Кездесу барысында министр БҰҰ босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасына нәтижелі ынтымақтастық үшін алғыс айтты.
«2022 жылдың наурыз айында Қазақстанның БҰҰ құрамына қабылданғанына 30 жыл толды. Бізді БҰҰ-ның елдік командасымен көпжылдық ынтымақтастық байланыстырады. Қазақстан 1951 жылғы босқындар мәртебесі жөніндегі Конвенцияға 1999 жылы қосылды. Бұдан бөлек Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық құжаттардың басым көпшілігіне қосылды. Атап айтқанда, азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакт, бала құқықтары жөніндегі Конвенция, азаптауларға қарсы Конвенция, әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрін жою жөніндегі Конвенция және т.б.
Өздеріңіз білесіздер, 2010 жылғы 1 қаңтарда республика аумағында пана іздеушілер мен босқындардың құқықтық жағдайын анықтауға бағытталған «Босқындар туралы» заң күшіне енді. Босқындар Қазақстан Республикасының қорғауын пайдаланады. Құқықтық көмекпен қатар, оларға үкіметтік емес ұйымдар, халықаралық ұйымдардан материалдық және гуманитарлық қолдау көрсетіледі», деді Т.Дүйсенова.
Министр босқындарға, сондай-ақ пана іздеушілерге көрсетілетін көмектің барлық циклінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін үйлестіруші ретінде БҰҰ босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының рөлі жоғары екенін айтты. Сондай-ақ Тамара Дүйсенова басқарманы Алматы процесін құруға үлес қосқан, аралас көші-қон динамикасы мен босқындардың құқықтарын қорғау нәтижесінде туындайтын проблемаларды шешуге бағытталған диалог алаңы ретінде атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау аясында Ішкі істер министрлігінен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне босқындар саласындағы функциялар берілді. Осыған байланысты, көші-қон және босқындар саласындағы бірыңғай саясатты қамтамасыз ету үшін біздің министрлігіміздің жанынан Көші-қон комитеті құрылды.
Сонымен қатар біз БҰҰ-ның Нью-Йорк декларациясының босқындар мен мигранттар туралы шешімдерінен, босқындарға қатысты кешенді шаралар мен босқындар туралы жаһандық шарт шеңберінде туындайтын өзге де шараларды іске асыруды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті Т.Дүйсенова.
Өз кезегінде БҰҰ Орталық Азиядағы босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының Өкілі босқындар мен пана іздеушілердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
«Біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен босқындар мәселелері бойынша заңнама мен тәжірибені жетілдіру жөніндегі ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Бұл күш-жігер босқындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларды Қазақстанның Адам құқықтары саласындағы күн тәртібіне сәйкес қорғауға көмектеседі деп санаймыз. Сондай-ақ біздің бірлескен жұмысымыз босқындарға оларды қабылдайтын қоғамның игілігі үшін өз әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», деді Ханс Фридрих Шоддер.
Екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайту және дамыту үшін Тамара Дүйсенова мен Ханс Фридрих Шоддер бірлескен іс-шаралар Жоспарына қол қойды. Құжат босқындар мәселелері бойынша құзыретті жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері үшін оқыту тренингтерін өткізуді, сондай-ақ босқындардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша бірлескен ұсыныстар әзірлеуді көздейді.