Қоғам • 14 Маусым, 2022

Әдепсіздікті кім тыяды?

287 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бірде таныс ағамыз әлпештеп, аялап өсіріп отырған жалғыз қызын ұзатты. Алғашқы тойы болғандықтан ештеңеден тар­тынып қалмады. Елордадағы сәні мен сәулеті келіскен мейрам­хананы жалға алып, дүркіретіп өткізді. Аста-төк дастарқан, риясыз пейіл, ақеділ көңіл… ернеуінен асып, сапырылып жатты.

Әдепсіздікті кім тыяды?

Той басталардан сәл ғана бұрын артынып-тартынып, бар­лық асай-мүсейлерін құ­шақ­тап, тойдың асабасы мен әншілері де жетті. Оларға іле­сіп фотоға түсірушілер келді. Әйтеуір, құдалыққа келгендей бір қора адам. Асабамыз – жү­зіктің көзінен өтер пысық жігіт. Таңдайы да тақылдап тұр. Әп-сәтте жұртшылықты иіріп, үйіріп әкетті. Оған біз де қуанып, «мынау, бір болайын деп тұрған өнерлі бала екен» деп, мәз-мәйрам болдық. Той иесі екібастан есі шығып кеткен.

Сонымен көп күткен той да басталды. Обалы нешік, асаба да, оның қасында үйіріліп жүрген жігіттер де шетінен өнерлі екен. Неше түрлі әнді нақышына келтіре шырқап, биді де түбін түсіре билеп, қуаныштың сәнін кіргізді. Әсіресе жастардың делебесін қоздырды. «Той болғасын, осылай болсын» деп біз отырмыз. Бір кезде байқаймын, мен мақтап, мадақтап отырған асабамыз, әр сөзін қазақша бастап, ортасына келгенде орысша шүлдірлеп кетеді. Бір емес, екі емес… үнемі… жан-жағыма қарасам, тойға келгендердің бәрі де – өз ағайындарымыз. Тек әнебір шеткі үстелде аға­мыз­дың әріптестері ретінде екі-үш өзге ұлт өкілдері отыр. Бірақ олардың асабаның сөзіне құлақ тігіп отырғанын көрмедім. Өздерімен-өздері… «Сонда бұл кімге орысша сөй­леп отыр» деп қоямыз. Бір кезде қасымда отырған жасы үлкен ағамыз шыдамай кет­ті де: «Інішек, осы тойға келгендердің бәрі де өзіміз, неге бастан-аяқ өз тілімізде жүргізбейсің, өзге тілде шүлдірлеп, миымызды атала қылып жібердің ғой» деп еді, «аға, бәрімізге де түсінікті тіл ғой» деп иығын қиқаң еткізіп, өтіп кетті.

Жалпы, біздің бабаларымыз той жасаса да оның шегі мен шетін біліп, мөлшерден асырмаған. Бүгін оның бәрі «ескілікке» баланып, ертегідей той өткізуге құштармыз. Аны­ғын айтқанда, қазақы той­дың өзі шоу-бизнестің бір бөл­шегіне айналды. «Ойбай, ана­ның тойына әнебір әйгілі әнші келіп, ән салыпты» десе, оған аузымыздың суы құрып тамсанамыз.

Қазір әлеуметтік желі­лер­ден той үстіндегі әдепсіз қы­лықтардың үдеп бара жат­қа­нын бейнелейтін түрлі виде­о­роликтерді көріп жүрміз. Кәдімгі, тойдың үсті… Бірақ жөнсіздік көрсеткендерге «әй, тоқтат» деп отырған бір адам жоқ, бәрі мәз-мәйрам күлкіге кенелген… Ау, сол жерде әлгі әдепсіздікті тыя­тын аузы дуалы қарияның қалмағаны ма?