Қоғам • 15 Маусым, 2022

Қандай жақсы баланың қуанғаны!

829 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңір әкімі Серік Шәпкеновтің мәліме­тінше, Балалар жылына орай 70-ке жуық іс-шара­ны қамтитын арнайы жоспар жасақталған. Сол жос­пар аясында жыл басынан бері 40 іс-шара өтіп, нә­тижесінде, 55 мыңнан астам бала қамтылып отыр.

Қандай жақсы баланың қуанғаны!

– Балалар мен жасөспірімдердің спорттық секцияларға, шығармашылық үйірмелерге тегін баруы үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 3,5 мың бала қамтылды. Енді бұған қосымша 2 мың жасөспірімді қамту жоспарланып отыр. Ал жаз мезгілінде демалу және сауықтыру шараларымен 130 мыңнан астам баланы қамту көзделді. Қазір облыста 1-10 сыныптардағы оқушылар саны – 134 500. Бұл оқушылардың 97 па­йызын құрайды, – дейді С.Шәпкенов.

Әкімнің дерегіне сүйенсек, аз қамтылған отбасылардағы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында Атырау қаласының маңында үш лагерь балаларды қабылдай бастады. Ресей Федерациясының аумағында орналасқан лагерьге 1,5 мың бала жіберіледі. Аз қамтылған отбасылардағы балалар үшін жазғы демалысқа қосымша демеушілік көмек көрсетіледі. Ал мүмкіндігі шек­теулі, аз қамтылған және көпбалалы от­басылардағы балалардың, ауылдық жер­лердегі оқушылардың олимпиадалық резерв мектептерінде, лицейлер мен гимназияларда сапалы білім алуына қолдау көрсетіліп отыр. Осы мақсатта облыс­та «Бір пән – бір оқушы – бір нәтиже» жобаcы жүзеге асырылып жатыр. Жоба нәтижесінде биыл 46 оқушыға жолдама берілген. Өткен аптада көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың 79 баласы «Қазақстан геологы» пансионатына аттанып кетті. Аталған пансионат Ресейдегі Железноводск пен Пятигорск қалаларының аралығындағы Иноземцево кентіндегі Бештау баурайында орналасқан. Пансионат директорының міндетін атқарушы Шолпан Есқалиеваның айтуына қарағанда, лагерьде атыраулық балалардың демалысын қызықты өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Демалыс кезінде балаларға мәдени, спорттық бағдарламалар, конкурстар ұйымдастырылып, түрлі фильм көрсету көзделген.

– Қызықты іс-шараларға қоса демалушы балалар сол маңдағы қалаларға саяхаттап, тарихымен танысады. Пансионат аумағында волейбол мен баскетбол, шағын футбол, бадминтон мен үлкен тенниске арналған алаңдар бар. Таза ауа және емдік минералды су балалардың демалысты тиімді өткізуіне, емдік процедураларды алып, денсаулығын жақсартуына ықпал етеді, – дейді Ш.Есқалиева.

Облыстық білім басқармасы бас­шы­сының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, 26 мамырда басталған жазғы мектептер 17 маусымға дейін жұмыс істейді. Жазғы мектептің өз ерекшелігі бар. Бұл – сабақтың әдеттегі форматта өтпейтіні.

– Жазғы мектептерге 1-8 және 10-сынып оқушыларын қабылдау 26 маусым­да басталды. Сабақты тек білім ошағында ғана емес, музейлерде немесе таза ауада өткізуге болады. Әртүрлі танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып отыр. Мұғалім экскурсия кезінде елдің тарихы мен географиялық орналасуы туралы әңгімелейді. Жазғы мектептегі сабақ сыныптағы оқушылар санына қарамастан өткізіліп жатыр. Оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді, – дейді Айнагүл Дүйсекенова.

Атырау қаласы әкімдігі баспасөз қыз­метінің мәліметінше, жазғы демалыста орта мектеп оқушылары үшін қоғамдық көлікте тегін жол жүру туралы шешім қабылдады. Бұған қалалық прокуратура анықтаған олқылықтар себеп болған.

– Мектеп оқушылары автобусқа мін­генде, өзімен бірге көлік картасын алып жүруі қажет. Тасымалданған бенефи­циарлардың санын нақтылау үшін картаны валидаторға тигізу керек. Бұл кезде картадан төлем үшін ақша алынбайды. Осылайша, Атыраудағы балалар мен жасөспірімдер көлікті жыл бойы тегін пайдаланатын болады. Ал студенттер қоғамдық көлікте жеңілдетілген тарифпен жүреді. Олар үшін жол жүру құны 40 теңгені құрайды, – деп мәлім етті «Смарт Атырау» КММ директоры Арслан Аронов.

Оның айтуынша, мектеп оқушылары үшін сәуір айынан бері жол жүру толығымен тегін болған. Осы айға дейін күніне алғашқы екі сапар үшін оқушылардың картасынан төлем жасалмаған. Оқушылар бұдан кейінгі сапарға жол жүру ақысын төлеп келген. Алайда мұндай талап Атырау қалалық мәслихатының шешіміне қайшы екені анықталыпты. Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллиннің айтуынша, бұл балаларды жалпы білім беретін мектептерге тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сақталуына жүргізілген талдауда анықталды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Балалар жылына олардың құқық­тарына баса көңіл бөлуді тапсыр­ған еді. Осыған байланысты балалар құқығының сақталуына талдау жүргізу кезінде бірнеше заң бұзушылық анықталды. Мәселен, мектеп автобусын жүргізушілерде көлік құралдарын басқару құқығының тиісті санаты болмаған. Көлік құралдарына міндетті техникалық тексеру жүргізілмеген. Бұл балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, – дейді А.Тайтуллин.

Талдау нәтижесімен қалалық тиісті орындарға заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілді. Прокурордың актісіне сәйкес, Атырау қаласындағы мектептерден 5 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 2 автобус жүргізушісі жұмыстан шеттетілді.

– Қазір анықталған заң бұзушылықтар жойылды. Мектеп автобустарының жүр­гізу­­шілеріне және көлік құралдарына қо­йы­ла­тын талаптар заң талабына сәйкес­тен­­дірілді. Сәуір айына дейін Атырау қала­лық мәслихатының 2015 жылғы 27 нау­рыздағы № 268 шешімінің талаптарына қарамастан балалардан екінші сапар­дан кейін жолақыны төлеу талап етіліп келген. Прокурордың актісімен бала­лардың қоғамдық көлікте тегін жол жүру құқығы қамтамасыз етіліп, кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді қала прокуроры А.Тайтуллин.

 

Атырау облысы