Аймақтар • 14 Маусым, 2022

Қарағанды облысында ірі қара малдың неден қырылғаны айтылды

364 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ветеринарлар дәрі-дәрмектерді сатып алу процесін жеделдетуді сұрады. Өңірде вирустық диарея мен жұқпалы ауруларға қарсы вакцинаның 350 мыңнан астам дозасы жетіспейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағанды облысында ірі қара малдың неден қырылғаны айтылды

«Астана» телеарнасы хабар таратқандай, Қарағанды облысының Шет ауданында 76 сиыр мен бұзау қырылды. Тағы 150-ден астам мал бақылауда.

Ауру жануарлардың еті сөрелерге түспеуі үшін Ақшоқы кентінде санитарлық бекет қойылып, ұшалары арнайы пештерде өртеледі.

Фермерлердің айтуынша, мал бірнеше күн ішінде летаргия, дірілдеу, дене қызуы және тамақтанудан бас тарту сияқты бірдей белгілермен ауырып, қырылған.

Жергілікті ветеринарлар бұл анаэробты инфекция деп санайды, себебі мал тиісті вакцинамен егілмеген.

Қарағанды облысының ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков вакцинация жоспары Украинадағы қарулы қақтығысқа байланысты орындалмағанын мәлімдеді.

«Біз бірден жұқпалы ауруға күдіктенеміз. Неліктен анаэробтарға? Себебі жоспар бойынша бұл ауылда біз 3 мың басты вакцинациялауымыз керек, ал бізде вакцина болмағандықтан малдың 25%-ын ғана вакцинацияладық. Украина да, Ресей де бізге вакцина жеткізетін. Диагностика Украинадан келе жатыр. Жоспарлы вакцинация бойынша біз де қажетті көлемді алмадық», дейді ол.

Мамандардың айтуынша, аурудың таралуына даладағы құрғақ ыстық ауа-райы ықпал еткен.