...аудан әкімдері тағайындалды
Облыстың үш ауданының әкімдері ауысты. Бұған дейін облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары болған Мәди Елеусізов Қарғалы ауданының тізгінін ұстады. Ол еңбек жолын экономистіктен бастап, кеденші, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Қарғалы ауданының бұрынғы әкімі Мұхтар Жұмағазиев енді Ойыл ауданын басқаратын болды. “Қобда” кеңшарында зоотехник, партком хатшысы, аупарткомның бөлім меңгерушісі, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, Қобда, Исатай және Қарғалы аудандарының әкімі болған ол тәжірибелі басшы.
Ал оның орнына Қарғалы ауданының әкімі болып тағайындалған Айбек Сағиев бұған дейін “Батыс” өңіраралық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің директоры лауазымды қызметін атқарып келді. Еңбек жолын жұмысшылықтан бастаған ол Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық басқармасы мен Ақтөбе аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінде түрлі қызметтер атқарды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.
...балабақша ашылды
Облыс әкімі Б.Қуандықов Қызылорда қаласында жаңадан ашылған “Алпамыс” балабақшасында болып, оның жұмысымен танысты.
Жаңа типті 140 орындық балабақшаның жалпы құны 194 млн. теңгені құрайды. Бас мердігер – “Энергия” құрылыс компаниясы.
Жаңа балабақшада балғындар 8 топ бойынша тәрбиеленеді. Бұл балабақшаның өзгелерден ерекшелігі сол – мұнда 1-2 жас аралығындағы сәбилерді қамтитын ерте жастағы балалар тобы да бар. Сондай-ақ, орта және мектепалды даярлық топтары да жұмыс істейді.
Жаңа типтегі ғимаратта балғындардың жан-жақты тәрбие алуларына барынша жағдай жасалған.
Еркін ӘБІЛ,
ҚЫЗЫЛОРДА.
...маусымдағы Іле — Балқаш регатасы
Жер жәннаты Жетісудағы көктемгі мерейдің бірі Қапшағайдағы Таңбалы таста өтетін дәстүрлі Іле-Балқаш регатасының ашылуы болды. Облыс әкімдігі, Туризм және спорт министрлігі мен Табиғат қорғау қоғамы қолға алған шара биыл оныншы мәрте жалғасты. Оған қатысатындар қатары молайып, регатаның халыққа кеңінен танылуымен еліміздегі су-өзен туризмінің дамып, қалыптаса бастағаны байқалады.
Аталған мерекеде су спортын, су туризмін дамытуға арналып қасиетті Таңбалы тастың құз-жартастарында альпинистер сайысының бәсекесі қызды. Нағыз ержүрек “мұзбалақтар” өз шеберлігімен тәнті етсе, жалпы шараға 50-ден астам команда қатысты. Олар ескекті қайықпен, байдаркалармен, катамаран, сал және желкенді қайықпен теңіз бетіне із қалдырып, өзара тартысты жарысқа түсті. Бірнеше күнге созылған салтанат жаңа маусымда тағы бір қырынан көрінсе, ұлттық өнеріміз – көкпарға түскен сайыпқыран жігіттердің ептілігіне де жиналған қауым риза болды.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.