Қазақстан • 14 Маусым, 2022

Қазақстанда электр самокат жылдамдығы шектелуі мүмкін

482 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда электр самокат үшін ұлттық стандарт әзірленіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан стандарттау және метрология институтының комитет төрағасы Ербол Сейпілов айтты, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда электр самокат жылдамдығы шектелуі мүмкін

«Бірінші кезекте, осы стандартты әзірлеу Үкіметтің тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жүргізілгенін атап өткен жөн. Осы стандарт аясында біз самокаттың 25 км/сағ дейінгі максималды жылдамдығын, сондай-ақ жаяу жүргіншілер режимінің мүмкіндігін қарастырдық», деді ол құжатты талқылау бойынша кездесу барысында.

Ұлттық стандартқа сәйкес электр самокат - бұл орындығы жоқ, электр қозғалтқышын пайдалану арқылы бір адамның қозғалуына арналған екі немесе үш дөңгелегі бар жеке мобильділік электр көлігі. Стандартты әзірлеушілер электр самокаттардың барлық түрі үшін максималды жылдамдықты енгізуді ұсынады. Ол сағатына 25 шақырымнан аспайды. Қазақстанда самокатшылардың қатысуымен апаттың жиі болуына байланысты жылдамдық шектеледі. 
 
Ішкі істер министрлігі мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанда самокаттардың қатысуымен 68 апат болып, бір адам көз жұмған. 71 адам зардап шекті. Биыл самокатшылардың қатысуымен 41 апат болды.
 
Егер ережелер қабылданып, заңнамаға тиісті түзетулер енгізілсе, электр скутер өндірушілері көлікке арналған нұсқаулықта жүргізушінің салмағы, жасы, бойы бойынша нормаларды қарастыруға тиіс. Самокаттың өзінде таңбалау, жарық шағылыстырғыш, фаралар болуы керек.
 
Жіктеу бойынша электр самокаттарды велосипедтерге жатқызу қарастырылып жатыр. Олар жол бойымен де, тротуармен де жүре алады. Жаяу жүргіншілерге жақындаған кезде жылдамдықты төмендету қажет болады.
 
«Бұл стандарт заңнамадағы нормативтік құжаттарда, жол қозғалысы ережелерінде осы мәселені реттеу үшін әзірленуде. Толық жағдайды біз стандарттың өзін пысықтағаннан кейін көреміз. Заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіледі», деп толықтырды Ербол Сейпілов.
 
Стандарттарды биыл қыркүйекке дейін енгізу жоспарланып отыр.