Партия жанынан Парламент Мәжілісінің Төрағасы, партия Төрағасы Ерлан Қошановтың басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Штаб құрамына Парламент депутаттары, зиялы қауым, мәдениет, спорт, жастар өкілдері және тағы да басқа ел өміріндегі белсенді тұлғалар енді. Аймақтарда облыстық және аудандық деңгейдегі штабтар құрылып, республика бойынша барлығы 218 штаб жұмыс істеді.
Референдумды қолдау мақсатында партия басшылығының өңірлерге жұмыс сапарлары жасалды. Партия Төрағасы Ерлан Қошанов 3 өңірге барып, жергілікті тұрғындармен, түрлі сала өкілдерімен, аймақ белсенділерімен кездесулер өткізді. Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарын аралау кезінде 600 адамды қамтыған 11 іс-шара өткізілді. Сапар барысында Ерлан Қошанов референдум жайлы айтып, ел тағдырын шешетін ауқымды реформалардың мән-маңызын түсіндірді.
Партияның баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Amanat партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов пен Мәжіліс Төрағасының орынбасары Павел Казанцев ақпараттық-түсіндіру науқанының нәтижелері туралы айтты.
«Amanat партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде үгіт-насихат жұмысына бірінші күннен бастап белсенді түрде кірісіп кетті. Республикалық штаб құрылды. Оған партия төрағасы Ерлан Қошанов жетекшілік етті. Аймақтарда 218 штаб жұмыс істеп, 12 мыңнан аса үгіт-насихат іс-шарасы өтті. Барлық кездесулер еркін, ашық форматта жүргізілді. Біз мұндай басқосулардың санына емес, сапасына мән бердік.
Конституциялық өзгерістерді халыққа түсінікті тілмен жеткізуге тырыстық. 5 маусымда азаматтар өз таңдауын жасап, елдің болашақ даму жолына қатысты шешім қабылдады. Осы арқылы еліміз Жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Алда көп жұмыс, үлкен міндеттер тұр», деді Асхат Оралов.
«Үгіт-насихат кезеңі басталғаннан бері БАҚ-та 70-тен астам кездесу жарияланды. Жалпы, теледидарда, интернет-басылымдарда, газеттерде 118 материал шықты, соның ішінде теледидарда 52 сюжет, интернет-басылымдарда 28 жарияланым, газеттерде 38 мақала. 700-ден астам репост орналастырылды.
Партия филиалдары, штаб мүшелері әлеуметтік желілердегі ресми және жеке парақшаларында 1700-ден астам пост жариялады. Үгіт-насихат жұмыстарына қатысқан штабтың барлық мүшелеріне алғыс айтқым келеді. Жұмысбастылығына қарамастан, олар тұрғындармен кездесулерге уақыт таба білді, енгізілгелі отырған өзгерістерді түсіндірді, кеңес берді, сұрақтарға жауап берді», деп атап өтті ол.
Партияның атқарушы хатшысы 5 маусым күні барша қазақстандықтардың бір белесті бағындырып, елдің жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. «Мұны әлі көп адам жете түсінбеген болар, алайда уақыт өте келе 5 маусым – тарихи күн болғанын кейін мойындаймыз. Себебі, бұл референдумда ел тағдыры шешілді», деп атап өтті ол.
Республикалық штабтың мұрындық болуымен өткізілген іс-шаралардың санына емес, бірінші кезекте сапасына мән берген А.Оралов партияның қозғаушы күші – БПҰ-ның базасында да жалпыұлттық референдумның мәні туралы түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілгенін атап өтті.
Жалпы, Республикалық партиялық штаб мүшелері 6 мамырдан 3 маусымға дейін үгіт-насихат жұмыстары аясында 12,7 мың іс-шара өткізді. Олар шалғай елді мекендердің, ауылдардың, қалалардың тұрғындарымен, жастармен, мұғалімдермен, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті.
Ел тарихындағы айшықты оқиғаға азаматтардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылып, дайындық жұмыстарына белсене атсалысқан тағы бір қоғамдық бастамадағы ұйым – «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ бастамасымен құрылған референдумды қоғамдық қолдаудың Республикалық штабы (РҚШ). Конституциялық реформалардың негізгі ережелерін кеңінен түсіндіруге арналған іс-шаралар шеңберінде дүниеге келген Штабтың жетекшісі боп бірауыздан РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев сайланды.
Құрылған бергі уақыттан бері РҚШ тек ақпараттық-түсіндіру ғана емес, дөңгелек үстел, кездесу, пікірталас, съезд, кеңес сынды форматта да түрлі жиындар ұйымдастырды. Мәселен, осы уақыт аралығында Референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтар республикада 1 миллион 917 мыңнан астам адамды қамти отырып, 15 300-ден астам іс-шара өткізген екен.
Жалпы, Республикалық партиялық штаб мүшелері референдумды қолдау мақсатында Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Батыс Қазақстан, Ақмола және тағы да басқа облыстарда болып, өңірдегі шалғай елді мекендердің, ауылдардың, қалалардың тұрғындарымен, жастармен, мұғалімдермен, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті. Халықтың белсенді болуы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының кең көлемде жүргізілгендігімен байланысты екені сөзсіз. Сондықтан да партия офлайн форматпен қатар, креативті онлайн мүмкіндіктерді де кеңінен пайдаланған. Мәселен, «Талқылау» диалог алаңында Facebook әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде де қатысушылар қарасы көп болды. Ал Іnstagram парақшасында «Ашық сұхбат алаңы» айдары ашылып, онлайн режімде кәсіби маман иелерінің ақыл-кеңестері берілген. Одан бөлек Тік Ток, WhatsApp, Youtube және тағы да басқа қосымшаларда да түрлі контент бойынша халықпен байланыс орнатылды.
Асхат Ораловтың мәлімдеуінше, референдум жаңа мемлекеттік басқару моделі – Екінші республиканың ресми бастамасы болды. «Енді бізді күтіп тұрған іс-шаралар аз емес. Ол қандай жұмыстар? Ең алдымен, халық қолдаған конституциялық өзгерістерді заңға айналдыру керек. Бұл жерде Парламент депутаттарына үлкен сенім мен жауапкершілік артылады. Оған біздің партиямыздың депутаттары да белсене қатысады.
Жалпы, референдум елімізде демократиялық сана мен салт-дәстүрдің күшейгенін дәлелдеді. Себебі азаматтарымыз түбегейлі өзгерістерді талап етті. Мұны партия институты жүргізген сауалдама да дәлелдеді. Президент ұсынған реформалар сол өзгерістер сұранысына нақты жауап болды», деп атап өтті партия өкілі.
Сондай-ақ А.Оралов осындай тағдыршешті кезеңде Amanat партиясының үлкен міндетті абыроймен алып өткенін айтты. Сөзінің соңында ол Жаңа Қазақстанның кескіні, құрылымы, бағыт-бағдары анықталып жатқанын, енді Жаңа, Әділетті Қазақстанды бірге құру – барлығымызға ортақ міндет екеніне басымдық берді.
Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Павел Казанцевтің айтуынша, депутаттық корпустың алдында заң шығарушылық қызмет бойынша ауқымды жұмыс тұр.
«12 мамыр мен 3 маусым аралығында депутаттар еліміздің аймақтарындағы 1 204 елді мекенге барып, барлық сала өкілдерінен тұратын 120 мыңға жуық адамның қатысуымен 2,5 мыңнан астам кездесу өткізді. Кездесулер бейресми, сенімді түрде, ашықтық пен айқындық жағдайында өтті. Алты мыңнан астам өтініш пен ұсыныс қаралып, партия мен Үкімет тарапынан пысықталғаннан кейін азаматтарға баяндалатын болады», деді Павел Казанцев.
Дауыс беру күні Amanat партиясының 28 мыңға жуық өкілі еліміздің барлық референдум учаскелерінде дауыс беру барысы заңдылығының сақталуын қадағалады.