Ғылым • 15 Маусым, 2022

Препарат сынақтан сәтті өтті

590 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық ғалымдар бірегей фибринді гидрогель әзірледі. Оны қолдану арқылы 15 қазақстандыққа тізе буынының шеміршегін қалпына келтіру операциясы жасалды.

Препарат сынақтан сәтті өтті

Операция жасалған жандардың көбі – ­­буын ауруларымен ауыратын 50 жастан асқан адамдар. Алғашқы пациент оң жақ тізе буынының арт­ро­зы бар 28 жастағы азамат болды. Ға­лым­дар­дың айтуынша, ұқсас диагноздармен емдеудің бірнеше әдісі бар, бірақ гидрогельді қол­дану – зақымдалған буындар мен шеміршекті толығымен қалпына келтіруге мүмкіндік беретін жал­ғыз әдіс.

Жаңа техниканың негізгі әзір­­­леушісі – Ұлттық био­тех­но­ло­­гия­лық орталық жанындағы Дің жасушалары зертханасының мең­ге­рушісі Вячеслав Огай.

«Үш ай ішінде фибринді гидрогельдің клиникалық сынақ­та­­рында 15 еріктіге операция жа­садық. Пациенттердің басым бө­лі­гі – жасына байланысты буын­­­да­рында өзгерістері бар адамдар. Операция 15-25 минутқа дейін созылады. Сондай-ақ бар­лық операция штаттық ре­жім­де жасалды. Науқастар алты айда сауығып кетеді, бірақ егде жастағылардың оңалуына ұза­ғы­рақ уақыт кетуі мүмкін. Осы кезең өткеннен кейін алғашқы нәтижелерді жариялай аламыз», деді ғалым В.Огай.

Клиникалық сынақтар академик Н.Батпенов атындағы Трав­ма­тология және ортопедия Ұлттық ғылыми орталығында нау­рыз айын­да басталды. Зерт­теу­дің ал­ғаш­қы екі кезеңі осы жылдың со­ңына дейін жалғасады. Кейін бір­неше орта­лық­та клиникалық сынақтар өткі­зіледі. Оның нәти­же­сінде био­медициналық препаратты тіркеу, оны жаппай өн­діру және буын аурулары бар адамдарға ке­ңі­нен қолдану жоспарланып отыр. Процедураны ақылы да, квота бо­йынша тегін де алуға болады.

Айта кету керек, әдістеме Білім және ғылым министрлігінің қар­жы­лай қолдауымен жасалған. Ғылыми жобаға Ұлыбритания елшілігі қы­зы­ғушылық танытып отыр.

 

Аружан НАҒАШЫБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті