Әкім-жаттықтырушы
Қостанайдан ертерек шығып кетіп едік, Аманқарағайға бір тоқтап, сағат тоғыз болмай Сұлукөлге келіп кірдік. Сұлукөл – ауылдық округтің атауы. Орталығы – Юльевка елді мекені. Кезінде Сұлукөл деп айтуға кірме жұрттың тілі күрмеле берген соң, осылай өзгертіп алған ғой. Олардың көбі көшіп кетті. Ауылдың ресми атауы Юльевка болып қалғанымен, жергілікті халық Сұлукөл деп сөйлейді. Бүгінде бұл елді мекенде 200-ге тарта үй бар, халқының саны 800-ден асады. Ауылдық округке қарасты Федосеевте 191 үй, шағын ауыл Шиліде 15 үй түтін түтетіп отыр. Жалпы, округтегі халық саны 1200-дің сыртында. Кезінде әйгілі биязы жүнді асыл тұқымды қой зауытымен мәшһүр болған Сұлукөл өңірі егін шаруашылығына қолайсыз болғанымен, өрісі отты, жайылымы шұрайлы, шабындығы мол мал ұстауға аса ыңғайлы жер. Сондықтан мұндағы жұрттың көбі төрт түлік өсіріп, ата кәсіпті дамытып отыр.
Ауылда әкімдік ғимараты жоқ болғандықтан әкім мектептің бір бұрышын паналап отыр екен. Әкімдіктің есігі мектеп ғимаратының сыртында бөлек екен, әкім орнында болмай шықты. Әкіммен көршілес бөлмеде отыратын учаскелік полиция қызметкері: «Қайрат Қамысбайұлы қазір жаттығуда. Жұмысқа сағат 9:00-де келеді», деді.
Тоғызға 10 минуттай бар, біздің сөз түсінбей қалғанымызды сезген болу керек, полицей: «Біздің әкім кезінде самбо күресімен айналысқан. Әлем чемпионы Ислам Бозбаевтың ағасы Төлеген Бозбаевтың шәкірті. Самбодан КСРО спорт шеберлігіне кандидат. КСРО кезінде мұндай дәрежеге жету үшін республикалық, одақтық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, жүлде алу керек. Әкім спортты әлі де тастамай, ауыл балаларын күреске баулып жүр», деді.
Сағат тілі дәл тоғызға келіп тірелгенде әкім келді. Амандасып, жөнімізді айтып, жұмыс бөлмесіне кірдік.
– Былтыр бірінші мерзімім аяқталып, халық екінші мерзімге сайлады. Ауылда мәселе көп қой, бірін шешсең, екіншісі күтіп тұрады. Ауыл әкімі болатын адам әмбебап болуы керек. Бірде есепші, бірде экономист, малшы, тракторист, инженер, агроном, зоотехник, электрик, құрылысшы, жаттықтырушы, тіпті тәрбиеші психолог болуға мәжбүр боласың. Осының бәрінен хабарың болуы керек. Әйтпесе, ауылда әкім бола алмайсың. Ал балаларға негізінен самбо күресін үйретем. Өйткені олар ертең ел қорғайды. Менің мақсатым олардың бәрін чемпион етіп шығару емес, олар ертең өзінің елін, жерін, қасында жүрген әйелі мен бала-шағасына қорған бола алуы қажет, – деді Қайрат Шәріпов.
Ауыл балаларын спортқа баулу үшін маман керек. Ал шамалы айлықпен шалғайдағы шағын ауылға жаттықтырушы әкелу қиын. Сондықтан әкім бойындағы өнерін жаратып, жұмыстан бос уақытында балаларды өзі жаттықтыруға бел байлапты. Кіші топта 15 бала, ересектер тобында 18 бала жаттығады. Әкім-жаттықтырушының Изат Қайрат, Мадияр Қаратай есімді екі шәкірті дзюдо, самбо, қазақ күресінен Әулиекөл ауданының намысын қорғап, аудандық құрамада өнер көрсетіп жүр.
– Әдетте жаттығу аптасына үш рет жұмыстан кейін, кешкі сағат 18:30-да басталып, 20:30-да аяқталатын. Қазір балалар жазғы демалыста, біразы қалаға кетті. Қалғандарымен таңертең жаттығып жүрміз. Жұмысқа кедергі келтірмейді. Мектеп 2020 жылы 390 млн теңгеге толықтай күрделі жөндеуден өткен. Өзімнің күрес залым бар. Кілемді Шайсұлтан Шаяхметовтің Бейімбет есімді ұлы демеушілік жасап, сатып алып берді. Мереке күндері ауыл арасында қазақша күрес пен дзюдодан жарыстар өткізіп тұрамын, – дейді әкім.
Самбо күресіне биыл 5-сыныпты тәмамдап, алтыншы сыныпқа көшкен Владислав Рудницкий де барып жүр. Владиславтың анасының айтуынша, ауыл әкімі бұл жұмысы үшін бір тиын айлық алмайды, күндіз әкім болса, кешке жаттықтырушы болып тегін жұмыс істейді. Мектеп оқушыларының көбі осы спорт секциясына қатысады. Ауылдың балалары биылдың өзінде қазақ күресі мен самбодан аудандық, облыстық жарыстарға барып, бірнеше жерден жүлделі оралған.
– Бұрын мұндай жағдай өңіміз түгілі, түсімізге де кірмеген. Айлық төленбесе, қияндағы ауылға қаладан кім жаттықтырушы болып келеді. Менің тіпті кішкентай немере қызым да самбоға барып жүр. Спорт балаға жақсы әсер етеді екен. Күреске қатыса бастағалы Славаның күн тәртібі де жүйеленді. Бәрін уақытымен істейтін болды. Бұрынғыдай телефонға шұқшиып отыруды ұмытты. Ұқыпты, жинақы, үнемі сергек жүреді. Мектептен келе салысымен, сабағына отырады. Үй шаруасына көмектеседі. Өйткені кешкі жаттығуға үлгеруі керек. Жаттығудан кейін тамағын ішеді де бірден ұйқыға кетеді. Осының бәрін байқаймын да сүйсінемін. Анаға бұдан артық не керек?! Қайрат Қамысбайұлы бала тәрбиесіне де үлкен көмегі тиіп жатыр. Адам ретінде де, әкім ретінде де өте тамаша кісі, – дейді Владиславтың анасы Антонина Рудницкая.
Қарағайы бар жердің қайыңы түзу өседі деген осы.
Бірлігі бар ауылдың тірлігі бар
Шалғай ауылдық округте шағын бизнеске де шуақ түсе бастапты. Биылдың өзінде тұрғындардың біразы кәсіпкерлікке бет бұра бастаған. Мәселен, Сұлукөлде тұратын Заманбек Сейтмағамбетов мемлекеттің қаржылай қолдауымен биыл мал шаруашылығын қолға алыпты. Ал Айшагүл Ізекен кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы бойынша оқу курсын тәмамдап, 1 млн 200 мың теңге грантқа ие болған. Енді Федоссеевтен шағын наубайхана ашып жатыр. Азамат Мырзахметов біраздан бері құс өсірумен айналысады. Қазір 2 мыңнан астам қаз ұстап отыр. Биыл қаз-үйрек шығаратын қымбат инкубаторын іске қосқан жеке кәсіпкер құстың етімен қоса, мамығы да әжептәуір табыс әкелетінін айтады.
Сұлукөлдің қасында жергілікті серіктестіктің меншігіндегі үлкен бау-бақша бар екен. Кезінде көкөніс, жеміс-жидек егіпті. Үш түрлі алма ағашы өседі. Біраз жылдан бері қараусыз қалған бау-бақшаны биыл ауыл әкімі серіктестіктен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы сұратып, жергілікті тұрғындардың біріне жалға алып беріпті.
– Бақшаның жал ақысын бір жыл төлемейтін болып келістік. Осы жерді алудың жолдарын іздестіріп, ауданға барып, серіктестік басшысы Ахметжан Қуанышбаевпен келісіп үлкен еңбек сіңіріп, бас пайдасын емес, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту жолында шаршамай-шалдықпай зыр жүгіріп еңбек етіп жүрген ауыл әкіміне алғысым шексіз. Әкім осы ауылдағы еңбек биржасында жұмыс істеп жүрген жігіттердің басын қосып, жер жырту, картоп отырғызу жұмыстарына да көмек берді. 5 гектар картоп, 6 гектар қарбыз егіп тастадық. Бұйырса, жемісін күзде көреміз. Бұл өңірге егіннен гөрі, көкөніс, жеміс-жидек жақсы шығады. Іргедегі Федосеев ауылында Хасан Әлібеков деген азамат былтырдан бері 10 гектар жерге картоп, 4-5 гектардай қарбыз еккен. Табысы жаман емес, оған қоса биыл бақшасын кеңейтіп, қауын, асқабақ егіп тастады, – дейді бақшаны жалға алып отырған бағбан Шахтербай Оспанов.
Сұлукөл халқымен әңгімелескенімізде өздері қалап, сайлап алған әкім туралы жылы лебізді көп естідік.
– Мен ауылға келгелі үшінші әкім ғой. Өзгеріс бар. Әкім тыным таппайды, еңбекқор адам. Ауылдың әр жерінде баяғыда жабылып қалған құдықтардың түбін тазартып, суын тұшытып, бетіне жабылатындай етіп қақпақ жасады. Ауылдың сыртында суат бар еді, осыдан он жыл бұрын сол жырылып кетіп, су тоқтамай, мал су ішетін жер алыстап кетіп еді. Былтыр соны бітеді. Қазір дәл түбімізде мал суаруға ыңғайлы суатымыз бар, – деді ауыл тұрғыны Қайнар Сұлтанов.
Ауыл әкімі Қайрат Шәріповтің айтуынша, суаттың құрылысы көптің күшімен бітіпті.
– Осы су қоймасын қалпына келтіруге үлес қосқан ауыл тұрғындарына ризамын. Былтыр ауыл ағаларының батасын алып, ағайын ауызбіршілікпен көп болып жұмыла кірісіп, бір маңызды шаруаны тындырып тастадық. Осы ауылда тұратын Иван Ивановқа, оның ұжымына, менімен бірге су қоймасын қолымен қалап шыққан Жәнібек, Марс, Александр, Дәмеш, Валентина, Еркегүл сынды қыз-жігіттерге ерекше алғыс білдіремін, – деді әкім.
Сайланған әкім сегіз айдың ішінде біраз шаруаны тындырыпты. Бұрын шамалы боран ұйтқыса Сұлукөлге кіреберістегі күре жолға қар үйіліп көлік жүре алмай қалатын. Енді сол жолдың екі жағына екі-үш қатардан ағаш отырғызылыпты. Көшелердің бойына да ағаш көшеттерін отырғызып, қарағай егіп жатыр. Кіреберіс жолдың ой-шұқырын түгелдей өз күшімен бітеп шығыпты.
– Бұрын түнде ай қараңғыда ауылдың ішімен жүру қиын еді, қазір бүкіл көшеде күннен қуат алатын шам жанып тұр. Кіреберіс жолға жаяу жүргіншілер өтетін жолаққа дейін сызып қойды. Өзгеріс бар ауылда. Тұрғындардың да көзқарасы өзгерді. Бұрын көбі бұл ауылдың болашағы жоқ деп ойлайтын, қазір тіршілік жанданды. Әкім ауылдың үлкенімен де, кішісімен де тіл табыса біледі. Енді өзіміз тікелей жасырын дауыс беру арқылы сайлап алған әкіміміз ғой, іскерлігін, адамгершілігін бұрыннан білеміз. Әйтпесе, тағайындалған әкімді де көрдік. Олар халыққа есеп берер кезде ауылға аудан әкімі келеді. Соны ауыл әкімі ешкімге айтпай, жариясыз өткізіп жіберетін. Біз ауылға аудан әкімі келіп кетіпті дегенді ғана естіп қаламыз. Олар тек бюджет қызметкерлерін ғана отырғызып қоятын да, аудан әкімін бәрі тамаша, бәрі жақсы деп сылап-сипап шығарып салатын. Ешкім ауылдың мұңын ашып айта алмайды. Кейде естіп қалып, жиналысқа қатысайын десең, төменге еден жуушы әйелдерді қойып қояды, ол кісілер кіргізбейді. Әйтеуір жиналыс өтіпті дегенді естіп жататынбыз. Қазір ондай жоқ. Уатсап желісінде ауылдың арнайы чаты бар. Есеп беру жиналысы қарсаңында әкім алдын ала жиынның өтетін орны мен уақытын айтып, бәріне келіңіздер, сұрақтарыңыз болса қойыңыздар деп хабарлайды. Қазір ашық қой бәрі, – дейді ауыл тұрғыны Қайнар Сұлтанов.
Қостанай облысы