Көз қорқақ, қол батыр. Өйткені, жұмыла атқарылған жұмыс барысында Қызылағаштың кешегісі мен бүгінгісін салыстыруға болмайды. Ауылдағы жаңа көшелер, көз қызықтырған салтанатты үйлер қатары күн санап бой көтеруде. Тасқыннан кейінгі абыржыған халық ертеңіне сенімсіздік танытып, қынжылғанын, “қалай болар екен?” деген күдікті жанарларын көрген едік. Міне, уақыт бәрін өз орнына қойып, тұрғындардың жүздеріне күлкі үйірілді. Жаңарған елді мекеннің ертеңіне деген сенімдерін нығайтты.
Кіммен пікірлессеңіз де Мемлекет басшысынан бастап, жүрегі жылы, жаны жомарт жандардың қамқорлығын сезінгендерін айтады. Басқа түскен ауыртпалықты жұмыла көтергенде жеңілдейтінін сезінді. Осылайша мамыр мерекесін жаңа қоныста қарсы алған 45 отбасының қатарына жаңа шаңырақты иеленген 100 отбасы қосылды.
Сәрсенбінің сәтінде Қызылағаш ауылындағы жиында облыс әкімі Серік Үмбетов жаңа үйлерге қоныстанатындарды құттықтады.
– Екі айдың аралығында бастан біраз жайт өтті. Сіздердің қабақтарыңыз шытылғанда біз де бірге қиналдық. Бүгін жүздеріңіздегі жылы шырайды көріп, қуанып тұрмын. Біртіндеп әлеуметтік мәселелер шешімін табуда. Бұған дейін түскен хаттар ренішпен басталса, енді халықтың Елбасына деген алғысымен өрбиді. Біреу сеніп, біреу сенбейтін қысқа мерзімде ауыл түрленді. Бүгін 100 отбасы жаңа үйлерінің табалдырығын аттағалы тұр. Жаңа шаңырақтағы өмірлеріңіз шаттық пен қуанышта болсын. Маусым айының басында тағы да 200 отбасы үйлеріне қоныстанады. Шілдеге дейін құрылыс жұмыстарын аяқтап, содан соң балаларды мектепке дайындап, басқа да жұмыстар жалғастырылады, – деді.
Бұдан кейін шаруа қожалығының жетекшісі Қыдырхан Әбиев, батыр ана Гүлжаһан Ұзақова сөйледі. Әсіресе, 13 баланы өмірге әкелген Гүлжаһан апайдың сөзі жиналғандарға ой салып, мәнділігімен ерекшеленді.
– Ақ көңілмен аппақ үйге кіріп отырмыз. Марқұм жолдасым екеуіміз 1961 жылдары Қытайдан ата-жұрт деп аңсап келгенде мұндай жағдай болмады. Бір отар қойды санап алып, алыс қыстауда бала-шағаны өмірге әкеліп, бел шешіп еңбек еттік. Қазіргі жағдайды ол кезбен салыстыра алмаймыз. Бұл біріншіден, Алланың, содан соң Елбасының арқасы. Осындағы облыс басшысының күн-түн демей жұмысты ұйымдастырудағы еңбегінің нәтижесі. Егін салынып, азық-түлік, киім-кешек беріліп жатыр. Соған қанағат ету керек. Ана ретінде айтарым – бірлік, ынтымақ болса, қалғанының орны толады. Қиындық өтеді, кетеді, деді.
Алғашқы үйдің кілтін Базаркүл Ерғараева алды. Ол өзен жағасындағы бірінші үйде тұрғанын, сол күні балаларының періштесі қағып, аман қалғанын айтты. Отбасында жеті жан. Бүгін ас үй жиһаздарымен қатар газ, ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, төрт төсекпен жабдықталған жаңа үйдің кілтін алдым. Бұдан артық қандай қамқорлық болсын. “Алматы қала құрылысы” компаниясының құрылысшыларының қол-аяғына дерт бермесін, деді тебіреніп. Сондай-ақ, Тілеш Жарқынбаева, тағы да басқа отбасыларының қуанышына ортақтастық.
Бұған дейін ауылда 12 көше болса, бүгінде екі көшеге өсіп, 14 көше болыпты. Ауыл әкімдігі елді мекенде көп жыл мал шаруашылығында еңбек еткен Ленин орденінің иегері, марқұм Нұрқасым Сыдықовтың атына көше беріпті. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне орай Жеңіс көшесі даңқты қолбасшы, халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлына, Садовая көшесі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев есімдерімен және Воронин көшесі Жайсаң деген жаңа атауға ие болып, тұрғындар тілегі орындалған.
Облыс әкімі бастаған топ бұдан кейін жаңа үйлердің кілтін алған ардақты ана Күлімхан Әбиева, Гүлжаһан Ұзақова, Владимир Зайцев, тағы басқалар шаңырақтарына кіріп, құтты болсын айтып, жағдайларын көрді. Табалдырық аттағаннан-ақ жарық, кең бөлмелердегі үй жиһаздары сән-салтанатты толықтыра түскен. Үлкен де, бала да қуанып, мәре-сәре. Қарғалы шұға комбинатының түйе жүнінен жасалған көрпелері мен Белорусьтың ас үй жиһазы, төсектері, үстел-орындықтары тап-тұйнақтай. Жаңаның аты жаңа ғой, бәрі жарасым тапқан.
Шатырлы қалашықтағы қызылағаштықтар алдында “Жас қанат” және “Азия дауысы” фестивальдарының лауреаты, жас әнші Гүлнұр Оразымбетова әннен шашу шашты.
Күмісжан БАЙЖАН,Алматы облысы.