Екібастұз қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің хабарына қарағанда, өткен жылы “Жол картасы” бағдарламасы бойынша қалаішілік жолдарды жөндеуге 800 миллион теңге қаржы бөлінген. Тозған лифтілер іске қосылып, ескірген подъездер жаңарып қалды. Бұл мақсат жергілікті әкімдіктің жыл бойына қабылдаған бағдарламалары мен арнайы кешенді іс-шараларының нәтижесі деп бағаланды. Бұдан ары қарай атқарылған көптеген жұмыстардың тізбесі елімізде жүргізілген “Жол картасы” бағдарламасына орай жалғасын тапты.
Кеншілер қаласында, өндірісті өңір болғандықтан, жұмыс аз емес. Жүзеге асырылатын жоба да, жоспар да көп. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің хабарына қарағанда, бір ғана “Жол картасы” бағдарламасы бойынша қала мен ауылдарда 79 әлеуметтік сала мекемелері іске қосылып, осы іс барысында 2,5 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туса, 2449 жұмыссыз 71 кәсіпорынға әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа тұрыпты. Қала әкімдігі “Жол картасы” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында, ең бастысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына баса назар аударды. Қалаға қарасты ауылдық аумақтарды сумен қамтамасыз ету қайта жаңғыртылса, бұл үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 1 млрд. 861 миллион теңге, соның ішінде “Жол картасы” бойынша 955 миллион теңге бөлінді. Ұзындығы 20,8 шақырым болатын су-арна желілерін пайдаланатын 10 мекеме, 146 көп қабатты тұрғын үйдің ыстық және суық сумен жабдықтау жүйелері жөнделді.
Сонымен қатар, 18,8 шақырым болатын аудандық маңызы бар ГРЭС-1 – Төртүй–Тай ауылдары аралығы, ГРЭС-1–Басқамыс ауылы жолдарына жөндеу жүргізілді. Қаланың Железнодорожная, Ә.Марғұлан, Энергетиктер, С.Торайғыров, Д.Қонаев атындағы көшелері жөнделді. Өткен жылы 63 лифтіге күрделі жөндеу жүргізілді, 12 лифт жаңадан құрылды. Бос қалған 23 үйдің 3-уі қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Ал, қазіргі таңда “Бисет и К” серіктестігі Энергетиктер көшесі №36 үйдегі тоғыз қабатты үйді қалпына келтіруде. Биылғы жылы “Жол қартасы” бағдарламасы аясында 3 мектепке 70,0 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілетін болса, 295, 8 миллион теңгеге қаланың ұзындығы 4,8 шақырым болатын шеткері көшелерін және су-кәріздік желілерін жөндеу жұмыстары ары қарай жалғасады.
Фарида БЫҚАЙ,
Павлодар облысы.