Театр • 13 Маусым, 2022

«Шехеразада» мен «Шопениана» – Шымкентте

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театры осы маусым айында Түркістан облысы мен Шымкент қаласына гастрольмен барып, төрт күн бойы оңтүстік жұртшылығына бірегей қойылымдар мен кон­церт­тік бағдарламалар ұсы­нып, ға­жайып кеш сыйлады.

«Шехеразада» мен «Шопениана» – Шымкентте

Көпшілік әлемдік балет жұлдызы, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асыл­мұ­ратованың аталған өнер орда­сын­дағы классикалық әрі заманауи хоре­ографиялық қойылымдарын ғана емес, мазмұнды авторлық га­ла-­бағдарламаларын да қызығып көреді. Осы маусымның өзінде талант иесі елордалықтарға жиырмаға жуық гала-кеш ұсынып үлгерді. Сондықтан оңтүстік халқы астаналық театрдың бағдарламаға енген бір актілі балеттерінен бөлек, концерттік бағдарламаның үздік нөмірлерін тамашалап, жылы әсер алды.

Бекзат өнер ұжымы Түркістан музы­калық драма театрының сахнасында XX ғасыр жауһары – Н.А.Римский-Корсаковтың музыка­сына жазылған кемеңгер хореограф М.Фокиннің «Шехеразада» балетін тарту етсе, Шымкенттегі «Түркістан» концерт залында Ф.Шо­п­еннің музыкасына қойылған М.Фо­киннің романтикалық балет жау­һары – «Шопениананы» сахналап, жұртшылықты таңғалдырды.

Әсіресе дарынды жас Бақтияр Адам­жанның «Шехеразада» балеті мен гала-концерттегі өнеріне көпшілік дән риза болса, оның сахнадағы жұ­бы Анастасия Заклинская кәсіби ше­берлігімен өз кейіпкерін аша білді. Ал «Шопениана» қойылымындағы балет әртістері сомдаған бейнелер түр­лі болмысымен есте қалды. Сон­дай-ақ Д.Шостаковичтің музыкасына қойылған «Ескі фотосурет» шығармасында Нұрай Нұрсафина мен Александр Корниловтың және «Бақшасарай бұрқағы» балетіндегі «Татар биін» қойған Қуат Кәрібаев пен балет әртістерінің өнері де еш­кімді бей-жай қалдырмады. «Бая­дерка» балетіндегі «Үндіс биін» билеген Жәнібек Ахмедиев, Еркежан Жүнісова, Бостан Қожабеков және т.б. өнерпаздар да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Еліміздегі бірегей өнер ордасының әртістеріне тәнті болған көрермендер де оларға өз ризашылықтарын білдір­ді. Мәселен, Бағила Мұстафаева есім­ді көрермен осындай керемет кеш ұйымдастырған «Астана Операға» алғысын айта келіп: «Шынымды айтсам, спектакльден алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Балет труп­пасының көркемдік жетекшісі Ал­тынай Асылмұратова мен әртістер тиянақты дайындалған. «Шехеразада» балеті мен гала-бағдарламаны тамашалап, қазақ балеті жоғары деңгейде екеніне көзім жетті. Өнер ұжымына шығармашылық табыс тілеймін!» десе, Түркістан облысының тағы бір тұрғыны Әлия Бердіқұлова: «Бізге келген театр ұжымына алғысымды айтамын. Сіздер бізге ұмытылмас әсер, ғажап көңіл-күй сыйладыңыздар. Гала-балет бағдарламасы тамаша құрылған, әртістер өте шебер, әсіресе «Қилы заман» нөмірін орындаған солист Сұлтанбек Ғұмар бидің мағына­сын әр қимылымен аша білді» деп жылы лебізін жеткізді.

Қорыта айтқанда, «Астана Опе­ра­ның» жазғы өнер сапары қа­тар­дағы мәдени іс-шаралардың бірі болып қоймай, көрермендер үшін маңызды оқиғаға айналғаны, елор­далық театр­дың балет труп­па­сының кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетті.