Жасампаздық Жолдауы
Қазіргідей күрделі кезеңде, дүние жүзінің экономикасын тұралатқан дағдарыстың әсерінен әлі арылып болмаған тұста біз өз ішіміздегі бірлік пен ынтымақ арқылы қандай ауыртпашылық болсын, оны еңсере алатынымызды уақыт дәлелдеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздерге, нұротандықтарға қандай істе болсын алдыңғы лектен көрініп, қиындықтан шығудың жолдарын қарастыруды міндеттеп отыр. Сондықтан, біздер барша қазақстандықтардың мүддесі жолында басқа да саяси партиялармен бірігіп, өзара іс-қимылдың жаңа үлгілерін әзірлеп, игілікке жаратуымыз керек.
Мемлекет басшысы биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында атап көрсеткеніндей, біздің ең басты құндылығымыз – қасиетті Отанымыз болып табылады. Олай болса, осы елді мекен етіп отырған әр адамның әл-ауқатын көтеру ісінде билік партиясының атқаратын жұмыстары ұшан-теңіз.
Жалпы, партия жұмысының негізгі бағыты жергілікті жерде тұрғындармен тұрақты қарым-қатынас орнату болып табылады. Сондықтан, партия органдары құрылымдарының барлық іс-әрекеті Елбасының жүргізіп отырған саясаты айналасында азаматтарды, қоғамдық күштер мен жұртшылықты ортақ мүддеге тоғыстыруға бағытталған. Ал, осы игілікті істе “Нұр Отан” ХДП филиалдарына, бастауыш ұйымдарына ерекше жауапкершілік жүктеледі.
Бүгінгі таңда партияның Ақмола облыстық ұйымында 35706 мүше бар. Олар 20 аумақтық филиал мен 454 бастауыш ұйымға біріктірілген. Ең ірі ұйымдар қатарына “Ақмола–Феникс”, “Степногор подщипник зауыты” акционерлік қоғамдары, Көкшетау қаласындағы темір жол бекеті, Бұланды аудандық орталық ауруханасы сияқты мекемелерді қоса аламыз. Бұлардың алғашқысында мыңнан астам партия мүшесі бар болса, соңғысында 176 адам шоғырланған.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ел халқына арнаған биылғы Жолдауында мемлекетті дамытудың бес басым бағыты жайлы айтылғаны белгілі. Бұл экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу, жедел индустрияландыру және инфрақұрылымдарды дамыту арқылы экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізу және адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін болашақта бұл саланы инвестициялау сияқты мәселелер болып табылады.
Елімізді дамытудың 2020 жылға арналған бұл стратегиялық жоспары баршамызды өсіп-өркендеу белесіне апаратын жол ретінде қарастырылды. Сондықтан, Ақмола облысында елімізді 2010-2014 жылдарда индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында индустрияландырудың картасы жасалды. Мысалы, жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпорындарды жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру бағытында 690 миллиард теңгенің республикалық деңгейдегі 14 жобасы және 29 миллиард теңгенің 7 өңірлік жобасы іске асырылмақшы. Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында бес жоба, ал екінші жарты жылдығында үш жоба іске қосылады деп күтіліп отыр.
Яғни, инновациялық қызметпен айналысатын өнеркәсіп кәсіпорындары жалпы санының 1,2 пайызын инновациялық белсенді кәсіпорындар үлесі алатынын атап көрсетуге болады. Бұл өнімділікті арттырудың негізгі мүмкіндігі екендігін де ұмытпауымыз қажет. Осындай инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы өңір экономикасының құрылымы одан әрі теңгермелі бола түсіп, экспортқа шығаратын өнім көлемі артатыны анық.
Біздің партиямыздың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – Президент Жолдауы талаптарын жүзеге асыруға барлық партия құрылымдарын белсенді қатыстыру. Бұл жерде әрбір партия мүшесі өз әлеуетін толық пайдаланып, белсене қызмет етуі қажет. Өйткені, партия басшылығы мен активі үшін мынадай нақтылы міндеттерді орындау белгіленіп отыр:
біріншіден, “Қазақстанды 2020 жылға дейінгі дамыту стратегиясы” жоспарының негізгі міндеттерін әрбір қазақстандыққа жеткізу;
екіншіден, қоғамның барлық буынын аталған стратегияны іске асыруға жұмылдыру. Өйткені, біздің ортақ жетістігіміз әркімнің жеке үлесі арқылы қалыптасады;
үшіншіден, басқа да саяси партиялармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынасты жандандырып, бұл бағытта ортақ күш-жігерімізді жұмылдыру;
төртіншіден, “Жас Отан” жастар қанатының жұмысын жандандырып, олардың белсенді қызметі арқасында партия саясатын жүзеге асыру.
Партиямыздың көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев ескерткендей, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіріп, жергілікті жердегі жағдайлар туралы шынайы ақпараттардың ұсынылуын қамтамасыз етуіміз керек. Өйткені, бастауыш партия ұйымдарының және оның мүшелерінің белсенді жұмысы және партия тәртібін сақтаудағы жеке жауапкершіліктері біздің негізгі қызметіміздің нәтижесі болатыны белгілі. Сондықтан, партияның ұйымдық бағытындағы жұмыстарды да жақсарту аса қажет. Қазіргі күні, жоғарыда айтқанымыздай, біздің облыстық партия ұйымының 35 мыңдай мүшесі бар. Ал, оның 6177-сі (17,3 пайызы) жұмыссыздар болса, 3894-і (10,9 пайызы) зейнет жасындағы адамдар. Мысалы, Степногор қалалық, Ақкөл, Егіндікөл, Есіл, Жарқайың, Қорғалжын және Шортанды аудандық филиалдарында партия мүшесі болып табылатын жұмыссыздар үлесі басым болып отыр. Облысымызда әрбір бесінші партия мүшесі жұмыс істемейді екен. Сондықтан, бізге өз қатарымыздың сапалы құрамына байланысты көп ойлануға тура келеді. Ал, қоғамымызда жұмыссыздықты жою – бұл мемлекеттің ғана емес, партиямыздың тұғырнамасында көрсетілген басты талаптардың бірі.
Сонымен бірге, партия құрамын жасарту мәселесі де көп айтылып жүр. Облыстық дерек бойынша, 29 жасқа дейінгі партия мүшелерінің саны 19,8 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті 30 пайызға дейін жеткізу міндетіне сәйкес әлі де көп жұмыстар атқаруға тура келеді.
Біздің жүргізген талдауларымызға қарасақ, облыстық партия ұйымының қатарында шаруа қожалықтары өкілдері өте аз екен – бар-жоғы 3,7 пайызды ғана құрайды. Ал, мемлекеттік қызметшілердің небәрі 10,1 пайыз болып отырғаны да өкінішті-ақ. Сондықтан, алдағы уақытта біз жаңа сапалық деңгейге көтерілуге талпынатын боламыз.
“Нұр Отан” ХДП жемқорлықпен күрес мәселесіне де ерекше көңіл аударады. Бұл бағытта қолға алынып, істеліп жатқан жұмыстар да аз емес. Соңғы екі жыл бойы облыстық және республикалық жемқорлыққа қарсы форумдар өткізіліп, осыған байланысты нақтылы ұсыныстар жасалды. Ал енді бірер мысал келтіретін болсам, 2009 жылы облыс бойынша 1857 адам партия мүшелігінен шығарылды. Оның 1220-сы партия жарғысын, бағдарламалық құжаттарын орындамағаны үшін, 16 адам жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Алдағы кезде де билік партиясының беделіне нұқсан келтіретін әртүрлі заң бұзушылыққа жол бергендерге қатысты қатаң ұстанымнан таймаймыз.
Жақында “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесі бюросының кеңейтілген мәжілісінде бюджеттен бөлінетін қаржы мен инвестицияларды жұмсауға байланысты бақылауды жүзеге асыру мәселесі қаралды. Осыған орай, бастауыш ұйымдар да азаматтардың арыз-шағымдарын қарап, оларды мәслихат депутаттарының, атқарушы билік басшыларының құзырына жіберуі қажет. Өйткені, әрбір нұротандық депутат өз жұмысы жөнінде бастауыш партия ұйымының алдында есеп беруі тиіс. Қазіргі кезде біз “Бизнестің жол картасын” жүзеге асыруға бақылауды күшейтіп, бұған партия белсенділерін де қатыстырудамыз.
Бүгінгі таңда біздің олқы түсіп жатқан жағымыз – партияның идеологиялық жұмысына бастауыш ұйымдардың да қа-
тысуын жақсарту мәселесі дер едім. Ол үшін біз депутаттардың әлеуетін жан-жақты пайдаланып, қоғамдық пікір көшбасшыларын анықтап, партия жұмысына тартуымыз керек.
Мемлекет басшысы, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Н.Ә.Назарбаев өзінің партия съезінде сөйлеген сөзінде және халыққа арнаған Жолдауында партияішілік жұмыстарды жетілдіру бойынша жаңа міндеттер қойылатынын атап көрсеткен еді. Бастауыш партия ұйымдары бұл бағытта да белсенділігімен танылып, ел игілігі жолында өнегелі істерге жол ашатынына шек жоқ.
Ғалым ШОЙКИН, “Нұр Отан” ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Ақмола облысы.
АҚЖАЙЫҚТЫҚТАРҒА СОНЫ СЕРПІН БЕРДІ
Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы үлкен қолдауға ие болды.
Еліміздің 2020 жылға дейінгі дамып өркендеуіне бағытталған стратегиялық жоба-жоспарларды белгілеген “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты құжат біздің аудан халқына, әрбір ұжымға, жалпы ақжайықтықтарға зор серпіліс берді. Себебі, бұл Жолдауда халықтың өмір сүру сапасын арттыру, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамыту, кәсіпкерлік пен бизнесті қолдау, тұрғын үй шаруашылығы мен құқық қорғау саласын реформалау сынды ел ішіндегі өзекті мәселелерден бастап, Қазақстанның болашағына қатысты әлемдік ауқымдағы істер де толық қамтылған.
Міне, шәкіртақы мен бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақылары 1 сәуірден бастап 25%-ға өсті. Бұл Жолдаудың нақты нәтижесі деп білеміз.
“Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады”, деп Елбасы өзі атап өткендей, әр Жолдауында білім беруге ерекше көңіл бөліп келеді. Білім саласына қатысты айтылған мәселелердің бірі – 2020 жылға қарай барлық балаларды мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамту. Бұл бастаманың да уақытында шешілетініне халықтың сенімі зор. Өткен жылдың соңында халықпен тікелей эфир арқылы жүздесуінде де Елбасы бұл тақырыпқа арнайы тоқталып, кейін тиісті орындарға тапсырмалар берген болатын.
Тек қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде, соның ішінде біздің Ақжайық ауданында да бұл жұмыс қарқынды жүруде. Өткен жыл қорытындысы бойынша аудандағы мектепке дейінгі 36 мекемеде балалардың 80,6%-ы қамтылған. Үстіміздегі 2010 жылы да Елбасы тапсырмасына орай, “Балапан” бағдарламасы аясында бұл жұмыс жоспарлы жалғасады деп күтілуде. Өткен жыл қорытындысы бойынша орталықтағы “Ақбота” балабақшасының облыс бойынша “Ең үздік ауылдық балабақша” атануы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапалық деңгейінің де жоғары екенінің дәлелі болса керек.
Жолдауда Елбасы Үкіметке 12 жылдық оқыту моделіне көшуге қажетті дайындық шараларын қабылдауды тапсырды. Бұл – өте орынды және маңызды тапсырма. Бүгінгі заман талабына сай жабдықталған материалдық-техникалық базасы бар мектепте ғана оқушы уақыт талабына сай білім алатыны сөзсіз. Аудан әкімі тарапынан білім саласына деген ерекше көзқарас, ұдайы басты назарда ұстау мен қаржылай қолдау нәтижесінде Ақжайықта ауқымды шаралар атқарылуда.
Аудан орталығында “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша 1 жаңа мектеп пайдалануға берілді, 1 аурухананың құрылысы жүруде. Тек өткен 2009 жылдың өзінде 286 218 млн. теңгеге 4 мектеп, 2 интернат күрделі жөндеуден өтті. Үстіміздегі жылы тағы 4 мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, 2 жаңа мектеп салу жобалануда. Егер жоспар жүзеге асса, аудан бойынша барлық жалпы орта білім беретін мектептерді күрделі жөндеуден өткізу жұмысы толық аяқталады. Аудан мектептері 14 мультимедия, 27 физика, 20 биология, 18 химия оқу кабинеттерімен жабдықталып, 100% интернетке қосылған.
Жолдаудағы жағымды жаңалықтың бірі – Мемлекет басшысының “Интеллектуалды мектеп” секілді жобаларға мән беріп, оларды “отандық білім беру жүйесінің флагманы” ретінде қалыптастыру жөніндегі ұсынысы.
“Еңсесін енді көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды ұрпақтың орны мүлде бөлек”, деп Елбасы өзі атап өткендей, әр ауылдағы, әр мектептегі дарынды шәкірттерді тауып, олардың білімін шыңдап, қабілеттерін дамыту мақсатында оқу жылының басында аудандық балалар шығармашылығы орталығы жанынан “Болашақ” ғылыми жобалар мен инновациялар бөлімі құрылып, бүгінгі таңда 51 педагог осы мақсатта қызмет етуде. 2 мектеп-гимназияның түлектері 100% мемлекеттік грант иегерлері атанып, ел мерейін үстем етіп келеді.
Сондай-ақ, биылғы Жолдау кәсіптік және техникалық білім беру мекемелеріне де жаңа талаптар қойып отыр. Қазіргі нарықтық және дағдарыс кезеңінде кәсіптік білім беруді экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланыстыру – уақыт талабы. Бүгінгі таңда ауданымызда 2 кәсіптік лицей жұмыс жасайды. Ауыл шаруашылығы және білім беру жүйесі көптеген өзгерістерге ұшырауына қарамастан, кәсіптік білім беруде бұрыннан қалыптасқан өзіндік дәстүрлері сақталған. Олар ауылшаруашылық мамандықтары бойынша кадрлар даярлаумен қатар, экономикалық, техникалық және технологиялық мамандықтар бойынша да білім беруде. Өткен Жолдауда қойылған міндеттерге сай, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша жұмыссыз азаматтарды даярлау және қайта даярлау курстарында оқыту үшін кәсіптік лицейде қысқа мерзімді курстар ашылды. Осы мерзім ішінде жұмыссыз 60 жас “сатушы”, “аспаз”, “тас қалаушы” сияқты қазіргі таңдағы ауданымызда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алып, мамандықтары бойынша әр түрлі жұмыс орындарына жолданды.
Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында қызмет жасайтын қосымша білім беру мекемелері мектеп жасындағы балалардың 72%-ын қамтыса, жазғы кезеңде оқушылар демалысын ұйымдастыру 98%-ға жетті. Аудандық туризм және экология орталығы балалар туризмі, өлкетану жұмысын ұйымдастыруда облыста 3 жыл қатарынан үздік танылса, С.Ошанов атындағы мектептің “Ақжайық” оқушылар командасы республикалық туристік техникасы сайысына қатысып, ІІ орынды иеленді.
Мектеп жасындағы балаларды оқумен қамту, оларға қосымша білім беру мен демалысын ұйымдастыру бағытындағы аудан әкімі А.Иманғалиевтің жұмыс есебі Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия отырысында тыңдалып, қол жеткен табыстар мен жүйелі жұмыс ерекше аталып өтті. Қазір осы тәжірибені облыс көлемінде тарату жұмыстары кеңінен жүруде.
Өткен жылы Тайпақ ауылында 1 спорт кешені күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне берілсе, биыл Шалқар көлі жағасында орналасқан ауысымына 360 бала қабылдайтын “Ақшағала” тынығу лагері “Жол картасы” бойынша күрделі жөндеу жоспарына еніп отыр. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның алдағы онжылдықта даму, өркендеу бағыттарын айқындаған бұл стратегиялық құжатта еліміздің білім саласын заман талабына сай экономикамен тығыз байланыста жандандырудың сара жолдары нақтыланған.
“Алмақтың да салмағы бар” демекші, мемлекет тарапынан білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуі ұрпақ тәрбиесіне жауапты әр ұстаздың, әр қазақстандықтың жауапкершілігін еселей түсуде.
Жүрегінде “Отаным – Тәуелсіз Қазақстан!” деген патриоттық сезімі лаулаған, бойында “Мен – қазақпын!” деп қаны тулаған, білімді, намысты ұрпақ тәрбиелеу – Қазақстанның болашағына қызмет жасау екенін әр ақжайықтық ұстаз өзіне артылған зор сенім, үлкен мәртебе деп біледі.
С.ҚҰСАЙЫНОВ, Балалар шығармашылығы орталығының директоры.
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы.