Президент • 15 Маусым, 2022

Қазақстан ЕАЭО мен ҰҚШҰ құрамынан шықпайды - Тоқаев

1394 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ сынды ұйымдар туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан ЕАЭО мен ҰҚШҰ құрамынан шықпайды - Тоқаев

«Қазақстан осы интеграциялық бірлестіктердегі өз қызметін қолдайды. Қазақстанның ЕАЭО, ҰҚШҰ-дан шығу ниеті туралы барлық әңгімелер шындыққа мүлдем сәйкес келмейді», деді Президент сұхбат барысында.

Сондай-ақ ол ҰҚШҰ-ға қатысты ұстанымын айта кетті.

«ҰҚШҰ-ға келетін болсақ, мен Мәскеуде сөз сөйледім, ҰҚШҰ-ның 30 жыл ішінде алғаш рет Қазақстанға шектеулі контингентті жіберу арқылы өзін қандай да бір түрде көрсеткенін айттым. Бұл ретте Ресей емес, ҰҚШҰ-ны атап өтемін. Ресейде кейбір адамдар бұл жағдайды Ресей Қазақстанды құтқарды, ал Қазақстан енді мәңгі қызмет етіп, Ресейдің аяғына тағзым етуі керек дейді. Менің ойымша, бұл шындықтан мүлдем алыс. Дәл осы ҰҚШҰ-да Қазақстан белсенді қатысушы. Бұрын бұл ұйым саммиттер өткізумен, декларацияларға қол қоюмен айналысқан. Яғни, ұйым өзін тиімді көрсетті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ЕАЭО да Қазақстан үшін маңызды ұйым екенін айтты.

«ЕАЭО-ға келетін болсақ, менің ойымша, бұл өте маңызды ұйым. Мен Бішкекте өткен экономикалық форум отырысында бұл өзара ымыраны талап ететін өте күрделі еңбек екенін айттым. Өйткені әр ел өз ұстанымын қорғауды қажет деп санайды. Бұл қалыпты жағдай. Сол себепті ЕАЭО-дағы біздің өкілдеріміз ел мүддесін барынша табанды қорғап келеді», деді Қ.Тоқаев.