Аймақтар • 19 Маусым, 2022

Сабантой – ізгі тілек, ақ ниеттің құндағындай

696 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс орталығының іргесіндегі Бұқпа тауының баурайында татар мен баш­құрт халқының ұлт­тық сабантой мейрамы аталып өтті. Мәнді шара барысында Татар­станның Президенті Рустам Миннихановтың құттықтау ха­ты оқылып, қияндағы Қазан қаласынан келген өнерпаздар әуелете ән салып, би биледі.

Сабантой – ізгі тілек, ақ ниеттің құндағындай

Бұқпа тауының баурайы түкті кілемдей құлпырады. Мейрамға жиналған халықтың көңілі де табиғаттың осы бір тамаша шағы тәрізді бүрленіп, алқызыл гүлмен көмкергендей. Ел көңілі көтеріңкі. Бір-біріне той құтты болсын айтысып, ізгі тілектерін білдіруде. Көкшетау қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері, ел ағасы Рашид Гайнуллин ақсақалдың айтуына қарағанда, сабантой сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан ұлттың ұлағатты мейрамы. Негізгі мәні көктемгі егісті тыңғылықты аяқтаған соң, арқаларынан ауыр жүк түскендей, жауапты маусымды еңсерген ел бір жадырап қалмақ. Қаһарлы қыстан аман өткен, ел ырыздығының негізі қаланған, жадыраған жазбен қауышқан шақта барша жұрттың басы қосылып, арқа-жарқа болып той тойламақ. Жай ғана той емес, бейбітшілік сүйгіш адамзат баласының еңбек мерекесі іспетті. Ертеректе алдынан жұмыс үркіп отыратын еңбек озаттарын құрметтеп, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде көрсеткен. Достықтың алтын арқауын бекіткен. Қоңсы қонған көршілес ағайынмен тату-тәтті тірліктің бедері бейнелі берекелі шағын баянды етудің барысы қарастырылған. Әлбетте, ұлттық өнердің өрісі, жан жадыратар жылы шуағы ұмыт қалмайды. Сондай-ақ ер жігіттің ерлігі сынға түсер спорттық ойындар да ұйымдастырылмақ.

Алдымен облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов өңірде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақпен күн кешіп жатқан жүздеген ұлт өкілдерінің ішінде өзге жұрт тәрізді татар мен башқұрт халықтарының да ұлттық болмысы сақталуына қамқорлық жасап жатқандығын, ештеңеден кенде еместігін айтып өтті.

– Татар-башқұрт халықтары тағдыр­лас, ұлттық салт-дәстүрі өте ұқсас ел, – де­ді облыстық татар-башқұрт қоғам­дық бірлестігінің басшысы Рафаил Сул­карнаев. – Бүгінгі Көкше­нің бау­райын­дағы сабантойға сонау Қазаннан Татарстанның еңбек сіңірген әртісі Эль­мира Ахматова мен Татарстанның респуб­ликалық жә­не халықаралық бай­қау­ларының жеңім­пазы, белгілі әнші Ильназ Гараев келіп көпшілік көңілін көтеруде. Жергілікті «Ғалиябану» ансамблі де өз өнерлерімен той шырайын келтіруде. Біз қай жерде жүрсек те, қай елді мекен етсек те ұлтымыздың ұлық қасиетін сақтауға ұмтыламыз. Соған мүм­кіндік туғызып, қамқорлық жасап отырған қазақ еліне мың алғыс. Біз бүгін­де бір атаның баласы тәрізді бір-бірімізге бауыр басып, біте қайнасып кеттік.

Мейрам барысында мейман­дарға татар-башқұрт халқының дәмі тіл үйіретін ұлттық асы ұсынылып, балуандар белдесіп, ептілер бағана басына шығып, неше түрлі ойын-сауық өткізді.

– Көршіміз татар отбасы болған соң біз де мейрамдарын көріп, тамашалауға келдік, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Нұрлан Алпысбаев. – Жалғыз мереке күндері ғана емес, өмірдің барлық сәтінде де біргеміз ғой. Тілі де түсінікті, тілегі де белгілі. Сіз, біз деп сыйласып күн кешіп келе жатырмыз. Ұлттық мерекелерінің мәніне қарасам, елге ырыздық тілеген, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін тұсы мол екен. Демек сабантой қосыла соққан әр жүректен өрілетін ізгі тілек пен ақ ниеттің құндағы іспетті іс-шара екен ғой.

Бұқпа баурайы мерекелік көңіл күймен алаулап тұрды. Тағы­лымы мол той үстінде жа­рас­қан бір­ліктің, жарасымды тір­ліктің тыны­сы атой салғандай. Жүздеріне күл­кі үйірілген ағайын­ның ақ тілегі уыздай уылжып, жан жадыратады.

 

Көкшетау