Үкімет • 09 Маусым, 2022

Экономикадағы іскерлік – маңызды фактор

1060 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қарады.

Экономикадағы іскерлік – маңызды фактор

Отырысты ашқан Мәжіліс Төр­ағасы Ерлан Қошанов депутаттарды Қазақстанның жаңартылған Конс­титуциясымен құттықтады.

– 5 маусымда өткен рефе­рен­дум­ның қорытындысы қазақстан­дық­тардың басым көпшілігі Прези­денттің саяси жаңғыру бағытындағы бағ­дарламасын қолдайтынын көрсетті. Бірлік пен сенім – Жаңа Қазақ­станның негізгі тірегі. Халқы­мызда ертеңге деген сенім, ауызбір­лік, татулық пен тұрақтылық бар. Ен­дігі кезекте Президентіміздің маңа­йына топтасып, осы сенім мен ынты­мақты еселей түсуге тиіспіз. Мем­лекет басшысының сенімін ақтап, сая­си өзгерістерді заңнамалық тұр­ғыда сапалы әрі жедел іске асыруымыз қажет, – деді Палата Спикері.

Жалпы отырыста Палатаның Эко­номикалық реформа және өңір­лік даму комитеті Мемлекет бас­шы­сының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгі­зу туралы заң жобасын жұмысқа алды. Сонымен қатар жиында де­путаттардың бастамасымен әзірлен­ген қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және тер­роризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жоғарыда аталған түзетулерді енгізу туралы заң жобалары мақұлданды.

Бұл құжаттар заңнаманы және қыл­мыстық жолмен алынған кіріс­терді заңдастыруға және терро­ризмді қаржыландыруға қарсы іс-қи­мылдың ұлттық жүйесін жетілдіру мақсатымен әзірленген.

– Биыл Қазақстан қылмыстық жолмен алынған кірістерді заң­дастыруға және терроризмді қар­жы­лан­дыруға қарсы күрес жөніндегі Еуразиялық топтың өзара бағалауы­ның екінші кезеңінен өтуі керек. 2021 жылдың күзінде ақшаны жылыс­татуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы халықаралық стан­дарттарға сәйкес негізгі ұсыныс­тарды ұлттық заңнамаға енгізу мақ­сатында заң жобасын әзірлеуге бастамашылық жасады, – деді Мәжі­ліс депутаты С.Симонов.

Жалпы отырыста қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды күшейту және қаржылық пирами­далардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске осы аталған түзетулерді енгізу туралы депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлданды.

Осы заң жобасы бойынша баян­дама жасаған Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Юрий Ли заңның 217-бабында енді танымал тұлғалар, соның ішінде әншілер мен блогерлер, вайнерлер қаржылық өнімге қатысты жарнама жариялар алдында өте мұқият болуы керектігі анық жазылғанын атап өтті.

– Бұдан былай қаржылық өнімге байланысты жарнама жасағандарға заң аясында қылмыстық жауап­кер­шілік көзделеді. Оның ішінде 2000 АЕК және 600 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылу, тіпті 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарас­тырылған. Бірлескен топтар үшін қылмыстық жаза 3-7 жыл аралы­ғында болуы мүмкін. Сонымен қатар бап санкциясына қарай мүлікті тәркілеу де көзделген. Бұл – өте қатаң шара, – деді Ю.Ли.

Өз кезегіне Мәжіліс Төрағасы бұл маңызды заң жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашы болғанына кеңінен тоқталып, заң жобаларының қаржы пирамидаларын құрғаны және оны жарнамалағаны үшін жауап­кер­шілікті күшейтуге бағыттал­ға­нын айтты.

Сондай-ақ жалпы отырыс барысында депутаттар бірқатар заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді. Жоғары палатаға жіберілген құжаттардың қатарында – салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Салық кодексі, құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы және волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бар.

Жалпы отырыста депутаттар Үкімет­тің және Республикалық бюд­жет­тің атқарылуын бақылау жөнін­дегі есеп комитетінің 2021 жылғы рес­публикалық бюджеттің атқа­рылуы туралы есептерін қарады.

Онда Премьер-Министрдің орын­басары – Қаржы министрі Ер­ұлан Жамаубаев, Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова баяндама жасады.

Қаржы министрі Ерұлан Жамау­баевтың мәлімдеуінше, трансферт­терді есепке алмағанда кірістер бойынша жоспар 156 млрд теңгеге асыра орындалған.

– Бюджетке 7,4 трлн теңге түсті. Салық түсімдері 7,1 трлн теңгені немесе жоспарға қарағанда 102,1 пайызды құрады. Салық бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына (225 млрд теңге), шикі мұнайға экспорттық кеден бажына (89 млрд теңге) және импортқа қосылған құн салығына (41 млрд теңге) тиесілі болды, – деді Е. Жамаубаев.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрінің айтуынша, экономикадағы іскерлік белсенділіктің біртіндеп жандануы, салық әрі кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мен цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс салық түсімдерін ұлғайтудың маңызды факторларының бірі болып саналады.

Отырыс барысында депутаттар министрлерге бірқатар сұрақ қойып, пікір алмасты.