Талдықорған қаласындағы “Өркен” спорт кешенінде “Бірлігіміз жарасқан!” акциясы және Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі жолында өтіп жатқан ІV Халық спорты ойындарының аясында “Әкем, шешем және біз – спортшылар отбасымыз” атты спортшы отбасылар арасындағы облыстық жарыс болып өтті.
Жыл сайын өткізіліп, жұрт арасында үлкен қолдауға ие болып отырған шарапатты әрі шаттықты шараға Алматы облысының барлық аудандары мен қалаларында өткен осы тектес сайыстарда көзге түсіп, жеңімпаз атанған 14 команда құрамындағы 42 адам қатысты. Олар жарыс бағдарламасына сай биден, жеңіл атлетикалық эстафетадан және арқан тартудан өзара күш сынасты.
Елбасының Жолдауында атап көрсетілгендей, бұқаралық спортты дамыту, отбасы бірлігін нығайту және халық арасында саламатты өмір салтын насихаттай отырып, дені сау білімді ұрпақ тәрбиелеу мақсатында өткізіліп отырған акцияның басты ұйымдастырушылары – Алматы облысының туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы мен Қазақстанның Азаматтық альянсы. Шараның көпшілік арасында кеңінен қолдау табуы өз кезегінде күні ертең мемлекеттің мәртебесін өсіретін білімді де білікті, денсаулығы мықты әрі жігерлі жастардың көптеп шығуына оң әсерін тигізетіні анық.
Спортшы отбасылар арасындағы облыстық жарыстың ашылу салтанатында бірінші болып сөз алған облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Тұратбек Шарапиев биылғысымен төртінші рет өткізіліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі жолындағы Халық спорты ойындарының ұлтымыздың болашағы үшін аса үлкен мәні мен мағынасы барлығын ерекше атап өтті. Сонымен бірге, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа беретін тәрбиелік әсері де мол шара екенін айта келе, жарысқа қатысушы спортшы отбасылар командаларының барлығына сәттілік тіледі.
Жарыс шымылдығы жас бишілердің әсемдік пен икемділікті паш еткен өнерімен ашылып, жарысқа шығар кезді асыға күтіп тұрған спортшы отбасылар мен олардың жанкүйерлерінің көңілдерін бір көтеріп тастады. Көп ұзамай жарыс та басталды. Споршы отбасылар облыстық бәсекеге барынша дайындалғандарын байқатты. Сондықтан жарыс түрлерінің барлығындағы өзара сайыс тым тартыстылығымен есте қалды. Жанкүйерлер Жетісу жерінде спортты серік еткен отбасылардың қатары арта түскенін және олардың шеберліктерінің жыл сайын арта бастағанын өз көздерімен көрді. Жарыстың қорытындысына келер болсақ, бірінші орынды бұған дейін де осындай сайыстарда Талдықорған қаласының намысын қорғап, облыстың екі мәрте чемпионы атанған Урмановтар отбасы еш талассыз жеңіп алды. Бұл команданың капитаны Махмуд Урманов көгалдағы хоккейден спорт шебері болса, әйелі Ольга да осы спорт саласында біраз биіктерді бағындырған. Екінші орынды Ақсу ауданынан келген Бауыржан отбасылық командасы иеленсе, үшінші орын Талғар ауданының атынан сынға түскен Тұрсын отбасылық командасының еншісіне бұйырды.
Облыстық бәсекеден озып шыққан команда Орал қаласында өтетін республикалық жарыста Алматы облысының намысын қорғайды.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.