Қазақстан • 07 Маусым, 2022

Газ саласын дамыту – күн тәртібінде тұрған мәселе

823 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжілісте вице-спикер Балаим Кесебаеваның төрағалық етуімен «Газ саласын дамыту перспективалары» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында теңгерімді және коммерциялық жағынан тартымды газ нарығын қалыптастыру қажеттігін атап өткенін еске салды.

Газ саласын дамыту – күн тәртібінде тұрған мәселе

Жиында Балаим Кесебаева Парламент депутаттарының мұнай-газ саласын дамыту мәселелерін бұдан бұрын да бірнеше рет көтергенін атап өтті. «Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – газ саласының ағымдағы жай-күйін талдау, осы саладағы өңірлерді газбен қамтамасыз етудегі негізгі проблемалар мен тәуекелдерді айқындау, оларды шешу жөнінде шаралар мен ұсынымдар әзірлеу», деді вице-спикер.

Отырыста Энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміздің газ саласын дамыту перспективалары бойынша қысқаша па­йымдау мен жаңа тәсілдері туралы баян­дама жасады.

Министрдің айтуынша, газ қоры бойынша Қазақстан әлемде 22-орында, ал ТМД елдерінің арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-орында тұр. Табиғи газды кеңінен қолдану мүмкіндігін атап өткен Энергетика министрі әлемдік экономикада оның маңызы зор екенін де алға тартты.

– Елімізде газ тұтыну тұрақты түрде өсіп келеді. 2017 жылдан бастап 2021 жылды қоса алған кезеңде тұтыну 13,8-ден 18,6 млрд текше метрге дейін 4,8 млрд текше метрге өсті. Газ тұтыну өсімі шамамен 35% немесе жыл сайын орта есеппен 7 пайызды құрады. Сонымен бірге, елдегі газ саласын дамытудың негізгі тежеуші факторы бағаны тежеу саясаты болып табылады. Осыған байланысты 2025 жылға қарай отандық газдың тапшылығы және импорттық ресурстарға тәуелділік туындауы мүмкін, – деді ведомство басшысы.

Министр атап өткендей, елдің ішкі нарығын газбен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылы ұлттық оператор институты енгізілді, оған мұнай кен орындарында өндірілетін газды сатып алуға мемлекеттің артық құқығы берілген. Ұлттық оператор – QazaqGaz ҰК тауарлық газдың көтерме саудасын және сатып алу бағасы мен магистралды тасымалдау тарифтерін негізге ала отырып, бірыңғай газбен жабдықтау жүйесі арқылы газды бөлуді бірыңғай диспетчерлеуді жүзеге асырады.

Энергетика министрінің мәлімдеуінше, бұл схема мемлекеттік органдарға газдың бағасын ұстап тұруға және ішкі нарықта тұрақты газбен жабдықтауды қолдауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте көтерме сауда ұлттық оператор үшін залалды болып табылады. Себебі мұндай сауда экспорттық түсімдерге тікелей байланысты және содан субсидия­ланады. Мәселен, 2015-2021 жылдарда ұлттық оператор ішкі нарыққа 587 млрд теңге субсидиялады. Газдандыруды дамыту жағдайында ұлттық оператордың шығындары тұтынудың, оның ішінде газға нарықтық бағаны төлеуге қабілетті жаңа коммерциялық тұтынушылардың өсуімен жыл сайын ұлғаюда.

Сонымен қатар Болат Ақшолақов министрліктің Үкіметке 2024 жылға дейін жер қойнауын пайдаланушылардан сатып алу бағаларын тоқтату жөнінде ұсы­ныс енгізгенін мәлімдеді. Бұл шара елдің әлеуметтік осал тұрғындары үшін тауар­лық газға шекті көтерме сауда бағаларын тежеп тұруға ықпал ететін болады.

Өз кезегінде QazaqGaz ҰК басқар­ма төрағасы Санжар Жаркешов мұнай өндіруші компаниялар үшін ағымдағы бағалар кезінде газ өндіруге қызығу­шылық жоқ екенін және газ өндірудің тартым­дылығын арттыру үшін әділ баға ұсыну қажет екенін атап өтті.

Үкімет сағаты барысында депутаттар газ тасымалдау инфрақұрылымының тозуы, өңірлерді газдандырудың төмен дең­гейі, газ саласын басқару жүйесін рефор­малау қажеттілігі және тағы басқа мәселе­лерді көтерді.

Талқылау қорытындысы бойынша бар­лық мүдделі тараптардың ұсыныстарын ес­кере отырып, тиісті ұсынымдар әзірленетін болады.