Қоғам • 14 Маусым, 2022

Қазақстанда халық саны өсті

1140 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросы биылғы қаңтар-сәуірдегі демографиялық ахуал туралы мәлімет таратты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда халық саны өсті

1 мамырда еліміздегі халық саны 19 199,8 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар – 11 442,9 мың (59,6%), ауылдықтар – 7 756,9 мың адам (40,4%). 2021 жылғы 1 мамырмен салыстырғанда халық саны 236,9 мың адамға немесе 1,2% өсті. Ерлердің үлесі - 48,6%, әйелдер - 51,4%.

«Қаңтар-сәуірде республика халқының табиғи өсімі 2021 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда (88 мың адам) 9,8% кеміп, 79,3 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда - 12,54 адам.

АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбасындағы мәліметті өңдеу нәтижесінде 2022 жылғы қаңтар-сәуірде туғандар саны 127 мың адамды құрады, бұл 2021 жылғы қаңтар-сәуірге (137,4 мың адам) қарағанда 7,6% аз. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға - 20,08 жағдай» делінген хабарламада.

Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 47,7 мың адамды құрады, бұл 2021 жылғы қаңтар-сәуірге (49,5 мың адам) қарағанда 3,6% аз. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті - 1000 адамға 7,54 қайтыс болған. 2022 жылғы қаңтар-сәуірде республикада 1 жасқа дейін 1 113 сәби шетінеген. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (1109 шетінеген нәресте) 0,4% артты.

Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 жаңа туған сәбиге шаққанда - 8,76 оқиға.