19 Мамыр, 2010

АСТЫҚТЫ ӨҢІРДЕ ТҰҚЫМ СЕБУГЕ ӘЗІРЛІК ҚАЛАЙ?

698 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысынан — Өмір ЕСҚАЛИ:

Бүгінге дейін облыстық агро­өнеркәсіптік кеңестің кеңейтіл­ген мәжілісі үш рет өтті. Онда ауыл­шаруашылық дақылдарын дер кезінде себу негізгі әңгіме өзегіне айналып, биылғы дала жұмыстарының ерекшеліктері атап өтілді. Агроқұрылым жетек­шілерін көктемнің ерте келуі, мамыр бойы жаңбырдың жау­мауы алаңдатулы. Оның үстіне метеорология қызметкерлерінің жаз құрғақшылық болуы мүмкін деген болжамы шындыққа жа­нас­са, жағдайдың қиындай түсері анық. Топырақ қыртысындағы ылғал қоры орташа жылдық дең­гейге сәйкес келгенімен, кей жерлерде ала-құла. Сол себепті қалыптасқан күрделі жағдайдан қиналмай шығудың шаралары алдын-ала қарастырылған. Атап айтқанда, белгіленген 3,2 мил­лион гектар алқапқа ылғал жа­был­ды. Басқа да агротехникалық шараларды қатаң сақтай отырып топырақтың құнарлылығын ке­міт­пеу жайы басты назарға алын­ған. 546 мың тонна тұқым сұ­рып­таудан өтіп, 94 пайызы 1,2 сыныпқа жеткізілді. Тұқым ал­мас­тыру және жаңарту мақса­ты­мен 15 мың тонна элиталы тұ­қым әзірленді. Республикалық бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам демеу қаржы бөлініп, “Қаз­Азот”, “ҚазФосфат” зауыт­тарынан минералды тыңайтқыш алуға келісім-шарт жасалды. Жанар-жағармай үшін 2,7 миллиард, тұқым шаруашы­лы­ғын қолдауға 345 миллион теңге мемлекеттік қазынадан қарас­тырылды. – Көктемгі егіс науқанын өз мез­гілінде өткізудің нақты мін­деттері белгіленді. Қалған шаруа – диқандардың өз қолында. Ең бастысы, тұқым сіңірудің қо­лай­лы кезеңін өткізіп алмауымыз ке­рек. Бидайды 1 маусымға, қал­ған техникалық дақылдарды 5 маусымға дейін сіңіруді межелеп отырмыз, – деді бізге облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орын­ба­сары А.Сапаров. Оның айтуына қарағанда, соңғы кездері қолжетімді жанар-жа­ғармаймен қамту жайы жақ­са­ра түскен. Қажетті  63 мың тонна дизель отынының 85 пайызы әкелінген. Қалғаны  жақын күн­дері жеткізілмек. Әр литрі 62 тең­геден белгіленген. Жылдағы­дай егіс зиянкестері мен арам­шөптерге қарсы күрес шаралары да тыңғылықты  атқарылмақ. Биыл тыңайған жерлерді игеру есебінен дәнді дақылдар көлемі 4 миллион гектарға жетіп отыр. Бұл  былтырғыдан 120 мың гектарға көп. Майлы дақылдар егістігі 300 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Картоп пен көкөніс мөлшері де едәуір артты. Бүгінде Қызылжар өңірінде алқаптарға жаппай аттаныс басталып, кең дала дүбірлі еңбекке бөленген. Солардың бірі – өңірдегі ең ірі астықты Ғ.Мүсірепов ауданы. Аудан егіншілері биыл 629 гек­тарға дәнді дақылдар орна­лас­тыруды ұйғарған. Оның 445 мың гектарына жаңа технология қол­данылмақ. Мұнда ылғал жабу, жер өңдеу талапқа сай атқары­лып, майлы дақылдарды егу қызу қарқын алған. Тайынша ауда­ны­на қарасты “Тайынша-Астық” ЖШС де күн өткен  сайын еңбек қарқынын үдете түсуде. Тәжі­ри­белі маман Анатолий Рафальс­кий басқаратын агрофирма нөлдік технологияны тиімді мең­герудің арқасында науқанды 1 маусымға дейін толық аяқтап жүр. Жалпы, облыс бойынша көктемгі егіске 900-ге жуық жоғары өнімді кешенді техника тартылып, барлық жұмыстың 75 пайызын атқаратын болады. Осынау жауапты науқаннан облыстың аграршы ғалымдары да сырт қалып отырған жоқ. Олар­дың пайдалы ойлары мен ғылы­ми-зерттеулері әркез ескеріліп, үнемі тәжірибеде қолданылады. Мәселен, облыстық аграрлық кеңестің төрағасы, ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының канди­да­ты Владимир Иванов, “Облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы” ЖШС мамандары Ольга Гаас пен Николай Ду­бина­ның ылғал сақтау, арамшөппен күрес, себу мерзімін тиімді пай­да­лану жайлы құнды ұсыныс­тары кітапша болып басылып, диқандарға таратылды.

Ақмола облысынан — Бақберген  АМАЛБЕК:

Ақмола диқандары жауапты науқанды әдеттегідей жан-жақты дайындықпен бастап отыр. Жұмыс жоспары бойынша биыл дәнді да­қылдар 4569,4 мың гектар алқапқа орналастырылады. Бұл былтырғы деңгейден 240,5 мың гектарға артық. Облыстық ауыл шаруашы­лы­ғы басқармасының бастығы Ай­гүл Ахметжанова егістік құрылы­мын әртараптандыру бағыты жал­ғасын табатынын айтады. Мәселен, картоп дақылы өткен жылғыдан 151,6 гектарға ұлғайтылып, 18341 гектарға, көкөніс 4229,7 гектарға (118,7 гектарға көп) жеткізілмек. Осының өзінен-ақ диқандар жауап­кершілігінің еселеп артқандығын байқауға болады. Тұқым ырыздық негізі екендігін жақсы білетін диқандар қауымы оны дер кезінде қорландырып, өң­деу жұмыстарын ерте күзден бас­тауды дағдыға айналдырған. Зерт­ханалар қорытындысы бойынша барлық 579,4 мың тонна тұқым тиісті өнгіштік дәрежеге жет­кі­зіл­ген. Оның 82 пайызы бірінші және екінші класты себу стандартын қамтамасыз етеді. Қазір тұқымды ашық ауада қыздырып, дәрілеу ісі атқарылуда. Бұл орайда, Бұланды, Еңбекшілдер, Атбасар, Егіндікөл, Целиноград, Есіл аудандарының шаруашылықтары тыңғылықтылық танытуда. Биыл инвесторлар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары тарапынан минералды тыңайтқыштарды молынан қорлан­ды­руға ерекше көңіл бөлінді. Яғни, оның көлемін 29341 тоннаға жет­кізіп, 1,2 миллион гектар алқапты нәрлендіру жоспарланып отыр. Со­нымен қатар, егіншілік мәдениетін көтеру мақсатында Бұланды, Жақ­сы, Еңбекшілдер, Жарқайың, Сан­дықтау, Атбасар аудандары қыруар қаржы қарастырғаны құптарлық. Осының нәтижесінде, 2701,1 гектар алқап ылғал қорын сақтау техно­ло­гиясымен өңделіп отыр. Мұндағы өсім 31,4 пайызды құрайды. Облыстың барлық аудандары тұқым себу ісіне кірісіп, белсенділік танытуда. Бүгінгі күнге он аудан­ның шаруашылықтары біржылдық және көпжылдық шөп егуді аяқ­тауға жақын қалды. Сандықтау ауданында барлық дақылдар түрін себу 48 мың гектардан асып отыр. Бұланды ауданының “Сарытомар”, “Новобратское”, “Журавлевка”, “Пар­тизанское” ауыл шаруашы­лығы кәсіпорындары майлы дақылдар, күнбағыс, рапс және сүрлемдік жүгері егуде алда келеді. Ауданнның астықты алқаптарында 645 трактор, 584 тұқымсепкіш пен 51 дана заманалық кешен өнімді жұмыс атқаруда. Жалпы, облыстың диқан-меха­низаторлары қауырт науқанның әр сағатын тиімді пайдаланып, күніне 285 гектарға тұқым себу жөніндегі жоспарлы межеден көрінуде. Бұл ақмолалық дала еңбеккерлерінің ырыздық дәнін себуді белгіленген кестеге сай абыроймен атқарып шығатынына сенім қалып­тас­тырады.

Қарағанды облысынан — Айқын НЕСІПБАЙ:

Биылғы көктем қарағандылық диқандар үшін үлкен үміт әкелді. Ылғал мол, егістік алқаптарға дәл ат­таныс алдында жауып өткен нұр тіп­ті тілегендей болды. Қамданысқа ер­те қозғалмағандар болмаса бұған дей­інгідей жанар-жағар май, тұқым із­деп әуре-сарсаңға түскен ешкім жоқ. Қыр төсіндегі жай-күй қандай? Осы сауалымызға облыстық ауыл шаруашылығы департаменті бас­ты­ғының орынбасары Абдолла Төре­бековтің жауабы жарқын шықты. Өңірде егінді ең молынан егетін Нұра, Осакаров аудандары тұқым себудің алғашқы айналымдарын еңсеріп үлгеріпті. Науқан басталған екі күн ішінде 40 мың гектар ал­қап­қа дән сіңіріліп, қарқынды үде­тіп барады екен. Бұлайша қи­мыл­даса болмайды. Көршілес қос аудан осы маусымда әрқайсысы 230 мың гектар жерге астық өсіруі керек. Бұған межелі уақыт қысқа. Айдың аяғына дейін іс тындырылуы қажет. Сондықтан жергілікті диқандар жұмысқа қауырт кіріскен. Ал облыс бойынша дәнді да­қыл­дар себілетін егістік 748 мың гектар – 89 мыңы арпа, 19 мыңы сұлы. Мұның сыртында 5 мың гектарға жуық алқапқа көкөніс егі­леді, картоп отырғызылады. Негі­зі­нен Абай ауданында шоғырланған онымен шұғылданушылардың егін­шілермен бірге бүгінде мойын бұрар уақыттары жоқ. Аймақта астық өндіруді тұтқа еткен шаруашылықтардың шоқты­ғы биігі “Қайнар” ЖШС. Мұндағы егістік 30 мың гектарды алып жа­тыр. Бұрнағы күні аталған серіктестік же­текшісі Сейітжаппар Нығметовпен күн ұзаққа байланысқа шыға алмай, ақыры түнде тілдестік. Егін­жайдан оралған беті екен. “Күткен сәт сәтті басталды. Диқандарымыз дала еңбегін сағынып қалыпты. Ше­тінен ширақ қимыл үстінде. Науқанды жылдағыдай 10 күнде аяқтамақпыз”, деді ол. Міне, бұл күнде қыр еңбек­кер­лері арасында іс осылайша қызған кез. Өнім өткізудегі былтырғы қиын­дықтарға өкпе ұмытылған. Алда­ғы күзде қайталанбасына, қа­лай болғанда да басты ырыс көзі қадірі бөлек болмақтығына сеніседі.