Қоғам • 17 Маусым, 2022

Орташа жалақы көлемі – 285 мың теңге

858 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ресми статистика бойынша жыл басындағы Қазақстандағы орташа айлық жалақы 285 мың теңге болды. Әрине, айлығы шайлығына әрең жететін халық бұған сенгісі жоқ. Бірақ Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елімізде орташа айлық көлемі расымен сондай деңгейде екенін нақтылап айтты.

Орташа жалақы көлемі – 285 мың теңге

«Орташа жалақы Қазақстанда қанша?» деп сұраған журналистің сауалына жауап берген министр: «Ресми статистикалық дерек бойынша, орташа жалақы көлемі – 285 мың теңге. Бұған мен сенемін де. Өйткені Қазақстанда әртүрлі салалар бар, онда жұмыс істейтін түрлі лауазым өкілдері бар. Кейбір мамандар 1 млн теңге жалақы алса, енді бірі төменгі жалақы алады. Солардың орташа деңгейін есептегенде орташа айлық көлемі 285 мың теңгені құрайды», деді.

Расымен, орташа жалақы көлемі 285 мың теңге дегенде бұл жұмыс істейтіндердің бәрі осындай айлық алады дегенді білдірмейді. Экономистердің айтуынша, орташа айлық жалақыны есептеудің өзіндік әдістемесі бар. Бұл жерде халықаралық талаптар да ескеріледі. Орташа номиналды жалақы көлемін есептер кезде статистика мамандары әртүрлі салалардағы мекемелер мен кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың еңбекақыны төлеу жүйесін, сыйақылар көлемін, түрлі саладағы мамандардың жалақыларын қоса есептеп, орташа айлық көлемін шығарады.

Жалпы, былтыр орташа жалақы көлемі 250 мың теңгені құраған. Лауазымды тұлға­лар мен жетекшілердің, мемлекеттік қызмет­кер­лердің жалақысы 448 мың теңге болса, ауыл шаруа­шылығы мамандарының айлығы орташа есеппен 146 мың теңгеге жетер-жетпес болған.

Ал биыл елдің ең төменгі жалақы алатын аймағындағы көрсеткіштерді алып, жалпы, еңбекке қабілетті адамдарға шаққанда жалдамалы жұмысшылардың орташа айлық жалақы көлемі 285,4 мың теңгені құрап, жалақының сатып алу қабілеті бір жылда 12,7%-ға өскен.

«Ел өңірлері бойынша есептесек, ең көп жалақы алатын өңір – Батыс Қазақстан, оның ішінде Атырау облысында жалақы көлемі 406,2 мың теңгені құрады. Ең аз айлық – Солтүстік Қазақстанда, онда орташа айлық 187,5 мың теңге көлемінде», деп хабарлайды finprom.kz сайты. Соның ішінде ең көп жалақы алатындар – Маңғыстау облысы (349,5 мың теңге) мен елорда (344,7 тыс мың) тұрғындары.

Бұрын отбасында ер азаматтар көбірек «мал тапқыш» болса, қазір әйелдер де олардан қалыспай, айлық алады. Айталық, 2008 жылы әйелдердің орташа айлық табысы ер­лерге қарағанда 36,2%-ға төмен болса, 2009 жылы 30,5%-ды құраған. Ал 2020 жылы ер азаматтар мен әйелдердің айлық айыр­машылығы 25%-ға дейін қысқарған. Былтыр қазақстандық әйелдердің орташа номиналды жалақы көлемі ерлерге қарағанда 21,7%-ға ғана төмен болған.

Ерлер мен әйелдердің жалақы айырма­шылығы демекші, 2019 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 18 қыркүйекті «Халықаралық тең еңбекақы күні» деп жариялағаны белгілі. Бұл дегеніңіз ұйымға мүше 193 мемлекет атынан халықаралық қоғамдастық жалақы бойынша гендерлік алшақтық проблемасымен де айналысатынын білдіреді. Халықаралық оқиғалардың күнтізбесінде пайда болған жаңа еңбекақы күнінде ерлер мен әйелдердің орташа табысындағы айырмашылық пайызбен өлшенетін болып белгіленген еді. Ендігі мәселе, БҰҰ мәліметінше, гендерлік алшақтықты теңестіру. Өйткені бұл көрсеткіш әйелдердің экономикадағы жағдайын бағалау үшін де қажет. Алайда 2021 жылы өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда жалақы мәселесіндегі жаһандық гендерлік алшақтықты жою үшін кемінде 268 жыл керек екені айтылды.

Дегенмен де айлық табыстағы алшақтық әр елде әртүрлі. Мысалы, finprom.kz ресурсының хабарлауынша, экономикалық белсенділігі мен мүмкіндігі жағынан Қазақстан әйелдері 156 елдің ішінде 47-орынды алады.

Ал еліміздегі ер азаматтардың орташа айлығы былтыр 281,2 мың теңгені құраған. Кейбір өңірлерде әйелдердің жалақысы ерлерден анағұрлым төмен. Әсіресе мұнайлы аймақтарда әйелдер аз жалақыны қанағат тұтса, керісінше Алматы облысында әйелдер қауымының айлығы көбірек екен.

Қазақстанда жалақы көп алатындар мем­лекеттік мекемелердің басшылары мен қыз­меткерлер болса, одан кейінгі орында өндірістік орындардың мамандары тұр. Ал арнайы мамандығы жоқтар мен фермерлер, ауыл және орман, балық шаруашылығы саласында жұмыс істейтіндер – ең төменгі жалақы иелері.