Өнер • 16 Маусым, 2022

Қара тон

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қара шапан –
Жауында әкем, сауында шешем киген,
Сол шапанның қойнына шекер де үйгем.
Жамау-жамау біз көрген балалықтай,
Қайда қалды шапаным көшерде үйден?». Жас ақын Ерік Нарынның осы өлеңі картинадағы бояумен үндесетін секілді. Бір детальмен-ақ тірліктің қасіретін көрсету, оны жүрекпен сезіну қиын дүние. Бірақ жан толғанысыңыз түс болып төгілгенде кенеп бетінде еркін қалықтайсыз.

Қара тон

Ақ қағаз бетінде көмір мен соусты қолдану арқылы кес­кіндеме өнерінен құпия із­деген жас суретші Әсемқұл Бей­біт­тің шығармашылығы ерек­ше. Қа­рапайым тәсілмен орын­дал­ғанына қарамастан, графика па­рақтарында қылқалам иесінің эмоционалдық күйзелісі мен ішкі жан-тебіренісі бай­қалып тұрады.

Суреткер композицияны ұтым­ды шешу үшін, форманы қа­лыптастыруға ерекше мән бе­ре­ді. 2015 жылы жазылған «Қара тон» туындысы сөзімізге дәлел. Шы­ғармада қара тон жамылып, ұйық­тап жатқан әйел адам бейне­ленген. Мұнда өмірдің азабы ауыр ұйқымен астасып жатыр. Ана­ның қара тонды жамылып сырт­қы дүние­ден оқшаулануы, өзін шектеуі, қор­ғануы, сонымен бір­ге дәр­менсіздігі байқалады.

Қара тон – шаршап-шал­ды­ғудың белгісі. Ұйқы – бұл кез келген адамның бір уақытқа тұйықталуы, құпиялануы. Суретші композицияны жо­­ғар­ғы нүктеден алып жазған. Яғни кеңістікте тереңдік қа­лып­­­тас­пай, керісінше, жазық­тық бетіндегі формалар ақ қа­­ғаз бетінде ойнап, көлем қалып­тастыра түскен. Мысалы, тон­ның астындағы адамның дене пішіні, тонның жеңдерін жазуы. Бар-жоғы қос түс әрі түрлі штрих­тың өзара күрделі байланысы арқылы әр заттың, фор­маның көлемі нанымды бей­неленген. Бақсаңыз, компози­ция­дағы кішігірім детальдар да қарапайым шешілген. Жерге төселген алаша және жас­тықтар бірнеше жолақпен өрілген. Шәркейі – бұл үйдің жайлылығын білдіреді. Ол өзінің әлемі, әйел адамның жеке кеңістігі.

Автор бұл жұмысты жылдам тамашалауға емес, асықпай суретшінің қимылымен, ойы­мен шарпысып, оның бояумен баяндалған қарапайым сюжетін көруге асығады. Қан­ша жерден қарапайым болса да, мейірімділік, махаббат сезімдері арқау болған шығарма елең еткізбей қоймайды. Сурет­ші өзінің жеке әлемін жасау арқылы, жалпы, өмірдің философиясын ұғынуға тырысады.