Қоғам • 17 Маусым, 2022

Ардагерлерге газет жаздырып берді

390 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында кәсіпкер 30 адамға демеушілік көр­сетіп, «Егемен Қазақстан» және «Казах­станская правда» газеттерін жаздырып берді.

Ардагерлерге газет жаздырып берді

Теректі ауданына қарасты Ақсуат ауылын­да тұратын 30 еңбек ардагері мен тыл еңбеккері 2022 жылдың екінші жарты­жыл­дығында «Егемен Қазақстан» және «Казах­станская правда» газеттерін алып тұратын болды.

– Жасыратыны жоқ, газет-журналды тұрақты жаздырып алып, үзбей оқитын – аға буын ата-әжелеріміз ғой. Біздің ауылда да еліміздің бас басылымының оқырманы аз емес. Қазір жүріп жатқан баспасөзге жазылу науқанында газет оқырмандарының қатары тағы 30 адамға толықты. «Жайық Сити» компаниясының директоры Мереке Молдағалиев ауыл ардагерлері үшін 20 дана «Егемен Қазақстан» және 10 дана «Казахстанская правда» газеттеріне жазылып, пошта құнын көтеріп алды, – дейді Ақ­суат ауылдық округінің әкімі Жаннұр Ахметов.

Ардагерлердің газетке жазылғаны туралы түбіртекті ауыл басшысы қарияларға өзі таратып шыққан. Еңбек ардагерлері Тоқтамыс Дәукенов, Талап Әжібаев, Сайын Идашев, Майдан Досаев және басқаларының ризашылығында шек жоқ. Олар жомарт кәсіпкер Мереке Қонысбайұлына, осынау игі іске мұрындық болған ауыл басшысы Жаннұр Бекбауұлына алғыс айтуда.

– Бұл өте дұрыс бастама екен. Әлеуметтік желілерді пайдалана бермейтін ардагер қауым үшін газет-журналдың маңызы ерекше ғой. Осыны ұйымдастырған балаларыма рахмет, – дейді еңбек ардагері Сайын Идашев.

Бұрын ауыл әкімдігінде қызмет еткен Сайын ақсақал еліміздің ең басты оқиғалары, мемлекеттік саясаттың басты бағыт­тары дәл осы бас басылымдарда бүкпесіз жазылатынына сенімді.

 

Батыс Қазақстан облысы