– Осы ауылға әкім болғаныма, міне, биыл 25 жыл болды. Тұқымында егіз болмаған ерлі-зайыптылардың біздің ауылға келіп қос сәбиден сүйгенін көріп, таңғалғанымыз бар. Тағылдың табиғатының тылсым күші ме, топырағының әлде ауасы мен суының ерекше бір қасиеті бар ма – бұл тылсым құпияның сырын ешкім білмейді. Негізі, ауылда егіздердің тууы Кеңес өкіметі уақытынан бар. Оған дейін де болуы мүмкін, – дейді ауылдық округтің әкімі Сағынай Сүндеталин.
Әкімнің айтуынша, Тағылда 1955 жылдары егіздер көп туыпты. Ол кезде құрсақ көтерген әйелдердің көбі екі баладан босана берген көрінеді. 1980 жылдары егіздер тағы көбейіп, одан кейін біртіндеп саябырсып барып тоқтайды. Араға ширек ғасырдай уақыт салып, екі мыңжылдықтың алғашқы онжылдығында жұмбақ құбылыс тағы қайталанады.
– Егіздердің ұлты да әр түрлі. Қазақ, орыс, украин, неміс, башқұрт, татар, әзербайжан бар. Бұл өзі Тағылға Тәңірдің берген сыйы болып тұр. Ал енді ауылда егіз бала тумағалы он бес жылға жуықтады. Тағы бір 5-10 жылдан кейін Тағылда егіздер шілдеханасы көбейеді деп болжауымызға болады, – дейді әкім.
Бір кездері ғалымдар «Тағыл құбылысының» сырына үңіліп, зерттеу жүргізеді екен деген сыбыс шыққан екен. Алайда осы уақытқа дейін ауылға ат ізін салған ешкім болмапты.
Ауыл әкімі 28 егіз, 56 перзенттің барлығының аты-жөнін жатқа біледі. Ең кішілері 7-сыныпта оқиды деп отыр. Олардың барлығы да тәртіпті, зерделі, қағілез балалар екен.
Тағылдағы Шықтыбаевтар әулетіндегі егіздер еліміз тәуелсіздік алған жылы дүниеге келіпті.
– Біздің тұқымда бұрын-соңды егіз болған емес. Бірақ 1991 жылы келініміз Данияр, Бақтияр есімді егіз бала тапты. Екеуі де оқуда озат, қатарларының алды болып ержетті. Бүгінде отыздан асты. Қазір басқа ауылда жұмыс істейді. Жалпы, бұл ауылдың келіндерінің егіздеп бала табуы кездейсоқтық емес, – дейді Мәлік қария.
Егіз қыз тәрбиелеп отырған Ольга Колчанова да Тағылда беймәлім бір тылсым күш бар екеніне кәміл сенеді.
– Людам мен Лизамның құрсағыма бітуіне осы өлкенің тылсым күшінің әсері болды. Өйткені менің де, жолдасымның да тұқымында егіздер болмаған. Жарық дүниеге келгелі екеуі бір-бірінен бір елі ажырамай, өзара қамқор, тату болып өсті. Қазір 34 жаста. Жалпы, біздің ауылдағы көп үйде егіздер тұрады. Көшеде қатар кетіп бара жатқан егіз балалар жиі кездеседі. Бұл біз үшін үйреншікті көрініске айналған, – дейді Ольга Колчанова.
Аудан орталығы Сарыкөлдің іргесінде, темір жолдың бойында жатқан шағын ауылда бүгінде 1 040 адам тұрады.
Қостанай облысы