Парламент • 09 Маусым, 2022

Президент тағайындаған сенаторлар өкілеттік мерзімі аяқталғанша қызметте болады

611 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Президент тағайындаған 15 депутаты өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін қызметте болады. Бұл туралы Әділет вице-министрі Алма Мұқанова орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент тағайындаған сенаторлар өкілеттік мерзімі аяқталғанша қызметте болады

«Конституцияға негізілетін жаңа түзетулер бойынша заң қабылдаудың жаңа тәртібі болады. Ол «Мәжіліс қабылдайды, Сенат мақұлдайды» деген қағидатпен жұмыс істейді. Бұл нормалар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сондай-ақ Конституцияның 63-бабына сәйкес, жаңа тәртіп конституциялық заң жобаларын қабылдау рәмісінде де, жай заң жобаларын қабылдау рәсімінде де қолданылады», деді ведомство өкілі.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, лауазымды адамдарға өкілет берудің жаңа тәртібі де бүгін-ертең күшіне ене қоймайды.

«Лауазымды адамдарға өкілеттік берудің жаңа тәртібі ҚР Конституциясында өзгеше көзделмесе, осы лауазымды адамдардың өкілет мерзімінің аяқталуына немесе өкілеттігінің толық тоқтауына қарай қолданысқа енгізіледі. Мысалы, Сенаттағы Президент тағайындайтын 15 депутат мерзімі аяқталғанға дейін өз өкілеттігін сақтайды. Сондай-ақ Конституциялық сот пен Жоғарғы аудиторлық палата құрылғанға дейін Конституциялық кеңес пен Есеп комитеті жұмысын жалғастырады», деді Алма Мұқанова.