Оқиға • 15 Маусым, 2022

Есіл өзеніне 12 жастағы қыз батып кетті

359 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

14 маусымда Есіл өзеніне 12 жастағы қыз батып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Есіл өзеніне 12 жастағы қыз батып кетті

Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 14 маусымда сағат 19:39-да Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылының Silk Way демалыс аймағында болған.

«2010 жылы туған қыз ата-анасының қарауынсыз қалып, суға шомылуға жабдықталмаған жерде батып кетті», делінген ТЖД хабарламасында. 

Шақырту орнына жеткен Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары қыздың денесін сағат 20:58-де тауып, судан шығарды. 

Айта кету керек, осы жылдың 21 мамырында демалыс аймағының су қоймасына тексеру жүргізіліп, шомылуға жарамсыздығы туралы акт берілді. 28 мамырда бөлім қызметкерлері Silk Way демалыс аймағында құтқару бекетінің су айдынындағы қауіпсіздік қағидаларының негізгі талаптарын түсіндіру және демалыс аймағын жабдықтау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізді. Суға шомылуға және балаларды су айдынында қараусыз қалдыруға тыйым салу туралы ақпараттық стенд орнатылды.

Ақмола облысының ТЖД судағы қарапайым тәртіп ережелерін сақтауды еске салды. 

«Тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға түспеңіз. Жүзуге арналмаған заттармен жүзбеңіз, суға алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде кірмеңіз. Егер сіз су айдынында балалармен бірге болсаңыз оларды қараусыз қалдырмаңыз. Жүзу құралдарын пайдалана отырып балық аулау кезінде міндетті түрде құтқару кеудешелерін пайдаланыңыз. Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау қайғылы нәтижелерге әкеп соқтыруы мүмкін екендігін ұмытпаңыз», деді ТЖД өкілдері.