағайын-туыстарының келуі көп. Солардың талап етуімен жапа шеккендердің өздері де келіп жатады. Оларды қайтадан қалыпты өмірге тарту оңай емес. Бұл іске көптеген мамандардың бірлескен ісін ұйымдастыру керек. Атап айтқанда, жалғыз психолог емес, дін өкілі, мәдениеттанушы, педагог, саясаттанушы сияқты мамандардың да кеңестері керек болады. Өйткені, бүлдіргі секта дегеніміздің өзі ақша мен билікті бір адамның қолына шоғырландырған авторитарлық ұйым ғой. Өзіне сөзсіз бағындыру үшін оның көшбасшысы барлық әдістерді, соның ішінде біз атаған мамандықтардың амал-айлаларын да қолданады. Сондықтан оның сырын әшкерелеп, адамның басынан теріс ықпалды шығару үшін көптеген мамандарды тартуға тура келеді. Ең қиыны теріс ықпалға түскен адамды қалыпты өмірге келтіру кейде ұзақ уақытқа созылып кетеді. Тіпті, жылдарға да созылуы мүмкін. – Жыл сайын оңалту орталықтарына қанша адам келеді? – Шамамен олардың саны үш мыңға жетеді. Соңғы жылдарда 69 адамға қатысты істі құқық қорғау органдарына бердік. Соның ішінде бірнешеуі бойынша қылмысты іс қозғалып, ол сотта қаралды. Бұлардағы зиянкестіктер психикалық ауытқушылықпен ғана шектелмей, адамның өзін өзі өлтіруіне дейін жеткізген. Мысал ретінде айтар болсам, Солтүстік Қазақстан облысында «Алла аят» әдісімен «емделудің» салдарынан екі адам көз жұмды. Қант диабетімен ауыратын бір адам секташылардың ақылымен инсулиннен бас тартқан екен, үш күннен кейін көз жұмды. 2006 жылы Астана қаласының прокуратурасы осы сектаға барған бірнеше адамның жүйке тамырлары дертіне ұшырағандығы үшін сотқа жүгініп, бұл сектаның Қазақстанда әрекет етуіне мүлде тыйым салған. – Бірақ бұл секта бізде жасырын әрекет етеді деген сыбыс бар ғой? – Ол рас. Бізде оның әлі де көптеген ұяшық­­тары жұмыс істейді. Астыртын жұмыс істеу әдіс­терін меңгергендері сондай – өздері­нің шифрлары мен парольдар жүйесін жасап алған. Оның үстіне қазір қатар­лары­­на кө­шедегі кездейсоқ адамды алмай­ды, міндет­ті түрде өз адамдарының бірінің ұсы­ны­сымен, тексеріп барып қана қатарла­рына қа­былдайды. Қазір Қазақстанда тыйым салынғанымен олар Ресейдің Мәскеу, Орын­бор қалаларында ашық әрекет етеді. Осы сектаның жұмыстарына қарап адамның алдануға да бейіл екеніне көз жеткізесің. Ақыл-есі дұрыс адамның өзін өмірге әкеліп, өсіріп-өндіріп, тәрбиелеп, адам еткен ата-анасынан бас тартып, Фархат ата мен оның әйелі Нинаны әке-шешем деп тануға баруын түсіну қиын.  – Біздің кейбір көрші елдерімізде, атап айтқанда, Өзбекстанда «Белые братья», «Свидетели Иегова» және т.б. секталарға заңмен тыйым салынған. Бізде неге солай етпеске? – Бұл сұрақты маған түрлі кездесулер, тренингтер өткізген кезімде жиі қояды. Біздің 1992 жылы қабылданған «Дін істері туралы» заңымыз барынша либералды болып, адамның жандүниесіне шабуыл жасайтын барлық ағымдарға есігімізді шалқасынан ашып тастады. Елімізге тамыр жайып, әрекеттерін ұлғайтып алған зиянкестігі белгілі кейбір діни бірлестіктерді соңынан шыққан заңдарымызбен жабуға мүмкіншілік болмады. Өйткені, бұл жерде адам құқығын бұзуға жол беріп алатын едік. Сондықтан, қандай да бір дәстүрлі емес діни бірлестіктердің әрекетіне тыйым салу үшін оның жеке адамдарға, қоғамға зиянкестігін нақты фактілермен дәлелдеу керек болып отыр. Ал бұл жұмыс оңай емес. Оның үстіне біздің адамдарымыз белсенді әрекеттен бұғып қалып, қынжылыстарын тек ас үйде ғана айтуға тоталитарлық заманнан үйренген. Сол қалыптан шыға алмағандықтан зиянды секталарға қарсы күрестің тиімділігі де төмен болып отыр. – «Саентология шіркеуі» атты ағым туралы не айтасыз? Ол да зиянды секталарға жата ма? – Бұл діни бірлестік Қазақстан аумағында 1999 жылдан бері белсенді әрекет етіп келді. Бірақ 2011 жылы қабылданған жаңа заң бойынша ол діни бірлестік ретінде тіркеуден өте алмады. Бұл бірлестік адамдардың бойындағы кемшіліктерін жоямыз деген ұранмен жұмыс істейді. Осылай ұрандап, семинар, курстар өткізіп және бизнес бойынша консультациялық қызметтер жасаймыз деген соң оларға халық ағылып барады. Сонымен бірге олар коммерциялық, өнеркәсіптік құрылымдармен де тікелей байланыс орнатып, бизнестерінің жандануына көмектесеміз деп соғады. Әрине, бұл істерде құдайдың атын жамылып жүретіндері де рас. Алайда, бұл ұйымдардың кейбір басшылары заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, салықтан жалтарды деген айыптармен қуғындалған. Соның ішінде Қазақстанда тіркеліп, сапа сертификатын алмаған медициналық препараттарды сатқандары үшін жауапқа тартылғандары бар. Павлодар қаласында бұл ұйым адамдарды есірткіге тәуелділіктен құтқарамыз деп «Нарконон» атты орталық ашқан. Аты жақсы болғанымен мұндағы әрекеттерін де саентологтар лицензия алып, заңды түрде атқар­маған. Сондықтан заңды жолмен қудаланды. Қазақстан діндарларының Екінші форумында сарапшылар бұл ұйымды құдай атын жамылғанымен діни орталық емес, коммерциялық құрылым деп тану жөнін­де шешім қабылдады. Ал шетелдік сарапшы­лардың көбісі оны өте қауіпті діни ағым деп санайды. Оның зиянкестігі біздің елімізде де толып жатқан жапа шегушілердің шағымдарынан көрініп отыр. Неміс сарапшылары саентология ағымынан зиян шеккен адамдарды оңалту жұмысы 7-10 жылға созылатынын дәлелдеген. Мен саентология ілімінің (осылай атауға болса) «атасы» Хаббардтың оң қолы болып, оның хатшысы қызметін атқарған Канада азаматы Дж.Армстронгпен сөйлестім. Ол кісінің айтуынша, Хаббард өзінің өмірбаянын қолдан жасаған алаяқ екен, Армстронг оның шын дерегін біліп қалған соң қуғындауға ұшырапты. Хаббардтың үстінен сотқа шағым жазған екен, өміріне қастандық жасалыпты. Ақыры Америкадан кетіп, Канадаға көшуге мәжбүр болған. – «Благодать», «Дорога к счастью» атты секталардың істерінде де халыққа зиянкестік жасалады деген әңгімелер бар. Осылар туралы да айтып берсеңіз? – Бұлар біздің елімізде діни бірлестік ретінде ресми түрде тіркеуден өткен. Сондықтан оларды секта деп атауға менің қақым жоқ. Әрине, бұлардың уағыздары дәстүрлі діндерден бөлек екені белгілі. Христиан дінінің протестант тармағы негізінде құрылған бұл діни бірлестіктің мақсаты қатарына енетін адамдарды барынша көбейте беру. Осыған сәйкес «Г 12» деп жасап алған формулалары да бар. Мұның мәнісі – ұйымға енген алғашқы 12 адам кем дегенде 12 адамнан тартып, екінші буынның санын 144 адамға жеткізуі керек. Алматыда болған конференциясында оның лидерлерінің бірі Ульф Экман деген «мен бұл елді ұйқыдан оятамын» деп соқты. Ағым өзінің уағыздарын көбінесе жас адамдарға, соның ішінде жасөспірімдерге бағыттайды. Соларды қызықтыратын, тартатын әдіс-айлаларды меңгеріп алған. Миссияның ұяшықтары уағыздарын пәтерлерде, жекеменшік үйлерде өткізе береді. Інжілдің трактаттарын айта отырып, олар өздеріне келушілерге «туыстарыңның арасында әскери құпия нысандарда қызмет еткендер бар ма немесе мемлекеттік құпияларға қол жеткізе алатындарды білесің бе» деген секілді сұрақтарды да сыналап өткізіп жіберетін көрінеді. – Демек, олардың шын ниеті басқада екендігі өз-өзінен көрініп тұр емес пе? – Дәл солай. Осы тарапта олардың кейбіріне қарсы қылмыстық істер қозғалды. Мәселен, Қарағанды миссиясы пасторының сейфінен «құпия» және «өте құпия» деген белгілері бар құжаттар алынған. Астана пасторы, шоқынған қазақ Қашқынбаевқа қарсы да қылмыстық іс қозғалды. Ол адамның денсаулығына ауыр залал келтірді деп айыпталды. «Благодаттың» Қарағанды облыстық миссиясының храмында Т.Макогонова деген азамат асылып өлді. 2011 жылы Алматы әуежайының кеденшілері Корея Республикасының азаматы, аталмыш бірлестіктің пасторы Ким Сам Сонды Қазақстаннан жасырын түрде 130 мың доллар әкетіп бара жатқанында ұстады. Экономикалық контрабанда жасағаны үшін пастор екі жылға шартты жазаға кесілді. Талдықорған қаласының 27 жасар тұрғыны С.Асылбеков «Благодаттың» ықпалына түсіп кеткен әйелімен ажырасқанын айтып, алайда бұрынғы әйелі екі жасар қызын миссияның қатарына тартатынынан сақтанып, Алматы облыстық балалар құқын қорғау басқармасына шағым түсірген. – Енді өзіңіздің орталығыңыз атқа­ра­тын жұмыстардың бағыттарына тоқталып өтсеңіз? – Біз қазір «114 – жедел байланыс» жобасын іске асырудамыз. Оның мақсаты дәс­түрлі емес діни бірлестіктердің, жат пиғылды ағымдардың арам пиғылдарын әшкерелеуге бағытталған. Біз жеке адамдарға және олар­дың туыстарына қоғамға жат, діни ағым­дарды наси­хаттаған немесе соған тартқысы келген жағдайда, күмәнді кітап­шалар, журналдар мен парақшаларды таратып немесе оларды көше бағандарына жап­сырып жүрген адамдарды көрсе бізге хабар­ласуын өтінеміз. Біз өз тарапымыздан қажетті консультациялар бере аламыз. Осын­дай істерімізді ұнатпайтындар бізді қор­­­қытып, үркіту әрекеттерін де жасап жатыр. – Осыған байланысты соңғы сұрағым­ды қоймақпын. Жүргізіп жатқан жұмыс­тарыңыз тәуекелді де қажет ететін сияқ­ты. Қорықпайсыздар ма? – Жоқ. Өз ісіміздің дұрыстығын білген соң біз ешқандай қоқан-лоқыдан қорық­пай­мыз. – Әңгімеңізге рахмет, еңбегіңіз жемісті болсын. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».