Қазақстан • 10 Маусым, 2022

Әділетті Қазақстан құрудың алғышарты қандай?

999 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Мемлекеттік дамудың жаңа кезеңі: Әділетті Қазақстан құру». Дәл осындай тақырыппен Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сараптамалық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға қатысқан саясаттанушылар «Конституциялық реформалар елімізге не береді?», «Жаңа Қазақстанды неден бастауымыз қажет?», «Ескі кадрлармен саяси жаңа модельге көше аламыз ба?», «Халық күткен өзгерістер қаншалықты ескерілді?» деген өзекті сұрақтар төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Әділетті Қазақстан құрудың алғышарты қандай?

Парламенттің беделін арттыру керек

Дәурен ПІРІМБЕТОВ:

– Бұл жолғы референдум симво­ликалық мәнге ие. Өйткені билік халық­тың қолдауына ие екенін көрсетпек бол­ды. Бұл легитимділік жағынан өте маңызды процедура. Халықтың қа­тысуы, референдумға баруы, тіпті қарсы дауыс беруі де позиция, бұл позицияны сыйлап, ондай көзқарастың барына дағдылануымыз керек. Оны да сарапшылар зерттеуі қажет.

Референдумның өткізілуінің өзі билікке сигнал, халық қолдады. Енді бұл референдумнан кейін қандай реформалар жүргізіледі? Бәрі де конституциялық реформаларды жүзеге асырудың сапасына байланысты. Сонымен қатар қазіргі таңда Президенттің өкілеттіктеріне ерекше мән беріліп отыр. Біз президенттік республика болып қала береміз, референдумнан кейін парламенттік рес­публикаға айналмағанымызды нақты айтуымыз керек. Сондықтан акцент Парламентке қойылу керек. Бұл жерде заң шығарушы орган және жергілікті органдарға адамдардың сенімін арттыру механизмі жақсартылып жатыр. Неге? Өйткені бұрын партиялық тізім бойынша құрылған Парламент партияның ғана көзқарасын жеткізсе, енді мажоритарлық, яғни пропорцио­налды жүйемен аралас, жеке сайлау учаскелерінен, өңірлерден жеке адамдар шығады. Сондай-ақ ол депутатты қайтарып алу процесі енгізілмек. Мұның бәрінің механизмдерін, бағ­дарламаларын жасау керек. Содан кейін Парламенттің рөлін арттыруы­мыз қажет. Президенттік биліктің беделі жоғары болғандықтан, биліктің қал­ған тармақтарына халықтың сенімі бәсең еді. Ал референдумнан кейін Пар­ламентті күшейту, оның беделін арттыру керек екенін көріп отырмыз. Сондықтан басымдық осыған жасалуға тиіс.

Сондай-ақ жергілікті жерлердегі мәслихаттардың мәртебесінің жоға­рылауы, өңірлердің басшысын таға­йындау үшін кемінде екі канди­дату­раның ұсынылуы және олардың өз жобаларын қорғауы бәсекенің көрінісі. Бұл халықтың саяси мәдениетінің өсуіне ықпал етеді.

Демократия – өмір қажеттілігі

Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ:

– Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда саяси жаңғыру болды. Конституция­лық реформаларды түсіндіру бойынша штабтың құрамында жүріп бір­қатар өңірде болдық. Халықпен, жұмыс­шылармен кездесу кезінде «Не өзгереді?» деген сұрақ жиі қойылды. Осы сұрақтың өзі бүкіл қоғам өзгерістерді қалайтынын аңғартады.

Бұрындары біз демократия оппози­цияның ғана «белгісі» немесе Батыс үшін, рейтинг үшін ғана қажет деп ойлайтын едік. Ал қазіргі кезде демократия өмір қажеттілігі болып отыр. Себебі демократияның заңдылығына қарайтын болсақ, бір адамның немесе бір органның қолында биліктің болмауы, биліктің орталықсыздануы, бар­лық билік тармақтарының тепе-тең­дік деңгейінде жұмыс істеуі, жергілікті мәселелерді халықтың өзі шеше алуы – осының барлығы референдумда Әділетті Қазақстанның үлкен алғышартын жасап берді десек болады. Біз Қазақстанды Франция, Оңтүстік Кореямен салыс­тырамыз. Мемлекет басшысының халыққа арнаған сөзінен кейін Екінші Республика туралы жиі айтатын болдық. Ал кез келген республиканың негізі – Конституцияны өзгертуден басталады. Бұл ретте мәселені халықтың талқысы­на шығару – биліктің легитимділікке, ел қол­дауына ие болуға бағытталған қадамы болды. Әрине, кез келген демо­кратиялық қоғамның өзінде халық­тың сайлауға қатысуы ешқашан 80-90 пайыз болмайды. Тұрғындардың дауыс беру көрсеткіші 50 пайыздан асса, дамыған елдердің өздері қуанып жатады. Біздің елде 68 пайызы қатысып, 78%-ға жуығы қолдады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Осы тұста мен референдум барысында ешқандай наразылықтың болмағанын атап өткім келеді.

Қоғам ашықтығы мен сауаттылығын көрсетті

Мақсат ЖАҚАУ:

– Қоғамның Жаңа Қазақстан идея­сы тұжырымдамаларында қалай өз­ге­ретінін және болашағы қандай болатынын референдум қорытындысына қарап айта аламыз. Конституциялық түзетулер институционалдық деңгейде өзге­реді. Бұл туралы бұған дейін жүр­гізілген түсіндіру жұмыстарында айтылды. Қоғам өзінің мүдделілігін, ел дамуындағы конституциялық өзгеріс­терге деген көзқарасының ашықтығын, сауат­тылығын көрсетті. Мұны референ­думға қойылған мәселе бойынша шешім қабылдауға белсенді қатысқан 77,18 пайыз азаматтың дауыс беруінен көруге болады. Бұдан әрі саяси реформаларды сенімді түрде жүргізу мақсатында түрлі институционалдық деңгейде билік құзыреттерінің өзгеріске ұшырауы, олардың тепе-теңдік сақтаудағы құзыреттік өкілеттіктерінің өзгеруі, өзінің тиісті бюрократиялық уақытына сәйкес және заңнамалық, заңдық өзгерістеріне байланысты қадамдар жасалады. Жаңа өзгерістер баптар, конституциялық заңдар негізінде көрініс табады. Мұның барлығы демократиялық қадамдардың тереңдегенін көрсетеді, қоғамның да үніне құлақ астық, биліктің де қоғамға деген көзқарасы белгілі, саяси реформаларда басымдықтар да жүзеге асырылады.

Халықтың саяси мәдениеті артады

Руслан АҚМАҒАНБЕТОВ:

– Жергілікті өзін өзі басқару мәселесін жетілдіру және орталықсыздандыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жерде белгілі бір деңгейде саяси жауап­кершілік халықтың өзіне жүктеледі. Басқаша айтқанда, жергілікті өзін өзі басқаруды орталықсыздандыру арқылы халықтың саяси мәдениеті артады.

Демократияның мазмұны талап қою ғана емес, қолдау мен жауапкершілік те. Алдағы уақытта жалпы саяси мәдениет осы бағытта дамитын болады. Себебі қандай факторлар? Ауыл әкімдерін сайлау өтті, 2024 жылы аудан әкімдерін сайлаймыз, жанама жолмен облыс әкімдері сайланады. Орталықсыздандыру арқылы азаматтарға өзі қалаған адамды, депутатты сайлау мүмкіндігі беріледі. Осы арқылы саяси қатысудан бөлек, сая­си жауапкершілік институты, саяси мәдениет арта бастайды. Сондай-ақ Конс­титуциялық соттың құрылуы Конс­титуцияға сай келмеген кейбір заңна­маларды қайтарып алу және басқа да функцияларға ие болады.

Жаңа Қазақстанды құру – бір күндік процесс емес

Еламан ЕЛЕМЕС:

– Жаңа Қазақстанды құру – бір күндік процесс емес, ол кешенді жоспарды қамтитын ауқымды іс-шаралар. Қоғам бір күнде жаңарып, референдумнан кейін өзгеріп кетпейді. Азаматтардың белсенділік танытып, референдумға баруы, олардың Президентке деген сенімінің белгісі. Олар болашақтан үміт күтеді және сол өзгерістердің болуына мүдделі болғандықтан өздерінің азаматтық позициясын білдірді. Жалпы, реформалардың басты мақсаты – жаңа саяси мәдениетті қалыптастырып, сая­си белсенділігі жоғары азамат­тық қоғам құру. Әділетті қоғамның негіз­гі принципі де сол. Әр азамат өзінің еркін білдіре алатынын, өзінің заңнама­лық тұрғыдан қорғалғанын сезінетін қоғам орнату, міне Жаңа Қазақстанның алғышарты осылар.

Азаматтардың құқықтары – ең маңыздысы

Ержан ИБРАЕВ:

– Демократиялық қоғам болған­дық­тан, ең алдымен қазақстандық азамат­тардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету алғашқы кезекке шы­ғады. Бұл мәселемен айналысатын орган – Президенттің тапсырмасымен құрылатын Конституциялық сот болады. Осы жылдың тамыз айының соңына дейін Конституциялық сот туралы заң жобасын ұсыну керек.

Қазақстан тарихында Конститу­ция­лық сот 1993-1995 жылдар аралығында екі-ақ жыл жұмыс істеді. 1995 жылғы Конституцияға сәйкес, бұл институт Конституциялық кеңес болып құрылды. 2010 жылдан бері Конституциялық кеңес заң, құқықтық-нормативтік актілердің Конституцияға сәйкестігі жағынан жеті-ақ өтінішті қараған екен. Жеке азаматтардың құқықтарын, бос­тандықтарын, Конституцияға сәй­кестігі бойынша өтініштерін қарау меха­низмдері болмаған. Тек соттарға ғана барады. Сот көп жағдайда өтініш­терін қанағаттандырмайтын.

Тағы бір мәселе – адам құқықтары жөнін­дегі уәкілде, прокуратура өкіл­дерінде адамдардың құқықтарын қозғау, осы нормативтік-құқықтық актілердің, заңдардың Конституцияға сәйкесті­гін тексеру бойынша бастама көтеруге өкілеттілік болмады. Енді бұл орган жоспар бойынша 1 қаңтарда құрылуы керек және осы мәселені қарастырады. Мысалы, Парламентте қандайда бір заң шығатын болса, Президент қол қойғанға дейінгі аралықта Конституциялық сот Парламент қабырғасында қабылдан­ған заңның Конституцияға сәйкестігін тексереді.

Қазіргі кезде тиісті заң жобасы дайындалып жатыр. Конституциялық сот – саяси даулы мәселелермен азаматтар жүгіне алатын орган. Яғни азаматтар саяси құқықтары (сайлауға қатысты, сайлау нәтижесіне наразылық білдіруі, келіспеуі, саяси партиялардың тіркелуіне қатысты) немесе саяси өмірге қатысу: митинг, пикет, саяси процес­терге қатысу кезінде адам құқықтарына қысым, кедергілер жасалған болса, осы органға жүгіне алады.

ТҮЙІН. «Әділетті Қазақстаннан не күтесіздер?», «Жаңа Қазақстанды қалай елестетесіздер?». Осы екі сұраққа жауап беру кезінде спикерлердің барлығы бірауыздан «Әділетті Қазақстанды әр азамат өзінен бастау керек» деген тұжырымдарын жеткізді. «Халық өзгеруі керек, халықтың санасы өзгеруге тиіс. Стереотиптерді түбегейлі жойғанда ғана алға қойған мақсат-міндеттерге қол жеткізе аламыз. Әр азамат Жаңа Қазақстанның бір кірпіші екенін сана-сезімімен толық түсінгенде ғана заң үстемдігі толық орнаған ел бола аламыз. Ел санасы, азаматтардың мәдениет-менталитеті, мемлекеттік мекемелердің жұмыс істеу стилі өзгермейінше, 100 пайыз идеалды заң қабылдасақ та, мемлекет оң жолға түсіп кете алмайды». Мемлекеттік дамудың жаңа кезеңі мен Әділетті Қазақстан құрудың алғышарттарын саяси сарапқа салған спикерлердің ой түйіндері осындай.