Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттарды Қазақстанның жаңартылған Конституциясымен құттықтады.
– 5 маусымда өткен референдумның қорытындысы қазақстандықтардың басым көпшілігі Президенттің саяси жаңғыру бағытындағы бағдарламасын қолдайтынын көрсетті. Бірлік пен сенім – Жаңа Қазақстанның негізгі тірегі. Халқымызда ертеңге деген сенім, ауызбірлік, татулық пен тұрақтылық бар. Ендігі кезекте Президентіміздің маңайына топтасып, осы сенім мен ынтымақты еселей түсуге тиіспіз. Мемлекет басшысының сенімін ақтап, саяси өзгерістерді заңнамалық тұрғыда сапалы әрі жедел іске асыруымыз қажет, – деді Палата Спикері.
Жалпы отырыста Палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жұмысқа алды. Сонымен қатар жиында депутаттардың бастамасымен әзірленген қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жоғарыда аталған түзетулерді енгізу туралы заң жобалары мақұлданды.
Бұл құжаттар заңнаманы және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жетілдіру мақсатымен әзірленген.
– Биыл Қазақстан қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі Еуразиялық топтың өзара бағалауының екінші кезеңінен өтуі керек. 2021 жылдың күзінде ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы халықаралық стандарттарға сәйкес негізгі ұсыныстарды ұлттық заңнамаға енгізу мақсатында заң жобасын әзірлеуге бастамашылық жасады, – деді Мәжіліс депутаты С.Симонов.
Жалпы отырыста қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды күшейту және қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске осы аталған түзетулерді енгізу туралы депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлданды.
Осы заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Юрий Ли заңның 217-бабында енді танымал тұлғалар, соның ішінде әншілер мен блогерлер, вайнерлер қаржылық өнімге қатысты жарнама жариялар алдында өте мұқият болуы керектігі анық жазылғанын атап өтті.
– Бұдан былай қаржылық өнімге байланысты жарнама жасағандарға заң аясында қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Оның ішінде 2000 АЕК және 600 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылу, тіпті 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Бірлескен топтар үшін қылмыстық жаза 3-7 жыл аралығында болуы мүмкін. Сонымен қатар бап санкциясына қарай мүлікті тәркілеу де көзделген. Бұл – өте қатаң шара, – деді Ю.Ли.
Өз кезегіне Мәжіліс Төрағасы бұл маңызды заң жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашы болғанына кеңінен тоқталып, заң жобаларының қаржы пирамидаларын құрғаны және оны жарнамалағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталғанын айтты.
Сондай-ақ жалпы отырыс барысында депутаттар бірқатар заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді. Жоғары палатаға жіберілген құжаттардың қатарында – салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Салық кодексі, құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы және волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бар.
Жалпы отырыста депутаттар Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады.
Онда Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова баяндама жасады.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәлімдеуінше, трансферттерді есепке алмағанда кірістер бойынша жоспар 156 млрд теңгеге асыра орындалған.
– Бюджетке 7,4 трлн теңге түсті. Салық түсімдері 7,1 трлн теңгені немесе жоспарға қарағанда 102,1 пайызды құрады. Салық бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына (225 млрд теңге), шикі мұнайға экспорттық кеден бажына (89 млрд теңге) және импортқа қосылған құн салығына (41 млрд теңге) тиесілі болды, – деді Е. Жамаубаев.
Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрінің айтуынша, экономикадағы іскерлік белсенділіктің біртіндеп жандануы, салық әрі кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мен цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс салық түсімдерін ұлғайтудың маңызды факторларының бірі болып саналады.
Отырыс барысында депутаттар министрлерге бірқатар сұрақ қойып, пікір алмасты.