Кеше Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай “Банк Центр кредит” АҚ қызметі бойынша қаржы полициясы мен Қаржы бақылау агенттігінің бірлесіп жүргізіп жатқан тексеріс барысы аяқталу сатысында деп хабарлады. Қазіргі уақытта Қаржы бақылау агенттігі аталған банк қызметінде банктік заңнаманың қандай да бір бұзылғанын анықтаған жоқ. Оған байланысты Қаржы полициясы органдары да тексеріс нәтижелері бойынша процессуальдық шешім қабылдайтын болады. Сонымен қатар ресми өкіл елімізде соңғы кездері қасақана алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы бөгденің мүлкін ұрлау, яғни алаяқтық жасау деректері жиі орын алып отырғанын айтып өтті.
Жалпы, еліміздің заңы бойынша алаяқтық жолмен бөгденің мүлкіне суық қол жүгірткендерге ауыр жаза тағайындалады. Ондай жандардың теріс ісі әшкереленіп жатса он жылға бас бостандығынан айырылғанымен қатар, бар мүлкі тәркіленеді. Бірақ соған қарамастан алаяқтық кең тараған және қоғамдық қауіптілігі жоғары қылмыс болып отырған көрінеді. Мәселен, мұндай қылмыс түріне жиі баратындардың көптігі сондай тек үстіміздегі жылдың үш айында ғана алты жүзге жуық қылмыстық іс қозғалған. 483 қылмыстық іс жете тексеріліп, сот қарауына жіберілді. Осы алаяқтардың іс-әрекеттерінен мемлекет пен жазықсыз жандар 2 млрд. теңгеден астам залал шеккен. Мәселен, Алматы қаласында риэлторлық фирманың директоры мен оның орынбасары жалған құжаттар дайындап, жылжымайтын мүлікті сату арқылы 48 млн. теңгені қалтаға басқан. Бірақ жалғандық жарға жығады дегендей, алаяқтардың ісі әшкереленіп, өздері тиісінше 8,6 және 7,6 жылға сотталып, мүліктері тәркіленді.
Алаяқтардың қармағына көбіне қарапайым адамдар ілініп жатады. Олар биліктің атынан сөз айтатын жандарға кәдімгідей сенім артады. Ал негізінде жұрт ондай жандардың нағыз қылмыскерлер екенін ажырата алмай қалады. Адал жандардың осы сенгіштік қасиетін жақсы білетін Сабина ипотекаға пәтерлер рәсімдеп беремін деген құр сөзімен ғана Астана қаласының көптеген тұрғынының 35,5 млн. теңгесін қолдарынан санап алып, тайып отырған. Айта берсе қаржы полициясы келтірген мұндай мысалдар өте көп. Олар тұрғын үй бағдарламасы бойынша берілетін пәтерлерді және жер телімдерін алауға көмек көрсетеміз деген алдаулар арқылы да талай адамның қыруар қаржысын иеленіп кеткен.
Сонымен қатар ресми өкіл бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген сотталғандардың ұялы байланыс мүмкіндігін пайдалану арқылы қылмыстық әрекеттерін жалғастыру барысында әшкереленгенін, құны өте арзан автокөліктерді алып келемін деген алаяқтардың көптеген азаматтарды алдап кеткенін, несие алу мақсатымен банк саласында жалған құжаттарды пайдалану арқылы жасалған қылмыстық әрекеттердің анықталғанын және әлеуметтік төлем ретінде бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері тіркелгендігін хабарлады.
Александр ТАСБОЛАТОВ.