Бабы қанған құс қасқырға түседі. Қасқыр түлкідей емес, аңғал, алаңғасар келеді. Бастабында не болғанын түсінбей, тұмсығынан шеңгелдеп алған бүркіттен құтылу үшін секіріп, тулай береді. Алда-жалда бүркіттің шеңгелі босап кетсе, дереу боршалап өлтіреді. Сондықтан да алғыр қыран қасқырды шеңгелдеген күйі көзін шығаруға тырысады. Ең бастысы, құсының қасқырға түскенін білген құсбегі дереу жетіп, қолындағы жарақпен қасқырдың шабын немесе ішін жарып көмектеседі.
Үйретілген бүркіт қоңыр аңдарға да (бұғы, марал, киік, тауешкі, т.б) түседі. Көбінде биік құз шағылдардың бетінде, тасқа шығып, серейіп тұрған сәтінде қоңыр аңды қатты тебінмен түйіліп келіп соғып, тастан құлатып жібереді. Кәнігі құсбегілер бүркітті қайырып баптаған кезде, елік, арқар, тауешкі сияқты қоңыр аңдардың өлі басын алып келіп, екі мүйізінің арасына ет байлап, оны жегізіп дәніктіреді. Кейін аңға салған кезде дәніккен құс үйренген әдетімен қоңыр аңның басына келіп қонады да, оның екі көзін шоқып алады. Соқыр болып қалған аң ұзай алмай айналып тұрып қалады.
* * *
Одан кейін бүркітке оңай алдырмайтын құстың бірі – ұлар. Бүркіт шүйіліп келіп қалған кезде ол құйрығын дөңгеленте жайып, басын жауып, бұға қалады. Бүркіт ұлардың құйрық қауырсынын сыпыра уыстып, қапы қалады. Үкіні бүркіттің бірі алса да, енді бірі ала алмайды. Оның қауіпті қаруы – инедей өткір тұяқтары. Сол тұяқтарымен шеңгелдеп, бүркіттің денесін жарақаттап, жемсауын жарып жібереді. Көбінде бүркіт оны ұшып жүрген кезінде екі аяғын бір аяғымен қабаттай бүріп, шеңгелдеп ұстайды.
Бүркітке мәлінді ұстау өте қиын. Мәліннің тұлыбы кең, майы қалың болады. Терісі көлкілдеп бос жатады. Бүркіт келіп ұстағанда мәліннің мойны-басы терісінің ішінен айналып кіріп кетіп, аузымен бүркіттің аяғын шайнап тастайды. Мәліннің тістеген жері мен жарақаты көзге біліне бермейді, бірақ соңынан бітеу жараға айналып, уыттанып, асқынып, бүркітті өлімге де соқтырады. Оның өткір тістерінің уыты күшті болады. Мәлінді білетін алғыр бүркіттер оның аузын бүре ұстап, өлтіреді.
* * *
Саятшылықтың ең қызықтысы да құндысы – бүркіттің түлкі алуы. Қазақ құсбегілері: қараүйек, қылшықтары күмістей жылтыраған, пұшпақтары қолтығына дейін қара, сыртқы қызылы өрттей дала түлкісі, бағасы қымбат, кезі келсе «қара түгілі, ханға да байламайтын» аса сирек кездесетін қара түлкі, өте қымбат қырдың қырмызы түлкісі және қырдың қызыл түлкісі деген түрлерін ажыратады.
Түлкі басқа аңдардай емес, дыбыс, иіс, дүбірді алыстан сезеді, дереу жасырынады. Бүркітті көрген түлкі шамасы келсе қыранның тасасын сағалап, қараған-бұтаны аралай қашады. Түлкінің бұлай жықпылдата бой тасалауын құсбегілер «жабыттап қашу» дейді. Ал жасырынып түлкі үстіне қағушы немесе ит барып қалмаса, жатқан жерінен тыпыр етпейді. Көбінде бүркітті алыстан байқап осылай бұғып қалады.
Кәнігі аңшылар бүркітінің томағасын сыпырып жіберіп, айналасын бір шолдырады. Алыстан түлкіні байқаған құс ұмсынып барып тоқтайды. Содан кейін бұққан түлкі алыста ма, әлде жақын маңда ма, соны білу үшін иесі құсына томағасын қайта кигізіп, аздан соң томағасын сыпырып, оны бүркіттің көз алдына көлденең ұстай қояды. Егер бүркіт томағадан асып үстінен қараса, түлкі алыста, ал қолдың астынан қараса, түлкі жақын жерде жүр деген сөз.
Тастың астында немесе үңгір ішіне бұққан түлкіні көзі шалған бүркіт сол маңның бір жеріне қонып, оның шығуын ұзақ күтеді. Бірақ түлкі бұққан жерінен әсте шықпайды. Аңшылар түлкінің осылай бұғып жатып алуын «қорып қалу» дейді де, бүркіттің аңдып отырғанын «қорытып отыр» деп атайды. Ал түлкі тас-бұтаны паналап бүркітке алғызбаса, оны «қорғалады» деп атайды.
Қорғалауға мұршасы келмей, сасқан түлкі дереу тұра қалып, бүркітке қарай арсылдап үреді. Тісін қайрап ырылдайды, айбар шегеді. Көктен сорғалап, тақап қалған бүркітке құйрығын көлденең тартып, алдағысы келеді. Мұндайда өзіне-өзі сенген бүркіт болмаса, көп ретте сәтсіздікке ұшырайды да, түлкі құтылады. Өз жауына түлкінің көрсеткен осы қарсылық айласын құсбегілер «кергені» деп атайды.
Өте айлалы, әдісқой бүркіт болмаса, керген түлкіні ала қою оңайға түспейді. Өйткені жоғарылап барып, қайта шүйілген құстың екпіні өте қатты болады да, жерге жақындап қалғанда, өзін тежеу мүмкіндігі де азая түседі. Қыранның екпінін мұқият байқап, керіп түрған түлкі бүркіт таяған кезде ыршып кетеді де, қыран өз екпінімен барып жерге соғылады. Егер құс жерге қатты соғылса, мертігеді, өледі. Керген түлкінің айласынан болған осы сәтсіздікті құсбегілер «жер соқтыру» деп атайды.
Жер соғып қалу көбінесе әдіс-айласы аз, нашар бүркітте немесе қолбала бүркітте көбірек кездеседі. Ал өз әлін білетін сарша сияқты қорқақ құстар керген түлкіге түспейді. Тайқып шыға береді. Әлді құстар оның кергеніне қарамастан түлкіні сыпыра іледі де, басып қалады немесе сол ілген бойы көтеріп алып, басқа жерге апарып басады.
Кейбір қыран керген түлкіге түспестен, үстінен сыпырып өте шығады. Мұндай сәтте аман қалған түлкі жалма-жан тұра қашады. Түлкінің қашу сәтін әдейі өзі тудырған қыран жарқ етіп қайта айналады да, түлкіні басып қалады. Осылай алғыр қырандар керген түлкінің өзін алдап түсіреді.
Түлкі мен қыран арасындағы арпалыста қызық сәттер өте көп кезігеді. Бүркіт қашқан түлкіні қуалап тегеурінімен іле бергенде, түлкі кенет қайырыла қарманып, ауыз салады. Сол кезде бүркіттің екінші аяғы көз ілеспес шапшандықпен аузын аштырмай ноқталап ұстап, екінші аяғын ауыстырып, өкпесіне шершеулей салып, тырп еткізбей басып қалады. Бүркіттің жыртқыш аң ұстаудағы көбірек қолданатын тәсілі осы. Тағы бір тәсілі қырандардың ұзақтан қашқан түлкіні тілеп алуы. Ондайда түлкі бүркіттің өзіне түсетін, түспейтінін қанат қағысынан суылдаған айбынды екпінінен біледі.
Саят кезінде қансоқтаны құсқа мөлшерлеп бермесе, тойып жеген бүркіттің жемсауы майланады да, аңға ұшпай қояды. Ең жақсысы ұстаған түлкінің тілін жылыдай кесіп берсе, құс дәнігіп түлкі ұстағыш болады. Жемсауы майланып кеткен бүркітке бөртпе беріп, ішін майдан арылтады. Саятта бір-екі кесек ет кесіп берсе, құстың көңілі көтеріліп тағы да аң ілуге шабыттанады.
Қыран бүркіт қолға үйретіліп, оны саятқа алып шыққанда алғаш алған аңын жасы үлкен қағушының қанжығасына байлайды. Қанжығаға тұңғыш аң байлау да құсбегілік өнердің бір жақсы шарты. Құсбегі қанжығаға аң байлағанда: «Қанжыға майлансын!» деп айтуы керек. Қанжығасына аң байлаған адам құсбегіге алғыс, рахмет айтып, бата беріп, жолын жасайды.