Үкімет • 14 Маусым, 2022

Әлихан Смайылов инфляцияны тежеу жұмысын күшейтуді тапсырды

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдерге инфляцияны тежеу жұмысын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлихан Смайылов инфляцияны тежеу жұмысын күшейтуді тапсырды

«5 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 4,6%-ға өсті. Оған негізінен нақты сектордың қарқынды дамуы, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі айтарлықтай үлес қосты. Өсім тіркелген негізгі салалар – азық-түлік өнімдері - 3, сусын өндірісі - 18, жеңіл өнеркәсіп - 8, химия өнеркәсібі - 11, резина және пластмасса бұйымдарын шығару - 11%-дан асты. Сондай-ақ мұнай өңдеу - 8, жиһаз және машина жасау өнімдері - 10, фармацевтика - 5%-ға өсті», деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, тау-кен өнеркәсібіндегі 4% өсім табиғи газ, мұнай, көмір және металл кенін өндіру есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыс саласы 9%-ға жуық тұрақты өсім көрсетіп отыр. Құрылыс материалдарының өндірісі 5%-ға артты. Қызмет көрсету секторында сауда - 11, көлік саласы - 8 және байланыс - 7%-дан астам артты.

«Ақмола, Алматы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласы мен елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім тіркеліп отыр. Жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер осы жұмыс қарқынын сақтауы керек. Ол үшін экономиканы әртараптандыру, инвестициялар тарту және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды жалғастыру қажет», деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы мамыр айының қорытындысында елдегі жылдық инфляция 14 пайызды құрағанына назар аудартты.

«Азық-түлік инфляциясының деңгейі 19%-ға жетті. Бұған ең алдымен, азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсуі әсер етіп отыр. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер инфляцияны тежеу жұмысын күшейтіп, пәрменді іс-шаралар қабылдауы тиіс», деді Премьер-Министр.