Өткен аптада Алматыда Қайнар университетінің ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, Ұлы Отан соғысының ардагері Зайырхан Ашитовтың 90 жасқа толуына арналған «Қазақстан-2050» Стратегиясы міндеттерінен туындайтын құқықтық білім беру саласын дамытудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми конференция болып өтті.
Конференция жұмысын кіріспе сөзбен ашқан Қайнар университетінің ректоры, профессор Еренғайып Омаров студент жастарға құқықтық білім беруде, құқықтық тәрбиені жетілдіруде еліміздің жоғары оқу орындарының алдында тұрған міндеттерді атап өтіп, осынау көкейтесті мәселелерді шешуде отандық заңгерлердің рөлі ерекше екендігіне кеңінен тоқталды.
– Конференцияның профессор Қайырхан Ашитовтың 90 жылдық мерейтойына орайластырылып өткізілуінің өзі де заңгер ғалымның тәуелсіз Қазақстанның құқығы бойынша жазылған 10-нан астам монографиялық еңбектер мен оқулықтардың авторы ретінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруда атқарған еңбектеріне деген құрметтің бір көрінісі , – деп сөзін аяқтады, шешен.
Конференцияда, «Құқықтық білім беру мәселелерін шешу жолдары» атты баяндама жасаған Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Кәрімбек Құрманәлиев әрбір Қазақстан азаматы өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білу қажеттігін, Азаматтық Кодекске жаңадан енгізілген баптарды елге хабардар ету құқық саласы қызметкерлерінің, әсіресе, заңгер ғалымдардың бірінші кезектегі міндеті екендігін айтты.
Ғылыми отырысқа Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Игорь Рогов, академиктер Сұлтан Сартаев, Майдан Сүлейменов, Әбдімәлік Нысанбаев, Өмірзақ Айтбаев, Шора Сарыбаев және басқа да белгілі ғалымдар қатысып, Стратегияда көрсетілген елімізде қолға алынар құқықтық саладағы реформалар жөнінде ой қозғады.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».