Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын даламыз болғанымен, кейінгі уақытта, әсіресе малсақ қауым тарапынан тоқымдай жерге зар болып, жанайқайын жеткізушілер, оны айтасыз әрқилы дау-дамай тудырушылар көбейе түсті. Шынтуайтында, жер дауының түпкілікті мәселесі бір сәтте жиналып қалған жоқ, ұзақ жылдан бері қордаланған, уақтылы шешімін таппаған қаны шығып тұрған мәселе. Сондықтан да күнкөрістің көзіне айналуға тиісті жерге қатысты шаруалардың шағымдарын қарау және оған мұқият мән беру қажет екені даусыз. Жерге қатысты басты мәселелердің тағы бірі, бүгінгі күні шаруалардың қолындағы жерлер қаншалықты тиімді пайдаланылуда, игерілмей жатқан жерлердің көлемі қандай екенін нақтылай білумен бірге, пай иелерінің шартты үлестеріне қатысты дауларды заңмен қалай реттеуге болады деген мәселе көпшілікті қатты толғандырып отыр.
– Бүгінгі күні прокурорлар негізінен пайшылардың жер бойынша дауларына қатысты мәселелермен жиі ұшырасып отыр. Пайшылардың мәселелерін егжей-тегжей зерделей келіп, олардың, яғни, пайшылардың рұқсатынсыз фирмалар шаруалардың жерге деген шартты үлестерін банктерге үлкен несиелер алу үшін кепілдікке өткізіп жіберу фактілерін анықтадық, – дейді облыс прокуроры Айдос Майлыбаев, – кейіннен пай иелерінің жер телімдерін кепілдікке қойған жекелеген кейбір фирмалар несиелері бойынша қарыздарын төлемей, кепілдікке қойған жерлерді үшінші тұлғаларға сатып жіберген. Басқа жағдайда, адал емес кей кәсіпкерлер, тіпті пай иелерін серіктестіктерінің құрамынан заңсыз шығарып жіберіп, олардың жер үлестерін өздеріне алып қалған. Соның салдарынан ауыл тұрғындары дивиденд алу мүмкіндігінен айырылып отыр.
Пай иелеріне қатысты ең көп туындап отырған мәселе – олардың серіктестік құрамынан шыға алмауы болып келеді. Яғни пай иелері серіктестік құрамынан шығып, шаруашылықты өз еркімен жүргізгісі келеді, алайда серіктестік басшылары серіктестіктен шығу мүмкіндігін беретін жалпы жиналыстарды өткізбей, өз бетінше шығу жолын кесіп отыр.
Қазіргі уақытта облыстық прокуратура осы пай иелеріне қатысты кешенді тексерістер жүргізуде. Проблемалық серіктестіктердің және олардың құрамындағы пай иелерінің нақты тізімі анықталуда. Талап иелерінің көтерген мәселелеріне қарай талдап тексеру үшін бөлек-бөлек топтастырылуда. Бұл жерде мына жайды дұрыс түсініп алу керек тәрізді. Кейбір жағдайда пай иелерінің күні бүгінге дейін шешімін таппай қордаланып қалған бірқатар мәселені сонау 2000-шы жылдардың басында пайда болған. Оларға қатысты құжаттар уақыттың өтуіне байланысты мұрағаттарда сақталмаған. Бұл, әрине, кәдімгідей қиындық тудырып отыр. Дегенмен прокурорлар сол уақыттағы куәгерлермен сөйлесу, әрқилы мекемелерден қажетті құжаттарды жинау арқылы нақты болған жағдайлардың шындығын қалпына келтіруге тырысуда.
– Ең алдымен, біз бұл бағытта мәселенің екінші жағын ұмытпауымыз керек. Жекелеген жағдайларда адал емес кәсіпкерлердің кесірінен, адал, заңды жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге топырақ шашпауымыз керек. Ең бастысы, біз заңдылықты қамтамасыз етуіміз керек, – дейді облыс прокуроры. – Бұл мәселе өте мұқият қараумен істің егжей-тегжейін терең зерделеуді талап етеді. Бастысы, осы мәселенің ақ-қарасын нақты ажыратқанымыз дұрыс. Қазір бас салып кәсіпкерлерден жер үлестерін алып, пай иелеріне таратып берейік деп ұрандатып дау шығарып жүргендер де аз емес. Бұл жерде барлық тараптарға да қолайлы жағдайларды қарастыру – басты міндет. Алауыздық, дау-дамай болған жерде береке де болмайды. Неғұрлым жанашыр кәсіпкерлердің «тастары өрге домалап», табыстары молайып жатса, соғұрлым пай иелерінің де дивиденд арқылы алатын табыстары көбейеді. Сондықтан, екі жақтың да мүддесін ескеріп, адал кәсіпкерлерге мейлінше қолдау, көмек көрсету қажет. Бәрі дұрысталады, қалпына келеді, тек халқымыз түсіністікпен осы кемшіліктерді реттеуге көмектессе, біз ашықпыз.
Жер қатынастарына байланысты мәселелер бойынша соңғы жылдары облыс прокуратурасы біршама нақты жұмысты жүргізіп отыр. Былтырдан бері прокурорлардың актілерімен жер иеленушілерге заңсыз берілген немесе пайдаланылмай жатқан 253 мың гектар жайылымдық жер анықталып, бүгінгі күні оның 100 мың гектары мемлекетке қайтарылды. Қалғаны игеріле бастады. Осы жылдың наурыз айынан бері пай иелерін серіктестік құрамынан заңсыз шығару бойынша 6 қылмыстық іс қозғалған. Мысалы, бір серіктестік 129 пай иесінің үлестерін алаяқтық жолмен алдымен 7 пай иесіне беріп, кейін олардың да үлесін бір ғана тұлғаның еншісіне өткізіп алады. Осы әрекетке байланысты қылмыстық іс қозғалып, тексерілу үстінде. Осыған ұқсас бірнеше қылмыстық іс қаралып жатқанын да айта кетуіміз керек.
Тағы бір мысал, прокурорлардың араласуынан кейін ғана бір серіктестіктің құрамынан шыға алмай жүрген 80-ге жуық пай иесі өздеріне тиесілі 2,5 мың гектардан астам жерімен бөлініп шықты. Шортанды ауданында осыған дейін он жыл бойы небәрі 8 600 теңге пайлық төлемдер алып жүрген пай иелеріне прокуратураның араласуынан кейін он есе көп төлем төлене бастады.
Оң нәтижелермен қатар, бірқатар қиындық та бар екенін айта кетелік. Мәселен, бірқатар пай иесі жалпы жиналыс хаттамаларын, сот арқылы шағымдану мерзімдерін өткізіп алған.
Елорда маңында, Бурабай ауданында заңсыз берілген жерлер де анықталды. Оларды қайтару үшін сотқа талап-арыздар енгізіліп, отыздан аса азаматтық іс қаралуда. Мұндай жұмыс барлық аудандарда жүргізілуде. Ел ішіндегі жерге қатысты дау-дамайдың бар қыры ескеріліп, әділдік салтанат құрса, шаруалардың да арқа-жеңі кеңіп, шаруасы алға басар еді. Сол кезде бірліктің тіні де нығая түспек. Бірлігі мықты елдің, берекесі де мол болмай ма?!
Ақмола облысы