Экология • 16 Маусым, 2022

Экологиялық мәдениет – табиғатты қорғау құндылықтарының негізі

8501 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әр ұлт пен ұлыстың табиғатты пайдалануда, қорғауда ғасыр­лар бойы қалыптасқан өзіндік дәстүрлері, нанымдары, құн­ды­лықтары болатыны белгілі. Бұл әкенің қанымен, ананың сүті­мен ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз дарып отыратын асыл қасиет.

Экологиялық мәдениет – табиғатты қорғау құндылықтарының негізі

«Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі» демекші, қазақ халқының дәстүрінде «Жер-Ана» деген егіз ұғым қалыптаскан. Жерді өз анасындай көру, ал анасын күндей қастерлеу – ұлтымыздың нанымы­на тереңінен енген салт. Олай деуге себеп, «Жер шоқтығы – Көкше­тау», «Жер жәннаты – Жетісу» сын­ды бірауыз сөздер арқылы бабаларымыз туған жерге, табиғатқа деген ыстық махаббатын, құрметін білдірген.

Алайда әлемдегі шиеленіскен экологиялық мәселелер адамдар­дың өмір сүру ортасына деген көзқарасын біршама өзгертті. Көз ілестірмес жылдамдықпен да­мып жатқан заманда жаңа инно­вациялық технологиялар, жаңа әлеуметтік институттар, өндіріс орындары пайда бола бастады. Бұл факторды адамдардың өмір сүру салтының трансформацияға ұшырауымен, сәйкесінше сұраныс деңгейінің арта түскендігімен байланыстыруға болады. Ендігіде адамдар экологиялық апаттан қа­лай құтылуды емес, керісінше оның эко­логиялық-мәдени салда­рын қа­лай жеңілдетуге болады де­ген сұ­рақ­тардың жауабын іздей бас­тады.

«Жергілікті экологиялық мәсе­лелер – тұрғындардың тіршілік ету салтының ерекшеліктеріне байланысты туындайды. Демек жер­гілікті қоршаған ортаның жағ­­дайы, ерекшелігі, табиғат заң­ды­лықтары мен құбылыстары ға­сырлар бойы сол аумақта ме­кен­деген тұрғындарға ғана жете түсінікті. Олардың тірші­лік ету салты, дәстүрі, наным-сенім­дері сол аумақтың табиғи, гео­графиялық ерекшелігі негізінде қалып­тасады. Сондықтан эколо­гиялық білім мен мәдениет қа­лып­тастыруда әр ұлттың этно­экологиялық ерек­шеліктері еске­ріледі», деп есеп­тейді биология ғы­лымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, жаратылыстану факультеті, қоршаған ортаны қорғау саласындағы бас­қару және инжиниринг кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы Аманбек Зандыбай.

Ғалымның пікіріне қарағанда, ұлтымыздағы экологиялық мә­дениет­тің қалыптасуы таби­ғат заңдылықтарына тікелей қа­тыс­ты. Шындығында, мәдениет тү­сінігінің шығу тегіне сүйенер болсақ, адамның табиғатқа қа­тынасы үнемі мәдениетпен «өң­де­ліп» отырды. Себебі адам та­би­ғатты өзінің қажеттіліктерін қана­ғаттандырудың негізгі тəсілі ретінде қабылдады, арадағы байланыс ешқашан үзілмейтінін жақсы түсінді, сондықтан табиғатпен байланысын күшейтті. Осыдан қоғамда «экологиялық мәдениет» деген ұғым қалыптасты. Ерте заманда адамдар табиғатпен тікелей байланысқа түсіп, бар қажетін сол арқылы қанағаттандырып отырса, ал қазіргі индустриалды қоғамда бұл байланыс түрі жаңа деңгейге шықты, трансформациялық өз­геріс­тер орын алды. Алға­шын­да пайда болған экологиялық мәде­ниет көрінісін қазіргі заман­ның экологиялық мәдениетімен салыстыруға келмейді. Мұны эко­ло­гиялық мәдениеттегі «дағда­рыс» деп түсіндіруге болады. Дағ­да­рыстың басты себебі – адам­дар­дың қаншалықты озық технология, заманауи инновациялық құрал ойлап тапқанымен, еш уақытта табиғаттан алшақ кете ал­майтынын жете түсіне бермей­тіндігінде.

«Экологиялық мәдениет – қор­шаған ортаны қорғау мен қал­пына келтірудегі ең басты құрал. Жеке тұлғаның экологиялық мәде­ниеті, қоршаған ортаға деген сүйіс­пеншілігі санасында болмаса, қа­тал заңмен, мол қаражатпен, қа­ра күш­пен, озық технологиямен таби­ғатты қорғау немесе қалпына кел­тірем деген бос әурешілік», дейді Аманбек Зандыбай.

Тарих ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры Жамбыл Артықбаевтың пікірінше, тірі таб­иғатқа, тіпті тірі атаулының бар­­­лығына жан ашу, аяу жəне махаббат идеясы – өте ежелгі идея. Гуманизмнің қайнар көзі де осында, кез келген тіршілік иесінің өмірдің əрбір көрінісіне деген сүйіс­­­пеншілік, əрбір тіршілік иесі­нің азабын түсіне білу, оған жан­ашырлықпен қарау – адам мə­нінің, адам жанының негізгі қыры.

«Қазіргі кезде қазақтың дəс­түрлі мəдениетіндегі табиғатты қорғауға бағытталған ырымдар, нанымдар, салт-жоралар өзі­нің маңызын жоғалтқан жоқ. Мә­се­лен, «бір тал кессең, он тал ек», «бұ­лақ көрсең көзін аш», «көк­ті жұл­ма», «судың да сұрауы бар» жəне т.б. аталы сөздердің аста­рын­да үлкен мән-мағына жатыр. Қа­лыптасып отырған күрделі эколо­гия­лық мəселені шешу мақ­са­тын­да қазақтың дəстүрлі мəде­ние­­тіндегі табиғатты қорғауға ба­ғыт­­талған ырымдар мен наным­дар­ды, салт-жораларды бүгінгі күні ұрпақ тəрбиесіне пайдалану эко­ло­гиялық мəдениетті қалып­тас­­тыру үдерісін барынша тиімді ет­пек», деп түйіндеді Жамбыл Ар­тықбаев.

«Тәрбие тал бесіктен», демек­ші, егер әр отбасы тұрмыс салтында, бала тәрбиесінде жоғарыда аталып өткен факторларды еске­ретін болса, демек, қоғамда эколо­гиялық мәдениет жаңғыра түсер еді.

 

Индира ЖҰМАГЕЛДІ