Астана қаласында «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясы болып өтті. Оның жұмысын ашып, сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сессияның өзегі болып отырған бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті туралы жан-жақты баяндады. Біз Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық орталығының мүшесі Павел Маглелимен кездесіп, сессия туралы пікірін сұраған болатынбыз.
– Сессия жұмысын теледидардан көріп, Елбасының сөзін зер сала тыңдадым. Айтары жоқ, бұл сессия да бұрынғыларындай өте іскерлік жағдайда өтті. Біз елімізде татулық пен достықтың, береке мен бірліктің бастаушысы да, қолдаушысы да Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев екеніне тағы бір көз жеткіздік. Елбасы өзі құрған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жандандырып қана қоймай, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруда үлкен істерге ұйытқы болатынына сенім артуының өзі неге тұрады. Ассамблея өзін осы жылдарда елдегі саяси тұрақтылықтың, конфессияаралық және ұлтаралық келісімнің кепілі ретінде танытқанын көзіміз көріп, көңіліміз сезіп отыр. Елбасы өз сөзінің басында-ақ: «Мәдениет – тіршіліктің тірегі, ортақ игіліктерді ұлықтап, ұлтты ұлы істерге ұйыстырудың бірегей тетігі», деп атап өтті. Шынында да, барлығы мәдениеттен, мәдениеттіліктен арна тартады. Яғни, адамдардың бір-біріне деген түсіністігіне, өзара ынтымағына қай ұлт болмасын мәдениетті болғанда ғана қол жеткізеді.
Міне, мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан өзара татулыққа, үлкенді сыйлаушылыққа, жоқ-жітіктерге қайырымды болуға, жалпы бауырмалдық қасиеттерге негізделген менталитеті мен мәдениеті өзге ұлттарды да ортақ мүддеге ұйыстырып отыр десем, артық айтқандық болмас. Еліміздегі осындай бірліктің берекеге бастап отырғанын құрметтеуіміз керек. Ең бастысы, «Біз халықты ортақ патриоттық тұғырнамада топтастырудың бірден-бір сенімді тетігін таптық. Оның мәні әркімге де түсінікті және қарапайым адами сұраныстарды – жұмысты, отбасындағы әл-ауқатты, балалар үшін білім беруді, денсаулықты, қауіпсіздік пен демалысты қамтамасыз етуге көмектеседі», деуінің жаны бар. Адамға бұдан артық не керек. Ал бұл әрбір саналы адамның өмірлік ұстанымы екені де сөзсіз. Міне, сессияда сөйлегендердің ой-пікірлерін осы арнада өрбітуі де сондықтан. Ұрпақ өсіріп, бақуатты өмір сүру әр адамның арманы. Біздің елдің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуге талаптануының өзі бізде мұндай мүмкіндіктердің бар екенін әлдеқашан дәлелдеп берді.
– Біздің басты бағдарымыз «Қазақстан -2050» Стратегиясын ойдағыдай жүзеге асыру екені сөзсіз. Елбасы бұл бағытта Ассамблеяның әрқашан уақытпен бірге қадам жасап келе жатқанына тоқтала келіп, стратегияда біздің көпэтносты халқымыздың даналығы көрініс тапқанына тоқталды. Біздің басты мақсатымыз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан көріну екенін тағы жадымызда жаңғыртты. Бұл бағытта бітімнің, рухани келісімнің айрықша жоғары мәдениетінің бес қағидатынан арқау табатынын жеткізді. Елбасы XXI ғасырдың бес мызғымас шындығын да ашып айтты. Олар: тұрақты экономика, мемлекеттің тәуелсіздігінің сақталуы, этносаралық қатынастың тұрақтылығы, азаматтық тең құқылық, интеграциялық даму.
Президент жетекші ядролық державалардың ядролық материалды физикалық қорғау саласындағы ынтымақтастықты тоқтатуы ықтимал деген ақпараттың алаңдататынын да жасырмады. Елбасы Ассамблея жұмысының басты бағыты жастарға патриоттық тәрбие беру, фашизмді талқандаудағы Жеңістің 70 жылдығы шеңберінде өткізілетін шаралар екенін алға тартты. Ассамблея жұмысының татулықтың тұғырын бекітуге бағытталатынын жеткізді.
Қашанда тың идея, бағалы бастамаларға жол ашатын Нұрсұлтан Әбішұлының 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялауға ұсыныс білдіруінің өзі бірлік пен достықтың, татулық пен тұрақтылықтың ұйытқысы болып отырған қоғамдық құрылымның елдің қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріндегі рөлінің зор екенін көрсетсе керек. Ассамблеяның құрылғанына және референдумда ел Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толуына орай атқарылатын жұмыстарды анықтап берді.
Елбасы Ассамблеяның өңірдегі құрылымдарын күшейтуге көңіл бөлуде. Ассамблея хатшылығына Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында Достық үйлерін салуды бақылауды тапсыруының өзі ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын дамытуға қаншалықты маңыз беріліп отырғанының нақты көрінісі деу орынды.
Ақтөбе өңірінде 90-ға жуық ұлттардың өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Облыс орталығындағы Достық үйінде он сегіз этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ал Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында сөйлеген сөзі барша қазақстандықтарды бұрынғыдан гөрі де бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ идеясы төңірегіне топтастырып, биік міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдыра түсері сөзсіз.
Жазып алған
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.