Руханият • 12 Маусым, 2022

Қоңқайға қол соққан күн немесе әдебиетте жағымсыз кейіпкерлер неге азайып кетті?

1125 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Классиктер қаламынан жағымсыз кейіпкерлердің тұтас бір галереясы түзілген екен. Солардың кейіпкер ретінде есте қалған бейнелерін көрмеге қойса қайтер еді. Онда жағымды кейіпкердің қасына тоқтамаған адам, жағымсыз кейіпкердің қасына тоқтар еді. Себебі жағымды кейіпкер көбінше жасанды, ал жағымсыз кейіпкер көбінше шынайы болып келеді.

Қоңқайға қол соққан күн немесе әдебиетте жағымсыз кейіпкерлер неге азайып кетті?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Біле-білгенге шығармашылықтың шы­ңы түрлі мінезді өз сәнімен түрлі­ше қисаптауда ғой. Бұл жөнінен клас­сик­тері­мізден үйренетін нәрсе көп. Олар жа­ғымды кейіпкерді көтерем деп, жа­ғым­сыз кейіпкердің бәсін төмендеткен емес. Жағымды кейіпкер мен жағымсыз кейіп­кердің тайталасы әдебиет, кино, театрды қатар дүрілдеткен заман да өтіпті.

Соның бәрінің артында классик жазушыларымыз тұрғанын ұмытпағанымыз жөн. Мысалы, Ғабит Мүсіреповтің қала­мы тиіп кеткен жерде жағымсыз кейіп­кердің бойына да мәрттіктің бояуы дари кетеді. Ғабең сценарийін жазған фильм­де Төлегенді Бекежанның мысы ба­сып кететін тұстары содан да болса керек. Әйтпесе, «Өзім батыр болған соң кімді аяйын» деген Бекежан жырда әпер­бақандау адам еді.

Бекежанға сөз жоқ, бірақ халықтық образдың аты халықтық образ. Өзі өмірде де батыр шалыс адам болған де­се­ді. Соған сүйеніп, жырды жоққа шығар­ғысы келетіндер бар. Ғабең күрделі об­разға айналдырмағанда, солай болуы да мүмкін екен. Бұл әңгіме бүгінде қаз­ған құдығының орны табылып жатқан Қодарға да қатысты.

Қодарды «Сыңар ғана жұдырығы қолағаштай» депті. Жұдырығы қолағаш­тай болса, жаугершілік заманға таптыр­майтын адам. Жырдағы осы сипат Ғабең­нің драмасын да байытқан. Ел басына күн туғанда, халқына қалқан боларлықтай-ақ тұлға. Ғабең сомдаған Қодар кісі жире­нетіндей адам емес. Оған қыз әкесі Қара­байдың күні түсіп тұр. Байдың күні түсті де­генше, елдің де күні түсті дей бер. Бір жағы жұт, бір жағы жау. Оған білек те, жү­рек те керек. Міне, Ғабең драмада Қо­дар­ға соған сай орын береді. Баянның жолына басы қор болып кеткені болмаса, ел қысылғанда қайрат шығаратын адамның бірі сол.

Жағымсыз кейіпкерді өз дәрежесінде шығару үшін автордың өзіне де белгілі бір шамада мәрттік керек пе дейсің. Жау түсіріп жүрген адамның сүйіспеншілікте жолы болмағаны нағыз драма. Сахна мен экранға лайықтағанда Ғабең соны ашығырақ көрсеткен. Олардың өмір­­де қандай адам болғанын халық біл­мей жырламағаны анық. Сұңғыла Ға­бит Мүсіреповтің де білмей жазып отыр­мағаны белгілі.

Мұхтар Әуезовтің Құнанбайын да бір кезде жағымсыз кейіпкер деп талдаған заман болған. Басқасы басқа, «келінімен жақын болды» деп, Қодарды қырық рулы елге тас атқызып өлтірткенін білмей­тін оқырман жоқ. Оқулықтарда басқа үзінді жүрмесе де, сол үзінді жүретін. Құнанбай­ды сондай мінезімен сомдамаса, көркем шығарма құр шежіре деңгейінде қалуы бек мүмкін еді.

«Абай жолы» эпопеясындағы Құнан­бай өмірдегі Құнанбайға бір ұқсап, бір ұқсамас. Бірақ алынбас қамалдай сұсты, екінің бірі бойлай алмастай ішті, өз заманын уысында ұстаған өктем тұлға. Мұхтар Әуезовті Құнанбайды қарсы кейіпте көрсеткені үшін сынау орынсыз. Ол тарихи бейнесімен бірге, көркемдік міндеті де басым кейіпкер. Қазір Құнанбайды қанша дана десеңіз де, көз алдыңызда бәрібір сол Әуезов сомдаған образ тұрады.

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қал­­қа­ман – Мамыр» дастанында да жа­ғым­­сыз кейіпкердің орнында тұруға тиіс Көке­найдың бойынан елдік намыс ұшқы­нын көреміз. Көкенайдың әрекеті «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін» деген Жәнібек ханның жарлығын еске салады. Бәлкім Шәкәрім Құдайбердіұлының Мамырды садақпен атып өлтіріп, Қалқаманды жарадар етіп елден бездіріп жіберген Көкенай туралы артық сөзге бармағаны да содан шығар.

Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы авторды да, оқырманды да екі оттың ортасында қалдырған туынды. Егер қисынға салсақ, батыр Баян тұп-тура Беке­жанның ісін істеп отыр. Онда да өзіне қара­маған тұтқындағы қалмақ қызының іні­сімен қашып кеткені намысына өрттей тиіпті. Соңдарынан қуып жетіп, қу садақты толғай тартып, екеуін де мерт етті, бітті. Бірақ Мағжан Жұмабаев та оны жағымсыз кейіпкер етіп көрсетпейді, шер-шеменді кейіпкер етіп көрсетеді.

Осылардың қай-қайсында да керемет характер, қайталанбас мінез бар. Одан кейін де әдебиетімізде талай жағым­сыз кейіпкер болды, алайда көбі жағым­ды кейіпкердің көлеңкесінде қалды. Сонымен бірге әдебиетке шынайылықтан гөрі, жа­сан­дылық келе бастады. Себебі жағымды кейіпкер өмірден алынғаны­мен, оның шақ­ша басындағы қисапсыз жақсылықтың қолдан жасалатыны белгілі.

Сөйтіп, енді қаламгерлердің қолынан жеке-дара жағымды кейіпкерлердің де тұтас бір галереясы түзілді. Егер олардың портреттерін салып, көрмеге қойса қайтер еді. Онда жағымсыз кейіпкердің тұсына тоқтаған адам, жағымды кейіпкердің тұсы­на тоқтамай өте шығуы мүмкін. Себебі жа­ғымсыз кейіпкер көбінше шынайы, ал жа­ғымды кейіпкер көбінше жасанды екенін олар да біледі.

Негізі қалай жағымсыз кейіпкерден мән кетеді, солай жағымды кейіпкерден де сән кетеді. Жағымсыз кейіпкерлер ұсақтаған сайын, біздің де мінезіміз ұсақтап бара жатқан секілді. Қоғамда жағымсыз адам көбейіп, әдебиетте жа­ғым­сыз кейіпкер азайған заман туды. Бірақ халық жағымсыз кейіпкерді қолына шырақ алып іздеп жүр, байқайсыз ба?!

Енді оларға жағымсыз кейіпкер мынау деп кімді көрсетеміз? Өйткені бәріміз жағымды кейіпкер болып алдық емес пе?! Ол да, мен де, сен де бәріміз жағымды кейіпкерміз! Лауазымды шенеунік те, қалталы бай-бағлан да, жұмысы барлар да, жұмысы жоқтар да, барлығы жағымды кейіпкер! Ендеше, өмірде де, әдебиетте де жоқ жағымсыз кейіпкерді халыққа қайдан тауып береміз?!

Осы сұрақ миыма қалай келеді, солай Оралхан Бөкейдің Қоңқайы бірден есіме түседі. Оралхан Бөкейді романтика­лық кейіпкерлерді шебер сомдайды деп ойлайтын ел, Қоңқайды көз алдарына кел­тіргенде естен танып қала жаздайды. Бірақ әдебиетшілер қарлы Алтайда адасқан үш тракторшының романтикасын көбірек қызықтап кетіп, көбінше Қоңқай шалдың қатал реализміне мән бере бермейді. Сонда иің тоңбақ түгілі, қиың қатып қалатын аязды түнде бұларды тау ішіндегі үйіне кіргізген Қоңқай шалдың не кереметі бар екен, детальдап талдап көрейікші.

Сонымен адасып, үсіп өлуге айнал­ған үшеу тау ішіндегі «сықсима терезесі­нен болар-болмас қана жарық көрінген» кішкентай үйге тап болады. Жазушы: «Киіздей тұтасқан цивилизациялы өмі­рімізде осындайлық қалтарыста ұрла­нып қалған тағы табиғат, жұмбақты үй­лер барына шүкіршілік жасайсың» дейді. Осындағы «ұрланып қалған» деген сөздің ләміне қарасаңыз, жазушының қайда іші бұрып тұрғанын сезе қоясыз. Олар бұл үйге өз аяқтарымен келсе де, жер астынан шыққандай гүр еткен дауыстан қоянша қорқып, бір-бірін құшақтай алады.

«Жалт қарағандарында, тура қыр жел­келерінде төніп тұрған, аппақ, еңге­зердей аруақ шалды көрді. Енді-енді ғана ыңырана көтерілген ай сәулесін емген қар өзгеше жарқырап, дүниенің баршасын ақсүт нұрға шомылдыра бастап еді. Сол... күні жетіп әбден толған айдың саулаған сәулесі аппақ сақалы желбіреген аруақ-шалды аспан әлемінен әкеліп тастағандай әрі жат, әрі қызықты да қорқынышты еді. Үстінде ақ көйлек, ақ дамбал және аяғында лыпа жоқ, тізеден қар кешіп жалаң аяқ тұр-ау деймін».

Міне, осы шал бұларды «Здравствуйте, незванные гости» деп қарсы алады. Атам қазақтың салтында жоқ «шақырылма­ған қонақ» деген сөз бірден конфликті­ге шақырып тұр. «Ақсақал, сіз орыстың ақсақалысыз ба?» деп қалады батылдау Бақытжан. «Ну, и что же, – дейді шал тағы да орысшалап, – идемте, поговорим дома». Жазушының суреттеуінше шал қазақша таза білетін қазақ, бірақ кеңес­тік салт-санадан әбден тойып біткен адам ретінде қазақ емес. «Менің ұлтым жоқ» дейді ол тағы да, қазақы дәстүрді тық­палап қоймаған адасқандардың біріне.

Үш жігіт тап-таза, періште. Шал со­лар­­ды үйіне кіргізіп отыр. Құдды олар­дың қаншалықты періште екенін сынамақ сыңайы бар. Жан баласы баспайтын қуыс таудың ішінде отырып, бұлардан жамбасақы талап етеді. Қарсыласқан біреуін ұрып жығып, екіншісінің аяғын­дағы су жаңа пиманы шешкізіп алмақшы. Қосауыз мылтығын алып, өңешін үңірейте опыр-топыр болған жігіттерге кезеніп тұ­ра қалған. Өздері адасып жүрсе, тау іші қа­қа­ған суық болса, адамға пимаңды ше­шіп бер дегеннен асқан қысастық жоқ шығар.

«Нұржан: – Өзіңіз ойлаңызшы, – деді абыржып, – мына түкірік жерге қатып түсетін сары аязда жалаңаяқ трактор айдау мүмкін бе? Бұл дегеніңіз бұрын-соңды болмаған жазаның ауыр түрі ғой. Бүйтіп қинағанша, атып өлтіре салыңыз. Ал сіз қызығып отырған пима тіпті де менікі емес». «Бір үлкен бастықтікі екенін өзім де біліп отырмын, – дейді шал сонда. – Сендер секілді сумұрындарға мұндай байлық қайдан келсін. Жалаңаяқ қаламын деп қиналма, ескілеуін тауып беремін».

Осындағы Нұржанның аузынан абай­сыз шығып кеткен «жаза» деген сөзге на­зар салып көріңізші. Жаза кінәлі адам­дар­ға ғана қолданылмаушы ма еді, ендеше, мынау періштедей пәк адамдар ол сөзді неге ауыздарына алады. Олар өз­дері ешқандай қылмыс істемесе де, анау қиянатшыл қоғамның өкілдері болғаны үшін де жазаға тартылуға тиіс пе екен, әлде? Тап осы арада жазушы Кеңес өкі­меті салып берген соцреализмнің тар со­пағынан ауытқып кеткен сияқты көрі­не­ді. Бұл жерде шындықты жағым­сыз кейіпкер арқылы жазу, айту да түйсік ар­қы­лы жүзеге асқан бір амал болуы да мүмкін.

 Пимамен қосып, қолындағы сағатын да тартып алмақ болғанда: «Бұл дегеніңіз қоңқайшылдық қой» деп қалады Аманжол. Шал сонда елең ете қалып, мылтығын төмен түсіреді де: «Шырағым, «қоңқай» деген сөзді кім айтты саған?» дейді аса бір таңданыспен. «Шешем айтып отыратын. Ертеректе бір Қоңқай атты оңба­ған адам өмір сүріп еді деп...». «Қызық, – деді шал басын шайқап. – Өте ғажап нәрсе. Дегенмен мен үйге кіргізбегенімде баяғыда қиларыңмен бірге қатып қала­тын едіңдер». Осыдан кейінгі диалог былай­ша өрбиді.

– Ата, сіз кімсіз? – деп саңқ етеді Нұржан.

– Сен кімсің?! – деген оқыс сұрақты Аманжол да қояды.

– Ол кісі «икс», – деп есінейді Бақытжан.

«Икс» шалдың ертеректе қыс ішінде адасып кеткен бір қыздың обалына қалған сыры ашыла бастайды. Қыз осы иен тау ішінде әліге дейін елес-бейне болып жүрсе керек. Мына жігіттер шал басқа жолға салып жіберіп, тракторлары тоқтап қалып, айдалада үсікке ұрынғанда, сол қыз келіп тау ішіне шақырады. Адасқан пенделерге осыншама жауыздық жасаған «икс» шал кім, әрине, жағымсыз кейіпкер. Бірақ повестегі мына төмендегі жолдарды қалай түсінеміз?

«Шал әлденесін ұмытқандай да­лаға ­шы­ғып кетті. Сол баяғы қалпы – көй­лек-дамбалшаң, аяғына ештеңе кимеді. Осы бір сақалы өңірін жапқан қапсағай шал үшін мынау табиғаттың қысы-жазы – тіпті төрт мезгілі бірдей секілді еді. Осы жасына дейін қыңқ деп ауырмаған, тоңып-жаурау дегенді білмейтін, ормандағы аң екеш аң секілді ғажап адам еді. Елмен аралас-құраласы жоқ, қоршаудан қашып шыққан бұғыдай саяқ ғұмыр кешті. Сонау аппақ кеңістікке барар жол мен ызың-шу, қым-қуытты өмірдің екі ортасында шекара, бекет іспетті, міне, жарты ғасыр осы жаман үйінде жападан-жалғыз тіршілік құруда. Қыста аң аулайды, жазда омарта ұстайды. Бір қызығы, осы жетім шал ұстаған аңның терісін аудан, тіпті облыс басшыларының үстінен, ал жесең дәмі аузыңнан кетпейтін балын әрқайсысының үйінен көруге болар еді. Шыр етіп жерге түскеннен бастап қоғам үшін, өзге біреулер үшін шырпы басын сындырып көрмеген Қоңқайда еңбек кітапшасы деген атымен жоқ-ты. Колхоздандыру, Ұлы Отан соғысы, тағы басқа саяси науқандар, жалпақ елдің басына төнген қауіп, ұлы мерекелер, сүйіншілі қуаныштар Қоңқай үшін бес тиындық құны жоқ – әншейін еріккеннің ермегі сынды дүниелер еді. Ең қызығы, осы Қоңқай ешқашан да үлкен өмірге барып, адамдарды кісінеп іздемейтін, қайта сол адамдар Қоңқайдың ұрлық өмірін қызғанғандай өздері қуып келіп, тыныштығын бұзар еді. Енді, міне, сойталдай-сойталдай үш жігіт қарап жүр­мей, торға келіп түскені. Демек Қоңқай оларсыз өмір сүре алады екен, ал олар... Қоңқайсыз өмір сүре алмайды екен...».

Ұзағынан келтірілген осы үзіндіде жағымсыз кейіпкер арқылы берілген көп сыр жатыр. Жазушының Қоңқай сияқты жағымсыз кейіпкерге жалғандық пен жа­сандылық жайлаған қоғамға деген қар­сылық идеясын да қоса арқалатып жіберуі таңғаларлық нәрсе. Әрі-беріден соң жаса­ған жаманшылықтары қасқырдың кек алуы сияқты тылсым әрекет ретінде көрініп, оны ақтап алғың да келіп тұрады. Сөйткен қоғамның қожайындары Қоңқай шал атқан аңның жылы терісінен тон киіп, баққан арасының тәтті балын жеп бақытты өмір сүріп жатыр. Олардың Қоңқайсыз өмір сүре алмайтыны бір бөлек те, Қоңқай­сыз қазақ оқырмандары арасында аңызға айналған осы повестің жазылу-жазылмауы да екіталай дүние еді. Ең бастысы, бұл повестегі Қоңқай Оралхан Бөкей сомдаған жағымды кейіпкерлерден де күшті жасалған образ болып шықты емес пе. «Қар қызы» повесіндегі Нұржанды да, Аманжолды да, Бақытжанды да ұмытуымыз мүмкін, ал қазақ әдебиетіне халықтық образ болып қосылған Қоңқайды ұмыту мүмкін емес.

Кейінгілерден Дәурен Қуаттың «Кәрі солдат» деген хикаятының бас қаһар­маны жағымсыз кейіпкер екенін біл­дік. Дәурен де басқасы басқа, дәл осы ке­йіп­керінің жақсы шығуына барын салып­ты. Кейіпкері әлі ауған соғысында жүр­гендей ширығып тұр. Үйдегілерді, аула­дағыларды, көшедегілерді, қоғамдық көліктің ішіндегілерді бір бұйрықпен өргі­зіп, тұрғызғысы келеді. Айналасы түгел жақсы адамдар екенін, өзінің кілең жа­ғымды кейіпкерлердің ортасында өмір сүріп жатқанын ұмытып кеткен.

Дәурен өзі табиғаты жағынан гума­нист жазушы. Бірақ мына жағымсыз кейіп­кері есте қаларлықтай болып жақсы шық­қан. Себебі оның бейнесі өмірдің шын­дығымен суарылған. Ондай адамдар өтірік мәймөңкелеуді білмейді. Айналасына өз заңын орнатқысы келеді. Керек десеңіз, олардың өздері жасап алған қызық философиясы да бар. Адамды өз шындығы үшін құрметтеу де керек. Оны қанша жағымсыз етіп суреттесең де, сол шындығы үшін күресуден танбайды. Дәуреннің жағымды кейіпкерлері бәрі жабылып, сол жағымсыз кейіпкердің жақсы сомдалып шығуына қызмет етіп тұр.

Әдетте, жағымсыз кейіпкер ішкі қай­шылығы көп, күрделі тұлға болып келеді. Ал жағымды кейіпкерлер соцреализм қа­лып­тастырған стандарттардан шыға алмай­ды. Қазір кейіпкерді жағымды, жағым­сыз деп бөлуге болмайды десеңіз де осыны айтар едім. Өйткені біз әлі соцреализм ықпалынан толық құтылып болған жоқпыз. Қылмыскердің де жан түкпірінен жарық сәуле табатын терең психологизмге де әлі жеткен жоқпыз. Қала берді жағымсыз кейіпкердің өмірде жолы болмаған адам екенін ашатындай жазудағы жанкешті еңбекті де жасай алмай жүрміз. Бәріміз да мына өмірде жолы болған адамдарды ғана жазғымыз келеді. Өзіміз жаратпай айтатын «тым кітаби», «кітаби өмір», «кі­таптың сөзіндей» деген тіркестердің қайдан шыққаны содан-ақ белгілі болып тұр.

Біздің осындай әдеттерімізден жире­нетін бір эссеист қаламгер бар. Ол – Қазақ­станда Іле мен Лепсінің жағасында ғана өсетін тораңғы секілді дегдар сыншы Тұр­сынжан Шапай. Міне, сол Тұрсынжан біздің кітаби өмірімізге наразылық ретінде «Жағымсыз кейіпкер» атты ащылау әңгіме жазды. Басқалардың лирикалық мені жаппай жағымды кейіпкер болып сомдалып жатқанда, жалғыз Тұрсынжанның авторлық мені жағымсыз кейіпкер болып шықты. Бұған енді сенсация деп қарайсыз ба, не десеңіз де өзіңіз білесіз. Бірақ «Жағым­сыз қоғамда жағымды кейіпкер неге көп?» деген сұрақ қазақ жазушылары үшін ақыреттік сұрақ болып жүрмесе болды дегіміз келеді.

... Айтпақшы, осыдан үш жыл бұрын желтоқсан айының басында бір көріпкел келіншек «Жақында қалың қар жауып, сіз сонда жолға шығатын сияқтысыз» деп қалды. «Қалың қар жауғанда жолға шыққаны қалай, осы бірдеңеге көрінейін деп тұрған жоқ па?» деп әбден мазам кетті. Ақырында «Синоптиктер биыл жаңа жылға дейін қар жаумайтынын алдын ала хабарлап еді ғой, мынанікі ән­шейін бір сандырақтаған сөз шығар» деп өзімді сабырға жеңдірдім. Соның ара­сынша Әуезов театры талантты жас режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесі­нің желісі бойынша қойғалы жатқан спек­­таклінің тұсаукесеріне шақырды. Спектакль аяқталғанда сахнада Қоңқай шал бастаған кейіпкерлердің үстінен қапалақтап кәдімгідей қалың қар жауып тұрды. Сол қалың қардың әсеріне бөлен­ген біз де Қоңқай шал бастаған әртіс-кейіпкерлерге алақанымызды аямай сатырлата қол соғып тұрдық!