Қазақстан • 11 Маусым, 2022

Министрлікті бөлу бірқатар бағыттың дамуына тың серпін береді – Асхат Аймағамбетов

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының екі министрлік, яғни Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігін құру туралы шешімі жүйені одан әрі дамыту үшін өте маңызды. Бүгіннен бастап оқу-ағарту министрі болған Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында ой бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрлікті бөлу бірқатар бағыттың дамуына тың серпін береді – Асхат Аймағамбетов

«Сонымен қатар, бұл шешім Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саланы дамыту бойынша алға қойған нақты міндеттерін тиімді орындауға мүмкіндік береді. Мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы міндеттер мен сын-тегеуріндер ауқымы артып келеді», - деп жазады министр.

Жоғары білім мен ғылым саласына тоқталған ведомство басшысы «қазірдің өзінде қол жеткізілген нәтижелер кадрлар даярлау және ғылыми өндірісті дамыту үшін жаңа, зор мақсат-міндеттер қоюға септігін тигізгенін» айтады.

«Бұл реформа осы бағыттардың дамуына тың серпін береді. Сондай-ақ, жоғары көрсеткіштер екі министрліктің тығыз ынтымақтастығына байланысты болады», - деді ол.

Асхат Аймағамбетов үш жылдың ішінде министрлік ұжымының білім саласын да, ғылым саласын да жетілдіру мақсатында атқарған жұмысы аз еместігін жеткізді. Барлық заң мен оң өзгеріс ғалымдардың, педагогтердің, басқа да қызметкерлердің мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөліп отырған Президенттің жеке қолдауының арқасында қабылданғанына тоқталды.

«Үш жыл бойы Білім және ғылым министрі ретінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берген жөн деп санаймын. Нақтырақ айтқанда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, ашықтық пен транспаренттілікті қамтамасыз ету, білім сапасы мен ғылымның әлеуетін арттыру бағытында қандай шешімдер қабылданды, қандай деректер негізінде жүргізілді және жалпы қандай жұмыстар атқарылғаны туралы есеп берген маңызды.

Бірінші кезекте Мемлекет басшысына сенім білдіріп, Білім және ғылым министрі кезімде қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді.

Сондай-ақ, білім және ғылым саласының қызметкерлеріне, министрліктің, ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың және ғылыми ұйымдардың қызметкерлеріне, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамдарына, облыстардың департаменттеріне, білім басқармаларына алғыс айтамын.

Еліміздің педагогтеріне қолдау көрсетіп, бірлесіп атқарған жұмысы үшін алғысым шексіз.

Алда Жаңа Қазақстанның дамуы жолында жаңа міндеттер мен мақсаттар тұр», - деп түйіндеді министр.